Басты бет » Денсаулық » Cақтандыру жүйесі және пакет

Cақтандыру жүйесі және пакет


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі  бойынша медициналық қызмет екі пакет арқылы көрсетіледі. Біріншісі — базалық пакет, оның құрамына жедел жәрдем, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде (онкологиялық аурулар, туберкулез, қант диабеті, т.б.) және шұғыл түрде көрсетілетін медициналық көмек, амбулаторлық-емханалық көмек және профилактикалық екпелер кіреді.

Базалық пакет бойынша көмек әлеуметтік қорғалмаған  топтарға беріледі. Ол топқа жататындар:

—18 жасқа толмаған балалар;

— «Күміс алқа», «Алтын алқа» медалімен марапатталған көпбалалы аналар;

— Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

— зейнеткерлер;

— мүгедектер;

— студенттер (іштей оқитын) мен резиденттер;

— бала күтіміндегілер (балалары 3 жасқа толғанша);

— жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар;

— жұмыс жасамайтын жүкті әйелдер;

— интернаттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері;

— уақытша изоляторда отырғандар мен бас бостандығынан айырылғандар.

Ал екіншісі — әлеуметтік пакет. Оның құрамына  алғашқы медициналық санитарлық көмек, амбулаторлық және күндізгі стационар жағдайында профилактика, диагностика, ауруларды емдеу, жүктілік ағымын бақылау, медициналық амалдар, амбулаторлық-емханалық және стационарлық көмек кезінде  дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз ету,  жоспарлы түрдегі медициналық  көмек және тағы басқалары жатады.  Бұл әлеуметтік пакетті жарна төлеген  әрбір азамат ала алады.

Жұмыссыз  адам  өзінің  мәртебесін анықтау  үшін жұмыспен қамту орталығына барып тіркеледі. Орталық жұмыс сұраушы  адамға жұмыс немесе оқу ұсынады. Жұмыссыз бұл ұсыныстарға келіспеген жағдайда,  ол қорға жарнаны өзі төлейтін болады. Ол бір айға  1414 теңгені құрайды.

Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар  статус  алу  үшін  салық  комитетіне  тіркелуі қажет, тіркелген соң жеке кәсіпкер статусын алады  және кірісіне байланысты жарна төлейді.  Азаматтар  өз  мәртебесін  анықтау  үшін  тұрғылықты  жердегі  емхананың тіркеу бөліміне баруы керек. Сондай-ақ  тұрғындар  дәрігерді  еркін таңдауға және бір әкімшілік-аумақтық  бірлік  құзыреті  бойынша  медициналық  ұйымнан көмек сұрауға  құқылы. Азаматтар  дәрігер мен емхананы еркін  таңдаған  кезде, емханаға тіркелу бір рет қана жүзеге асырылады. Алғашқы медико-санитарлық көмек  ұйымдары  азаматтарды  жеке өтініші арқылы тіркейді. Отбасы мүшелерін  тіркеу отбасы  мүшелерінің жеке куәлігін көрсетуі арқылы жүзеге асырылады.

Егер сіз емхананы таңдасаңыз, оған тіркелу өте оңай. Бұл үшін сіз емханаға жеке басты куәландыратын  құжатпен келіп, бас дәрігердің  атына өтініш  жазуыңыз керек. Сізді тіркеу өтініш түскен күні жүзеге  асырылады. Емханаға тіркелудің екінші тәсілі — электронды үкімет. Электронды үкімет-egov.kz  порталы  арқылы мәліметтерді  көрсете  отырып, сұрау салу қажет. Емханадағы  жауапты қызметкер электронды сұрау салуды тиісті ақпараттық жүйелерден алады және сіздің тіркеу туралы электронды түрде талоныңызды рәсімдейді. Тіркелгеніңіз жөніндегі ақпаратты egov порталындағы «Емхананы  таңда» бөлімінде анықтай аласыз.

Осы дайындық жұмыстары   2020 жылдың  1 қаңтарына дейін жалғасады және  тұрғындар барлық  тегін  медициналық көмектің  кепілді көлемін кедергісіз ала алады. Сондықтан 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін барлық тұрғындар өз мәртебесін анықтаулары қажет. Осы жасалып жатқан жұмыстар мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшы арасында ниеттестік негізінде  жүзеге асырылады.

                                             Т.ҚЫДЫРБАЕВ,

Қарғалы қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*