Басты бет » Басты жаңалықтар » Аудандардағы Астана күні мерекесі

Аудандардағы Астана күні мерекесі

Алға

 ШАБЫТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Астана күніне орай Алға ауданының  орталығындағы Мәдениет және демалыс саябағында мерекелік шаралар өтті.

Алға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бекжан Аппазовтың хабарлауынша,  Астана күні мен  Елордада өтіп жатқан халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай  Алға қаласындағы мәдениет және демалыс саябағында  Жастар форумы  өтті. «Астана — елдің жүрегі» атты баннер алыстан көзге түседі.

Саябақтағы салтанатты жиында Алға ауданы әкімінің міндетін атқарушы Гүлнәр Сисенова  әр салада көзге түсіп жүрген белсенді 15 жасты марапаттады. Аудан әкімінің қоғамдық кеңесшісі Қайрат Қазмағамбетовке Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальді тапсырды.

Содан соң «Нұр Отан» партиясының аудандық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Мейірлан Жалғасбаев  партия қатарына 7 жасты қабылдады.

Одан әрі Мәдениет үйінің өнерпаздарының концерті болды. Астана туралы әндер әуеледі. Мың бұралған бишілердің өнері  алғалықтарды бейжай қалдырмады.

Күндіз жастар «Жастық жігер» шығармашылық орталығы қолөнер шеберлерінің және  аудандық кітапхана ұсынған ЭКСПО-ға арналған көрмелерді тамашалады. Шілденің 5-6 күндері ерлер мен әйелдер арасында волейболдан екі күндік турнир өтті.

Астана күнін алғалықтар осылай қарсы алды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 Әйтеке би

 ЭТНОЛАГЕРЬ АШЫЛДЫ

Әйтеке би аудандық «Целинник» мәдениет үйінің алаңында Астана күні және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай мерекелік концерттік бағдарлама өтті.

Кеште аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Мулкаев жұртшылықты Астана күні мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі мен «Ең үздік байланысшы» төсбелгісін тапсырды. Мерекелік кеште «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылданған оннан астам адамға партия билеттері табысталды.

Концерттік бағдарлама барысында аудандық Мәдениет үйінің әншілері, ауданның өнерлі жастары, сондай-ақ Аралтөбе, Ақкөл, Аралтоғай, Толыбай елді мекендерінен келген өнерпаздар ән мен биден шашу шашты. Аудандық кітапхана ұжымы жұртшылыққа қызықты кітап көрмелерін ұйымдастырды.

Сонымен қатар бұл күні аудандық білім бөлімінің ұйытқы болуымен этнолагерь ашылды. Аудан орталығындағы музей мен кітапхана орталықтарында қызықты байқаулар мен мерекелік шаралар өтті.

Концерт соңы мерекелік отшашу мен би кешіне жалғасты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 Байғанин

МЕРЕКЕ КҮНГІ МЕЙІРІМ

Астана күні мерекесі Байғанин ауданында да кең көлемде тойланды. Аудан орталығы — Қарауылкелдідегі Мәдениет үйі алаңында аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен «Елімнің жүрегі — Астана» атты мерекелік іс-шара өтті. Шара барысында жазғы демалысты лагерьде өткізіп жатқан балаларға арналған сурет байқауы ұйымдастырылды. Спорттық жарыстар өтті.

Кешкілік ауыл тұрғындары орталық саябаққа жиналды. Олар аудандық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен өткізілген «Аялаған Астана» атты  мерекелік концертті тамашалады. Жас кәсіпкер Жандарбек Әденов мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды ойын алаңдарында тегін ойнатты. Лагерьде демалып жатқан балаларға балмұздақ тегін таратылды.

Айта кету керек, мереке ауданға қарасты 8 ауылдық округте де тойланды.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

 Қарғалы

 КӨТЕРІҢКІ КӨҢІЛ-КҮЙМЕН

Астана күні мерекесінде қарғалылықтар аудан орталығындағы стадионға ұйымшылдықпен жиналды. Әсем киінген ата-әжелер кішкентай немерелерін жетектеп алған. Жастар жағы жарасымды киініп, бір-бірімен әдемі әзілдеседі. Олардың көңіл күйлерінің көтеріңкі болуына дауыс күшейткіш арқылы беріліп жатқан әсем ән ырғақтары да әсерін тигізуде.

Аудан әкімі Рахат Сыдықов жұртшылықты мерекемен құттықтап, бүгінде әлемге танылған Астананың кешегісі мен болашағы туралы әңгімеледі.

Содан кейін «Нұр Отан» партиясы қатарына бір топ жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі болды. Олардың қатарында Бадамша селолық округінің маманы Жанар Бекбауова, Әлімбетов селолық округінің әкімі Төлеген Жаналин, халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Раушан Қапиева, аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Бауыржан Алпысбаев, «Ғиззат» шаруа қожалығының жетекшісі Валихан Ғиззатов бар.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жергілікті тұрғындар үзіліссіз келіп жатты. Бұл күні сегіз селолық округтің кәсіпкерлері өздерінің шаруашылықтарында өндірілген өнімдерді көпшілікке ұсынды. Қосалқы шаруашылықтар да жәрмеңкеден тынс қалған жоқ. Астана күні мерекесіне орай «Надежда» шаруа қожалығының басшысы Данияр Сисенғалиев 200 басқа арналған екінші мал шаруашылығы базасын ашты.

Мереке құрметіне спорттық шаралар кеңінен ұйымдастырылды. Оған ауыл спортшылары көптеп қатысты.

Кәмшат ЖҰМАҒАЛИЕВА,

Қарғалы ауданы.

Қобда

ҚОБДАДА АСТАНА КӨШЕСІ БАР

Қобдалықтар Астана күнін көтеріңкі көңіл күймен атап өтті. Бұл күні жергілікті тұрғындар негізінен аудандық Мәдениет үйі алаңына жиналды. Мұнда таңертеңнен сауда-саттық ұйымдастырылды, басқа да мәдени-көпшілік шаралар өз деңгейінде жүргізіліп жатты. Балалар суреті байқауы жиналғандардың қызығушылығын тудырды. Жас талап суретшілер Тәуелсіздік күні, Астана, бейбітшілік тақырыптарын өз туындыларының арқауы етіп алған.

Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет алаңға жиналғандарды Астана күнімен құттықтап, еліміздің бас қаласының бүгінгі қол жеткізген биіктері, онда өтіп жатқан ЭКСПО туралы айтып өтті. Сондай-ақ өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ілгерілеулердің негізі Астанадан бастау алып жатқанын жеткізді.

Бұл күні жергілікті стадионда мекемелер арасында футболдан жарыс өтіп, оған жастар ынтамен қатысты.

— Қобда селосындағы Астана көшесінің тұрғындары айтулы мерекеге ерекше дайындықпен келді. Олар өздері тұратын үйлері маңын тазартып, жасыл желектерге күтім жасады, — дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Жұмағұлова.

 Н.ӘБДІЛДАҰЛЫ.

Мәртөк

ҚАЗАН АУЫЛЫНА ГАЗ КЕЛДІ

Астана күнін тойлау Мәртөк ауданында  аудандық Достық үйінің алаңында өтті. Ол «Арайлы таңдай сұлу Астана» атты мерекелік шарадан бастау алды.  Осындай концерттер, салтанатты кештер мен түрлі меркелік шаралар ауданның барлық ауылдық округтерінде де болды.

Сондай-ақ Астана күні мерекесі аясында 6 шілде күні ауданда бірқатар нысандар пайдалануға берілді. Қоғамдық тәртіпті күшейту, учаскелік полиция инспекторларының қызмет ету жағдайларын жақсарту мақсатында аудан орталығында аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция пункті ашылды.

Бұл күні үлкен қуанышқа бөленген  Мәртөк ауылдық округіне қарасты Қазан ауылы болды. Бұл ауыл газ желісіне қосылды.  Бүгінгі таңда елді мекеннің 135 үйі мен ауылдағы негізгі мектеп көгілдір отынның қызығын көретін болады. Жалпы құны 134 млн теңгені құрайтын бұл  жоба бұдан 3 жыл бұрын қолға алынған болатын.

Бұл мереке ауданның Аққұдық ауылдық округіне қарасты Достық ауылы тұрғындарына да зор қуаныш сыйлады. Мұнда алғаш рет 40 орынға балабақша ашылды. Балабақшаны мемлекеттік тапсырыс аясында «Асан-Али» ЖШС-ы салды. Бұл балабақшаның өзгелерден ерекшелігі — балалар үш тілде тәрбиеленетін болады.

Сондай-ақ, мереке күндері аудан әкімінің кубогына бірнеше күнге созылған футболдан турнир өткізілді. Аудандық Достық үйінде татар-башқұрт халықтарының Сабантой мерекесі атап өтілді. Ауданның татар-башқұрт өкілдерін құттықтауға көршілес Ресейдің Ақбұлақ ауданынан татар қоғамы келді. Мереке концерттік бағдарламамен қоса, қонақтарға татар-башқұрт халықтарының ұлттық тағамдарын тартты. Сондай-ақ қол күрес, белбеу күрес, тартыс және гір тасын көтеру секілді түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды.

 А.ҚАЗЕКЕНОВ.

Мұғалжар

 «АСТАНА» АЛАҢЫНДА ӘН ҚАЛЫҚТАДЫ

Мұғалжар ауданының орталығындағы «Астана» алаңында Елорданың туған күніне орай аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен «Туған күніңмен, Астана!» атты акция өткізілді.

Акция барысында «Мерейлі мерекең құтты болсын, Астана!» атты мерекелік кеш ұйымдастырылып, аудан тұрғындары мен қонақтарына құттықтау ашық хаттар мен әуе шарлары таратылды.

Шарада аудан әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағамбетов тұрғындарды мерекемен құттықтады. Алаңға жиналған көпшілік аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлерінің дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Алаңда ән айтып, би билеген өнерпаздардың өнерін ыстық ықыласпен тамашалаған тұрғындардың қуанышында шек болмады.

Бұл күні сондай-ақ аудан орталығындағы орталық саябақта жастарға арналған «Астана — Қазақстан жүрегі» атты кеш өтті. Кеште аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Еркемай» студиясының балалары қойылым қойып, өнерлі жастар өнер көрсетті. Шара соңы би кешімен аяқталды.

А.АЙДАРОВА.

 Ойыл

 «ДОМБЫРА PARTY» ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Аудан жастары «Домбыра Party» ұйымдастырып, сол күні отау тіккен екі жас отбасының вальсіне қолдау көрсетті. Таңдай қақтырар мерекелік концерт отшашумен тәмамдалды.

6 шілде күні елордамыз — Астана күніне орай Ойыл аудандық орталық саябақта аудан әкімі Бұлбұл Күзембаеваның қатысуымен «Еңселі Елорда, асқақтаған Астана!» атты мерекелік шара өтті.

Шара барысында аудандық кітапхана кітап көрмесін ұйымдастырды. Аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Бірақ ауданның жастары бәрінен де ерекше көзге түсті. Осылайша, аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Домбыра Party» шарасында жастар басқосты. Сондай-ақ, Ойылдың жастары креативті #I♥KZ эмблемалық бейнемен флешмоб билеп, сол күні отау тіккен екі жас отбасының вальс биіне қолдау көрсетті.

Аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева аудан жұртшылығын мерекемен құттықтады да, шаңырақ көтергелі отырған жас жұбайларға арнайы естелік сыйлықтар ұсынды және бірқатар мекеме қызметкерлерін алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, Астана күні қарсаңында Азия сурдолимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Шаттық Дүйсенғалиев, мүмкіндігі шектеулі жан, жас кәсіпкер Әсел Байтурова сынды бес партия жақтастары «Нұр Отан» қатарына қабылданып, партия билеттерін алды. Шара соңы мерекелік отшашумен тәмамдалды.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

Темір

ЕҢСЕЛІ ЕЛОРДАҒА АРНАЛДЫ

Астанамыз бүгінде жас мемлекетімізді және халқымызды әлемге әйгілеп, алпауыт елдермен тереземізді тең еткен шын мәніндегі бас қалаға айналды. Сол бас қаламыздың мерекесі күні біздің ауданымызда да бірқатар іс-шаралар өтті. Соның бірі — аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен болған  «Астана — байтағымның бас қаласы» атты танымдық кеш. Мерекелік кешке аудандық кітапхана қызметкерлері, мұғалімдер, оқушылар, қалың кітап оқушы қауым қатысты.

Елордамыз Астана қаласының туған күні құрметіне «Астана — байтағымның бас қаласы» тақырыбы аясында көрермендерге Қазақстан Тәуелсіздігінің символы болып табылатын еліміздің басты қаласының қалыптасу маңыздылығы туралы баяндалды. Сонымен қоса, Астана күні мерекесі қарсаңында «Менің Астанам» атты деректі фильм көрсетілді. Мерекелік кеште «Туған жер» әнімен Құралай Құлынтаева концерт шымылдығын ашты.

Астана күні — балалардың сүйікті мейрамдарының бірі. Бұл күні оларға арналған кеш өтіп, балдәурен балалық шақ зор қуанышқа бөленеді.

Кеш оқушылардың Астанаға арналған әндерімен, өлең жолдарымен аяқталды.

Сондай-ақ орталық саябақта Астана күніне арналған «Еңселі Елорда, асқақтаған Астана» атты мерекелік концерт өтті. Шараға аудан әкімі Асқар Жүсібалиев, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты.

Мерекелік шарада ауданның өнерпаз жастары өз өнерлерін көрсетті.  Осы күні   денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Көңілді старт» эстафеталық жарысы өтті. Жарысқа қатысушы командалар жүгіру, қапшықпен секіру, арқан тартысы секілді спорт түрлерінен өзара сынға түсті.

Шара соңында жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

 Н.ХАЙРУЛЛА,

Темір ауданы.

Хромтау

60 ПӘТЕРЛІК ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ  

Хромтау ауданында Астана күні кең көлемде аталып өтті.

Хромтау қаласының орталық саябағында аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жайнай берсін Астана» атты мерекелік концерті өтті. Аудан әкімі Аманғали Бердалин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Астананың көркіне небір өркениетті елдерден келген шетелдіктер таңғалуда. Астана ең алдымен азаттығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуымыздың, қол жеткен табыстарымыздың, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі» деп атап көрсеткен сөздерін тілге тиек етіп, барша жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады. Артынша аудан өнерпаздары ұйымдастырған концерт, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің мұрындық болуымен өткен спорттық ойындар думанды кешті қыздыра түсті. Кір тасын көтеріп, асық атып, күресіп, білек күшін сынасқандар жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, шарада Хромтау қаласында «Ақбидай – 2017» ауыл спорт ойындарының аудандық кезеңі өз мәресіне жетіп, жеңімпаздарға  мақтау қағаздары мен медальдар табысталды.

Сондай-ақ, Хромтау ауданы әкімінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, Астана күнінде Хромтау қаласында салынған жаңа 60 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудан әкімі Аманғали Бердалин мен «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Марал Бекеев хромтаулықтарды мейраммен құттықтап, салтанатты түрде пәтер кілттерін табыс етті. Көп қабатты тұрғын үй Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысшыларына тиесілі. Тұрғын үйде 3 бөлмелі 18 пәтер, 2 бөлмелі 40 пәтер, 1 бөлмелі 2 пәтер бар. Жаңа қонысты иемденген тұрғындар жүрекжарды лебізін білдіріп, қуанышымен бөліскендерге алғысын айтты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 Шалқар

 АЛҒЫС ХАТТАР ТАПСЫРЫЛДЫ

Елорда мерекесіне орай Шалқар қаласының жұртшылығы орталық саябақ алаңына жиналып, аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертін, сурет және қолөнер көрмелерін тамашалады, спорттық ойындарға жанкүйер болды.

Мерекеге орай безендірілген үлкен сахнадан аудан әкімі Бауыржан Қаниев жиналған халықты бүкіл ғалам көз тіккен қала — Астана тойымен құттықтады. Еуропа мен Азияның қақ ортасында орналасқан Отанымыздың саяси ордасы Астана Елбасы көрегендігінің, даналығының, қажырлы еңбегінің арқасында бүкіл еліміздің мерейін асқақтатқан алаңға айналғанына тоқталды.

Мерекелік сәтте еліміздің гүлденіп дамуына өз үлестерін қосып жүрген еңбек ардагері Аманғали Төлебаевқа, аудан әкімі аппаратының инспекторы Дайрабай Өтешовке және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жарылқасын Шамбалаевқа Алғыс хаттар тапсырды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Алғыс хатына аудандық жер бөлімінің бас маманы Жалмұқан Өтеген ие болды.

Астана мерекесіне орай жиналған жұртшылыққа «Асқақтай бер, арман қала — Астана» мерекелік концерті мол әсер қалдырды.

 Қыдыралы ӘЛИН.

 Ырғыз

НҰРЖАНАТ — БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ

Елорданың туған күнін ырғыздықтар да тойлады. Бұл күні аудан орталығында  жастар мерекелік шаралар ұйымдастырды.

Мереке күні аудандық «Арай» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ару қала — Астана» атты мерекелік концерт өтті. Оған аудан әкімі Мәди Елеусізов қатысты. Аудан тұрғындарын Астана күнімен құттықтаған аудан басшысы мерекенің маңызы туралы айта келіп, ырғыздықтарға мерекелік құттықтауын жолдады. Шара аясында «Арайдың» өнерпаздары ән айтып, күй тартып, би биледі. Сонымен қатар шара аясында спорттық ойындар өткізіліп, балалар асфальтқа сурет салды.

Сондай-ақ бұл күні аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан жастарына арналған мерекелік кеш өтті. Кеште жастар өз өнерлерін көрсетіп, флэшмоб биледі. Оған 50-ге жуық жас қатысты.

Шарада 1-6 шілде аралығында «Туған күніңмен, Астана!» логотипімен инстаграм әлеуметтік желісінде жарияланған Астана күніне арналған «Үздік лайк — 2017» байқауына қатысқан жастар марапатталды. Байқаудың жеңімпазы Нұржанат Дәрменоваға аудандық жастар ресурстық орталығы атынан арнайы диплом мен естелік сыйлық табысталды.

Мерекелік шара соңы би кешіне ұласты.

 А.АЙДАРОВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*