Басты бет » Денсаулық » Медициналық сақтандыру — уақыт талабы

Медициналық сақтандыру — уақыт талабы

Ақтөбе қаласындағы №6 қалалық емханасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне байланысты көптеген жұмыстар жүргізілді. Осы уақытқа дейін емханамызға 32 433 адам тіркелді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі — денсаулық сақтау саласында халықтың мүдделерін әлеуметтік қорғау.

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың моделін таңдау кезінде 50-де астам елдің тәжірибесі қаралып, ескерілген. Қазіргі таңда денсаулық сақтауды қаржыландырудың үш негізгі моделі басым болып саналады. Олар: бюджеттік, сақтандыру және аралас. Бірақ көптеген елдер «бюджеттік» және «сақтандыру» модельдерін араластырып қолданады, себебі бұл әдіс өзінің тиімділігін дәлелдеді.

Қазақстанда әлемнің үздік тәжірибелері ескеріле отырып, медициналық сақтандырудың аралас моделі енгізілді. Мұның арқасында денсаулық сақтаудың қаржылық тұрақтылығы сақталады. Медициналық қызметтердің сапасы арта түседі және қолжетімді болады.

Төмендегі санаттардағы адамдар медициналық сақтандыруға автоматты түрде қатысушы болады:

1) балалар;

2) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;

3) Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оның мүгедектері;

4) мүгедектер;

5) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;

6) интернат ұйымдарында білім алып және тәрбиеленіп жатқан адамдар;

7) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ резидентурада, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар;

8) аяғы ауыр әйелдер, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;

9) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, сондай-ақ бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) іс жүзінде тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;

10) зейнеткерлер;

11) арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;

12) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар;

13) уақытша ұстау изоляторларындағы және тергеу изоляторларындағы адамдар.

Әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жарналарды төлеуден босатылады, бірақ ведомстволық желінің мекемелерінде медициналық қызметті алуды жалғастырады.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР қолданыстағы Заңына сәйкес, әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы бюджеттік және басқа да қаражаттың қаржылық ағымдары бойынша бірыңғай операторы болып табылатын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы  коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы аударымдар мен жарналардың төлемі жүргізілетін болады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында халық сапалы медициналық көмекке, денсаулық сақтауға жұмсалатын жекелеген (өз қалтасынан жұмсайтын) шығындардың азаюына қол жеткізе алады.

Мұңалбек ЖАЗЫҚОВ,

№6 қалалық емхана

бас дәрігерінің орынбасары.

Ақтөбе қаласы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*