Басты бет » Денсаулық » 20 жылдан кейінгі жүздесу

20 жылдан кейінгі жүздесу

Өткен жұма күні М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде аталған оқу орнының 1997 жылғы түлектерінің кездесу кеші өтті. Шараға оқытушылар, түлектер және студенттер қатысты.

Салтанатты жиында алғаш боп сөз алған университеттің проректоры Ғазиза Смағұлова жиналғандарды осынау атаулы датамен құттықтап, жылы лебізін білдірді:

— 1997 жылғы түлектер, өздеріңіз оқыған алтын ұяға қош келдіңіздер! Шын мәнінде, сіздердің оқыған, диплом алған, жалпы маман болып қалыптасу мезгілдеріңіз мемлекеттің енді-енді даму жылдарымен, тұспа-тұс келді. Сондықтан сіздер студент болған жылдары, кім-кімге болсын, әлеуметтік жағынан оңайға соққан жоқ. Ол кезде жалақы уақытылы төленбей, басқа да төлемдер кешіктіріліп, тұрмыстық жағынан өте қиын болды. Бірақ сіздер небір қиындықтарға қарамастан, соның бәрін жеңе білдіңіздер. Нағыз маман болып қалыптастыңыздар. Бұның өзі біле білгенге үлкенге жетістік.

Осында отырған адамдардың арасынан облыстың ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінің денсаулық сақтау саласына ерен үлес қосып жүрген дәрігерлерді көріп отырмын. Алыс-жақын шетелдерде Ақтөбенің атын асқақтатып жүрген университетіміздің 1997 жылғы түлектері бар. Барлығыңызбен қауышып отырғаныма, ешқайсысыңыздың  бір кездері оқыған білім ордасын ұмытпай, арнайы келгендеріңізге өте қуаныштымын. Біз сіздермен мақтанамыз. Сіздердің еліміздің даму жолында қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз үшін рақмет айтқым келеді. Сіздерге алдағы уақытта да зор жетістік, отбасылық тұрақтылық және мықты денсаулық тілеймін, — деді.

Дәрігерлерді даярлайтын университетті 1997 жылы 432 жас тәмамдапты. Олардың әрқайсысы ғылым жолында, түрлі медицина мекемелерінде, әкімшілік қызметте тер төгіп жүр. Сондай-ақ, университет түлектерінің арасында бүгінде Ресей, Украина, Беларусь, Германия, Чехия, Израиль сияқты мемлекеттерде еңбек етіп жүргендер де кездеседі.  Олардың бірқатары салтанатты шарада сөз алып, ақ тілегін ортаға салды. Биыл жоғары оқу орнын аяқтағанының 20 жылдығын тойлап жатқан бір кездердегі түлектердің арасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев те бар:

— Осыдан 20 жыл бұрын университетті бітірген курстастарымның жиналғанына қуанышым шексіз. Сол кездегі медицина академисиясын аяқтап, диплом алып, адам жанының арашасы болуды тынбай еңбек етеміз деп жан-жаққа аттанып едік. Енді, міне, бүгін солардың біразы қайта жиналып,  өткен күндерді еске алып отырмыз. Арада 20 жыл уақыт өте шығыпты.

Әрине, 20  жыл тарих үшін соншалықты көп уақыт емес. Бірақ бұл мерзім бір адамның қызмет жолындағы өте үлкен мерзім деп есептейміз. Осы уақытта көпшілігіміз бірталай жетістіктерге жетіп, талай жеңістерге куә болдық. Біздің осында алған біліміміз өмір жолымызда дұрыс қалыптасуымызға, жақсы маман болуымызға игі әсер еткені сөзсіз. Бізді оқытқан, тәрбие берген ұстаздарымызға алғысымызды білдіріп, оларға амандық тілегіміз келеді. Қанша жасты тәрбиелеп, білікті дәрігер болуына атсалысқан сіздерге — оқытушылар қауымына басымызды иіп, ризашылығымызды айтамыз.

Мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде оқығаныма шексіз ризамын.  Жыл сайын қарқынды дамып келе жатқан медицина саласының майталмандарына, әріптестеріме дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге береке, қашанда ақ жол тілеймін, — деді.

Шара барысында түлектерге сабақ берген медицина ғылымдарының докторы, профессор Болат Жаңабай да сөз сөйлеп, 20 жыл бұрын диплом алған студенттің әрқайсысы өзіне ыстық екенін, шәкірттеріне қашанда сәттілік тілейтінін атап өтті.

Түлектердің кездесу кешінде Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы да айтылды. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің тарихы 1957 жылдан басталады, КСРО жоғары білім министрлігінің осы жылғы бұйрығымен 1 қыркүйекте батыс және солтүстік-батыс Қазақстан аймағын жоғары білікті дәрігер мамандармен қамту үшін Ақтөбе мемлекеттік медицина институты ашылды. Алғашында тек қана «Емдеу ісі» мамандығы бойынша оқыту жүргізілді.

2000 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына осында 20 жылдан астам қызмет атқарған, экономика ғылымдарының докторы, танымал қоғам қайраткері, ҚР Мәжіліс төрағасы Марат Оспановтың аты берілді де, бұл жоғары оқу орны Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы деп аталды. Ал 2009 жылы ақпанда оқу орны университет статусын алды.

Университеттің жоғары оқу орнынан кейінгі білім құрылымында қазіргі таңда интернатура (8 мамандық), клиникалық ординатура (8 мамандық), аспирантура (9 мамандық), докторантура (6 мамандық) және біліктілік көтеру циклдары мен мамандарды қайта даярлау жүзеге асуда.

Бүгінгі күні университетте бес оқу-зертханалық ғимарат, оқу және компьютерлік бірнеше залы бар кітапханасы, интернет-класы, оқу және ақпараттық ресурстар орталығы, студенттерге және курсанттарға арналған үш жатақхана (біреуі шетелдік студенттерге арналған) бар. Студенттер мен университет қызметкерлеріне арналған бірнеше спорт залы, жүгіру-жаттығу алаңы, теннис корты, баскетбол және волейбол ойын алаңы, тренажер залы, шаңғы базасы бар. Университет құрамында ғылыми орталық, редакциялық баспа орталығы, тестілеу орталығы, ақпараттық технология қызметі, оқу-тренажерлік орталығы бар. Университеттің оқу бөлмелері арнайы компьютерлік кластарға бөлінген, оқу үрдісі біртұтас серверлермен қамтылып, локальды желіге қосылған. Ғаламдық интернет желісі тұрақты жұмыс жасайды. Университеттің жеке клиникалық емдеу орталығында Батыс Қазақстан аймағының тұрғындарына медициналық көмек жасалады. Ақтөбе қаласының тұрғындарына отбасылық медициналық клиника, стоматологиялық клиника, перитонит мәселелері бойынша республикалық орталық, аймақтық кәсіби-патология орталығы қызмет етеді. 2007 жылы алдыңғы қатарлы заманауи медициналық құрылғылармен қамтылған кардиохирургия орталығы ашылды.

Қазіргі кезде университеттің оқу, ғылыми және емдеу-диагностикалық ісін жүзеге асыру үшін 500-ден аса оқытушы еңбек ететін 70 кафедра мен курстар жұмыс жасайды. Бүгінгі күні профессорлық-оқытушылық құрамда ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, 2 ҚР ғылым және техникасына еңбегі сіңген қайраткер, 1 ҚР ҰҒА академигі, 5 ҚР МҒА академиктері мен корреспондент мүшесі, 40-қа тарта медицина ғылымдарының докторы мен 180-ге жуық кандидаты, көптеген магистр, резиденттер бар.

Университет қызметкерлері 600-ден астам диссертация, оның ішінде соңғы бес жылда жүзге жуық докторлық және кандидаттық зерттеулерді дайындады және қорғады. Университет қызметкерлерінің бірқатары қазақстандық, мемлекеттік және шетелдік жоғары академиялық марапатқа лайық деп танылды.

Клиникалық кафедралардың жұмысы, яғни емдеу, білім беру және ғылыми жұмыстар қалалық және облыстық емдеу-профилактикалық мекемелердің базасында тәжірибелік денсаулық сақтау дәрігерлерімен тығыз қарым-қатынаста өткізіледі. Батыс Қазақстанның тәжірибелік денсаулық сақтау ісінің жетекшілері — Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің түлектері. Университет қызметкерлері «Абдоминалды хирургиядағы іріңді-септикалық асқынулардың алдын алу және емдеу», «Ақтөбе облысы аймағындағы медицина-экологиялық аудандастыру», «Диагностика мен емдеудің жаңа технологияларын қолдану арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім көрсеткішінің азаюы» және т.б. маңызды ғылыми-медициналық бағдарламаларын жүзеге асырады және оларға белсене қатысады.

М.Оспанов атындағы БҚММУ Солтүстік Дакота штатының (АҚШ) жоғары медициналық мектебімен, Ганновер жоғары медициналық мектебімен (Германия), Оңтүстік Флорида университетімен (АҚШ), Батыс Торонта университетімен (Канада), 20-дан аса жоғары медициналық оқу орындарымен және ТМД елдерінің ғылыми-зерттеу институттарымен кәсіби, ғылыми және шығармашылық байланыс орнатқан.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*