Басты бет » Басты жаңалықтар » Мереке күні Ақтөбеде жаңа өндіріс орындары ашылды

Мереке күні Ақтөбеде жаңа өндіріс орындары ашылды

Астана күнінде Ақтөбеде жаңа өндіріс орындары іске қосылды. Кәсіпорындардың ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Алдымен облыс басшысы облыс орталығындағы «Каспий плюс» ЖШС-на барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Мемлекет басшысының импортты алмастыру бойынша тапсырмасын жүзеге асыру аясында тау-кен игеру өнеркəсібі үшін бекіту өнімдерінің бірнеше түрін шығаратын кәсіпорын мереке қарсаңында металл өңдеу желісін кеңейткен.

  • Бұрын мұндай бекіту өнімдері тек Ресей, Украинадан шығатын. Қазір бізде шығып жатыр. Біздің кәсіпорынға «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Ембімұнайгаз», тағы басқа компаниялар тапсырыс береді. Бүгінгі күні біздің кәсіпорында 30-дан астам адам жұмыс жасайды. Алдағы уақытта өндіретін өнімді көбейтсек, тағы да жұмысшылар аламыз, — дейді «Каспий плюс» ЖШС директоры Жандос Пангереев.

Еліміз бойынша тау-кен өндіру өнеркәсібі үшін бекіткіш құралдар өндірумен айналысатын жалғыз кәсіпорын алдыңғы қатарлы инновациялық технологияны пайдаланады. Өндіріс орнының барлық өнімі жергілікті мазмұндағы жоғары үлесі бар СТ-KZ сəйкестендіру сертификатына ие.

Мереке күні іске қосылған өндіріс орнының бірі — «Ақтөбе» индустриалдық аймағында орналасқан, əйнек жуғыш сұйық, антифриз жəне пластик өнімдерін шығаратын «Ақтөбе TOPSA Пласт» ЖШС-ның цехы.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты — жылына екі мың тонна. Болашақта цех химиялық реагенттер, цемент ерітіндісі мен бетондар үшін аязға қарсы қоспалар, сондай-ақ пластикалық канистр өндірілмек. Бүгінгі күні кәсіпорында 15 адам жұмыс жасайды.

Кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсімінде Бердібек Сапарбаев жиналғандарды Астана күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

  • Бүгін барлығымыз үшін ерекше күн. Биыл Астананың елорда болғанына 19 жыл. Осы уақыт аралығында Қазақстанды елордамыз арқылы барлық әлем таныды. Бүгін, міне, мереке күнінде біздің облыста жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр. Бұл кәсіпорын аз уақыт ішінде іске қосылды. Сондықтан кәсіпорынның жұмысына табыстар тілейміз, — деді облыс басшысы Б.Сапарбаев.

Бұдан кейін «Ақтөбе TOPSA Пласт» ЖШС құрылтайшысы Асан Асанов сөз сөйлеп, жобаны жүзеге асыруда қолдау көрсеткен облыс басшысына, сондай-ақ салтанатты шараға келген азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді.

Салтанатты лента қию рәсімінен соң облыс басшысы цех жұмысымен танысып, шығарылып жатқан өнімдерді көрді.

Астана күнінде балаларға арналған алаңдарға төселетін спорттық және өзге де қауіпсіз төсеніштер шығаратын «TALAN Technology» ЖШС-ның зауыты іске қосылды.

Аталған кəсіпорынның өндірістік қуаты — жылына 45 мың шаршы метр. Бұған дейін кәсіпорын сынақ жүзінде іске қосылып, құны 1 млрд теңге болатын 588 тонна резеңке үгінділерін өндірген. Зауытта 35 адам жұмыс жасайды. Жоба құны — 1,1 млрд теңге.

  • Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмаларының бірі — шағын және орта бизнесті дамыту. Осы мақсатта біздің өңірде индустриалдық аймақ құрылды. Қазір осы аймақты игеру үшін 6 инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Бүгін, міне, екі кәсіпорын өз жұмысын бастады. Ал «TALAN Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келетін болсақ, бұл кәсіпорынның өнімдері бүгінгі күні облыс орталығындағы спорт алаңдарына қолданылуда. Сондықтан алдағы уақытта зауыт өнімдеріне деген қажеттілік арта түседі деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан компанияны әрі қарай қолдайтын боламыз. Бүгінгі шаралардың барлығы Астана күніне арналады. Сондықтан баршаңызды тағы да мерекемен құттықтаймын! — деді Бердібек Сапарбаев.

Құттықтау сөзінен кейін облыс басшысы зауытты іске қосты. Ал «TALAN technology» ЖШС бас директоры Василий Лагизов облыс әкіміне алғысын білдіріп, жиналғандарға мерекелік тілегін жолдады.

Облыс басшысы зауытты аралап, жұмыс барысымен танысты.

Айта кету керек, «TALAN technology» ЖШС шығаратын қауіпсіз төсеніштердің екі түрі бар: резеңке плитка және сығымдалған төсеніш. Резеңке плитка балалар алаңына арналған. Олар балалар құлағанда олардың жарақат алмауына арналып жасалған. Ал сығымдалған төсеніштер сквер, жаяу жүргіншілер жолына арналған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*