Басты бет » Басты жаңалықтар » Астана — шетелдіктердің көзімен

Астана — шетелдіктердің көзімен

«…Мерзімді баспасөз беттерінен мен туралы айтылған Астананың «бас архитекторы», ал елорда туралы менің «ең сүйікті перзентім» деген пікірлерді жиі кездестіремін.

Шындығында, маған жаңа елордамыз үшін жан-жүрегіммен алаңдай отырып, талай мәрте жобалар мен сызбаларды зерделеп, ұйқысыз түндер өткеруге, нақты құрылыс басында кеңес өткізуге тура келді.

Мен «Бәйтерек» монументі, «Пирамида», «Отан қорғаушылар» архитектуралық ансамблі, «Хан Шатыр», «Астана Опера», «Мәңгілік Ел» кешендері  сияқ­ты Астананың бірқатар ғимараттарының үлгісін сызып, кәсіби шеберлерге олардың бейнесі мен идеясын ұсындым.

Иә, мен де бүкіл қазақстан­дықтар сияқты бұл қаланы бүкіл жан-жүрегіммен қатты жақсы көретінімді жасыра алмаймын. Шетелдерге немесе Қазақстанның өңірлерінде болған алыс сапарлардан оралып келе жатып, мен әрқашан туған Астанаммен жүздесуді тағатсыздана күтемін, иллюминатордан елорданың панорамасын көргенше асығамын.

Менің туған күнімнің Елорда күнімен тұспа-тұс келгенін айрықша мақтан тұтатынымды ашық айтқым келеді, өйткені, Тәуелсіз Қазақстан, оның жаңа елордасы — Астана менің тағдырыма, менің өміріме, менің зор бақытыма айналды».

ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

(6 шілде 2013 жыл)

Келер жылы 20 жылдығын тойлайтын Астана қаласына келушілер қашанда көп. Олардың арасында алыс-жақын шетелдерден келетін ресми тұлғалар, саяхаттағанды жаны сүйетін туристер, іскерлік байланыстарды орнатуға мүдделі кәсіпкерлер, сондай-ақ, Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын адамдар бар. Келген сайын елорданың көркіне сүйсініп, көзайым болатындардың қатарына бұл күндері өтіп жатқан Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің қонақтарын қоссақ болады. Мереке қарсаңында олардың бірсыпырасымен тілдескен едік.

 ЗӘУЛІМ ҒИМАРАТТАРЫНА ТАМСАНДЫМ

 Идран Хан,

Үндістан мемлекетінің өкілі:

 — Мен мәдениеті мен саудасы дамыған Қазақстанға әрдайым достық пейілмен қарайтын ежелгі Үндістан елінің атынан келіп отырмын. Халықаралық көрмеге қатысып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Сол арқылы екі елдің арасындағы байланыс одан сайын нығая түседі ғой деген ойдамыз. Бұл, сөзсіз, мәдени-экономикалық қатынасты жаңа деңгейге жеткізетін үлкен шара. Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушы ретінде ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіргім келеді.

Үнді елінің павильонында келушілерге, соның ішінде  қыз-келіншектерге арналған түрлі әшекей бұйымдарды саудаға шығардық. Жыл өткен сайын Үндістан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы көрсеткіші де ұлғаю үстінде. Бұл да болса, екі ел арасындағы тату-тәтті қатынастың септігі.

Бұл — Астанаға алғаш рет келуім. Ең алғаш рет бұл қаланы көргенде зәулім ғимараттарына, ұшы-қиыры жоқ жазық далаға, айнала жайқалған жасыл желекке тамсандым. Мұндағы жұртшылық дамыған елдің тұрғындарымен қай жағынан да иық тіресе алатындай: сәнді киінген, көпшілігі жұмысбасты, сөйте тұра, ізетті. Бір жерге қалай жетеріңді білмей, қиналып тұрсаң, сол бойда жөн сілтеп жібереді.

Көп ұзамай қазақстандықтар Астана күнін атап өтеді екен. Және бұл мерекені бұл қаладан тысқары тұратындар да кең көлемде тойлайтынын естіп жатырмын. Менің ойымша, нағыз халықтық мереке деген — осы. Өз атымнан барлығыңызды 6 шілде — Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын. Толайым табысқа кенеле беріңіздер!

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСТЕЛІК

 Рубен Геваргиян,

Армения мемлекетінің өкілі:

 — Біз «ЭКСПО-2017» көрмесіне Арменияның жасыл экономика, болашақтың энергиясы, жалпы жоғары технология салаларындағы жеткен жетістіктерін көрсету үшін келдік. Осынау Халықаралық шараға қатысып жатқандықтан, Астананы көру бақыты да бұйырды. Менің ойымша, бұл менің өмірімдегі ұмытылмас оқиғалардың бірі болады. Маған, әсіресе, Астананың сәулеті ұнады. Мұндағы алып ғимараттар, жағалай егілген қызылды-жасылды гүлдер, үлкен субұрқақтар ерекше көз тартады екен. Армениядан келген жерлестер болып осы қаланың көрнекті жерлерін араладық, суретке түстік. Бұның бәрі естен кетпес естелік боп қалатыны сөзсіз.

Биыл Астана күні «ЭКСПО-2017» көрмесімен тұспа-тұс келіп тұрғанын естідім. Менің пікірімше, бұл үлкен тарихи оқиға. Қазақстанның жылнамасында бұл қос мерекенің алтын әріппен жазылатыны бүгіннің өзінде белгілі. Біз сияқты туристерге де Астана күнін тойлау қызық болады деп ойлаймын.

Барлық қазақстандықтарға, тілеулес ағайынға ең алдымен амандық тілеймін. Әрқайсыңыздың армандарыңыз орындалып, жоспарларыңыздың жүзеге асуына тілекші екенімді білдіргім келеді.

 АСТАНА — ИГІ БАСТАМАЛАРДЫҢ ҚАЛАСЫ

 Кай Тиан,

Қытай Халық Республикасының өкілі:

 — Мен көрмедегі Қытай павильонында үйлестіруші болып жұмыс істеймін. Осы қызметті атқару үшін Қытайдан арнайы келдім. Соның арқасында Қазақстан деген мемлекетті, Астана қаласын көргеніме өзімді шексіз бақытты адамдардың қатарына қосамын. Астанада әзірге көп бола қойғаным жоқ. Ол туралы ашылып әңгіме айта алмайтыным сондықтан. Бірақ, менің ойымша, бұл — уақытша құбылыс. Қолым бос кезде міндетті түрде қаланы аралауға шығамын деп бекініп отырмын.

Бір байқағаным, Астана — жаңашылдықтың, игі бастамалардың қаласы. Бүкіл ғылыми жетістіктер, инновациядағы игілікті оқиғалар осында өтетінге ұқсайды. Соның бір дәлелі ретінде «ЭКСПО-2017» көрмесін мысалға келтіруге болады. «ЭКСПО» қалашығындағы Қазақстан павильонын аралағаннан кейін мұнда да ғылым мен техниканың қарыштап дамып жатқанына көз жеткіздім. Жаһандану заманына сай жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Алдағы уақытта да бұл саладағы оңды оқиғалардың көп болатынына сенімім кәміл.

Жаһандану дәуірінен қалыспай, күн сайын түрленіп, көптеген елдер өкілдерінің бас қосатын, осылай тәжірибе алмасатын ордасына айналған Астанаға барлық жақсылықтарды тілеймін! Өсіп-өркендеп, дами берсін. Астананың «туған күні» құтты болсын!

ШЕТЕЛДІКТЕР КӨП КЕЛЕТІН ҚАЛА

 Ярослав Вархабский, 

Чехия Республикасының өкілі:

 — Мен Астанаға негізінен «ЭКСПО-2017» көрмесімен танысу үшін келдім. Маған мұнда арқау етілген тақырып, экологияны жақсартуға ұмтылған идеяның өзі ұнады. Жалпы павильондардың мазмұны да, олардың безендірілуі де көңілімнен шықты.

Ал Астана қаласымен мен бұрыннан таныспын. Ол туралы ғаламтор беттеріне шыққан материалдарды да, суреттерді де талай көргенмін. Бір айтарым, Астана — шетелдік қонақтардың көптеп келетін қаласы екені бірден сезіледі. Бұл жақтағы халықтың өзі бірнеше тілде сөйлейді, өзгелермен тез тіл табысқыш, жайдары. Қоғамдық орындарына келсек, үш тілде қызмет көрсетілетіні ұнады. Әрине, бәрі емес, бірақ ағылшын тілінде мүдірмей сөйлейтіндерді Астанадан табуға болады.

Болашақта Астана қаласының бұдан да мықты болатынына, көркейетініне сенімім зор. Өйткені сіздердегі мемлекеттік саясат, өзгелерге деген жылы көзқарас, достық пейіл шынымен үлгі етуге тұрарлық. Татулықты ту еткен Қазақстан Республикасының әлемдік аренада беделінің бұдан да биік болуына, мұндағы тұрғындардың бар арман-тілегінің іске асуына тілектеспін. Астана қаласының күнімен барлықтарыңызды құттықтаймын!

ЕЛОРДАҒА АЛҒАШ РЕТ КЕЛДІМ

 Абдулазиз Садык,

Катар мемлекетінің өкілі:

 — Астана қаласына мен алғаш рет келіп тұрмын. Дамушы елдердің қатарында болғандықтан, көп елдердің бірін көретін шығармын деп ойлағанмын. Бірақ, маған Қазақстан басқаша әсер етті. Мұндағы қаланың құрылысы, Еуропадағыдай алпауыт ғимараттардың көптігі, қаланың безендірілуі кім-кімді де таң қалдырады. Әрі мұсылман елі болғандықтан, ашық-шашық жүретін адамдардың онша көп болмауы сүйсіндірді.

Астананың аз уақыттың ішінде көп жетістікке жеткенін, халықаралық деңгейдегі ірі форум, саммиттер өтетін алаңға айналғанын естіп-біліп жүрміз. Бұл да болса біздің Астананы сырттай ертерек тануымызға әсер етті.

Бұрын өзгелерден түсінгенім бойынша, Астананы желі қатты, жан-жақта құрылысы қарқынды жүріп жатқан, көп ұлттар шоғырланған мегаполис ретінде елестететінмін. Шын мәнінде, Астананың әлі ізденіс үстінде екеніне, енді-енді ірі қалаға айналып келе жатқанына көз жеткіздім. Құрылғанына 19 жыл болған Астананың қазіргі күйі — қажырлы еңбектің көрінісі екені хақ.

Көшелердегі абаттандыру жұмыстары, гүлдердің түр-түрінің жайнап өсіп тұруы, тазалық жұмыстарымен айналысатын қызметкерлердің күні-түні дамыл таппауы — осының бәрі ұйымдастырушылық жұмыстардың жолға қойылғанын айғақтайды. Бұны біз, Астанаға сырттан келушілер бірден аңғарамыз. Және жоғары бағаладық.

Әлем астаналарының арасында Астана қаласының өзіндік ерекшелігі бар дер едім. Оны сезіну үшін Астанаға келіп, кемінде 3-4 күн болу керек. Өз басым Астанадан еліме жақсы әсермен оралатыныма сенімдімін.

БҰЛ — ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН ҮЛКЕН МӘРТЕБЕ

 Дэвид Буун,

АҚШ өкілі:

— Бұл менің Астана қаласына жасаған алғашқы сапарым емес. Бұған дейін бірнеше рет Қазақ еліне жолым түскен. Астананы да әр келген сайын аралауды әдетке айналдырғанмын.

Осы жолы да жұмыс бабымен келдім. Мен ағылшын, корей, орыс тілдерінен кәсіби аудармашымын. Осында ауқымды шаралар болған сайын келісімшартпен Қазақстанда жұмыс істеймін.

Менің ойымша, «ЭКСПО-2017» көрмесінің дәл Астана қаласында өткізіліп жатқаны қазақстандықтар үшін үлкен мәртебе. Бұл Қазақстанды өзге мемлекеттерге кезекті рет танытады ғой деп ойлаймын. Халықаралық көрме шетелден көптеген инвесторларды тартуға, мұндағы туризмнің дамуына оңды әсер етеді.

Астанада биыл ерекше ұзақ болмақпын. Халықаралық көрме аяқталғанша, яғни қыркүйектің 10-на дейін осында аялдаймын. Осы аралықта елорданың бұрын-соңды көрмеген көрікті орындарына барып, қала туралы танымым одан сайын кеңейеді деп ойлаймын.

Жалпы, Астана туралы бұған дейін қалыптасқан пікірім жақсы. Көшелері кең, үйлері биік, туристерге бар жағдай жасалған. Маған осындағы қоғамдық орындардан, әрине, «Хан шатыр» ойын-сауық кешені ұнайды. Онда жаныңа керектінің бәрі бар: тамақтанатын орын, шаштараз, көңіл көтеру орталықтары, тіпті аттракциондар.

Биыл 19 жасқа толатын Астана қаласы мен оның тұрғындарына және біз сияқты қонақтарына осында өткізген уақыттарыңыз ұмытылмастай өтсін деп тілек арнаймын.

ҚАЗАҚТАР — ҚОНАҚЖАЙ ХАЛЫҚ

Самир Уддин,

Пәкістан Ислам Республикасының өкілі:

— Менің ұғымымда  Астана қаласы мен мұндағы қазақтар қонақжай, өте сыпайы болып қалыптасты. Кез келген нәрсеге шынымен алаңдаушылық білдіріп, сырттан келген біз сияқты қонақтардың көңілін қалдырмауға тырысады. Астаналықтардың көпшілігі бізге жымиып, жылы шырай танытатынын да айта кетсем деймін. Бұл, әлбетте, бізді қуантады.

Астана қаласын әлемнің өзге астаналарымен салыстырмаймын. Өйткені оның өзіндік бет-бедері бар. Ұлттық стильдегі, өрнектермен көркемделген Сол жағалаудағы бірқатар ғимараттар таңдай қақтырды. «Бәйтерек» монументіне барып, бүкіл қаланы биіктіктен қарадым. Ұнады.

Өзімнің ойымша, Астананы аралап шығу үшін аз уақыт қажет емес. Жеке басым қаланың орталық көшелерімен таныспын. Енді, сәті түссе, шаһардың ескі бөлігіне барғалы отырмын.

Астананың туған күнімен барша қазақстандықтарды құттықтағым келеді. Бейбіт өмірде бәріміз өмір сүре берейік!

P.S. Бүгінде бүкіл әлем елдері көз тігіп, көзайым болған Астанамызға жер-жерден келіп жатқан қонақтардың қарасы қалың. Олардың бірқатарымен әңгімелесе келе, елорданың көркіне көз тоймайтын көріністері көп екенін, гүлденген бас қаланың дүниежүзі астаналарымен қай жағынан да тең екеніне кезекті рет көз жеткіздік. Біз сөзге тартқан «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген қонақтардың жоғарыдағы ой-пікірлері де бұған дәлел. Сарыарқаның төсінде бой көтерген еңселі елордамызға ақжарма тілегін арнайтындардың толастамайтыны да белгілі. Ең бастысы, солардың тілек-лебіздері қабыл болғай!

…Тарих үшін 19 жыл соншалықты көп уақыт емес. Астана үшін де солай. Енді есейіп, оң-солын танып келе жатқан, үлкен өмірге аяқ басқан жаспен пара-пар елордамыздың, жалпы қазақстандықтарға ортақ бас қаламыздың абыройы асқақтай бергей! Астана күні құтты болсын!

 

 Әзірлеген Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Астана-Ақтөбе.

 

 

 

 

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Астананы экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды. 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*