Басты бет » Мереке » «Елбасымен үш рет жүздестім»

«Елбасымен үш рет жүздестім»

Музей саласының ардагері, өлкетанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рысжан Ілиясова Елбасымен үш рет жүздесіпті.

Ол 1998 жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өткен Қазақстан әйелдері форумына қатысты. Елбасы сол жиында сөз сөйлеп, әйел-ананың қоғамдағы орнының маңыздылығына тоқталып, елімізде аналарға қамқорлық мақсатындағы игі істердің әлі де жалғасын табатынын атап өтті.

— Қай кезде де кемел ойлы, көсем сөзді, ел мүддесін ойлайтын, рухы мықты адамдармен кездескенде, жаның жадырап, ертеңгі күнге деген сенімің артады. Ізгілік нұрын сезінесің. Мен үш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, оның тағылымды ойларын тыңдап, пікір бөлістім. Алғашқы жиында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Әйелдің жағдайы қандай болса, қоғамның да жағдайы солай болады», — деп, дені сау, салауатты ұрпақ тәрбиелеумен қатар, тұтастай мемлекетіміздің іргетасының нық болуында аналардың да шешуші роль атқаратынын жеткізді. Елбасы сөзінің мағынасының тереңдігі бізді үлкен әсерге бөледі. Ақтөбеге оралған соң, бірнеше жаңа бастамаларды қолға алдым, — деп еске алды Рысжан Ілиясова.

Ол сонау 80-жылдардың басынан 2003 жылға дейін облыстық музейді басқарды. Ал 2001 жылы елімізде Мәдениетті қолдау жылы жарияланды. Сол жылдың күзінде Ақтөбеге келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Мәдениетті қолдау жылы аясында атқарылған істердің бірі ретінде күрделі жөндеуден өткен облыстық драма театры ғимараты көрсетілді.

— Бұл жиында Елбасы мәдениетті қолдаудың мемлекеттік маңызы туралы келелі ойларын айтты. Елбасына облыс мәдениет қызметкерлері атынан ризашылығымды білдіріп, сөз сөйледім. Елбасы маған қолын беріп амандасып, облыста игі шаралардың істеліп жатқанына көңілі толатындығын білдіріп, болашақта да мәдениет саласы үнемі назарда болатынын айтты. Зал толы халық тып-тыныш тыңдап, есікке беттегенде, ұзақ, ду қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Сол сәтте қарапайым халықтың Елбасына деген шынайы ықыласын ерекше сезіндім. Бұл бір адамға қанат бітірердей шуақты сәт болды, — дейді Рысжан апай.

2005 жылдың мамыр айында Ақтөбеге арнайы сапармен келген Елбасы сол кездегі облыстық кітапхананың күрделі жөндеуден өткен ғимаратында дөңгелек үстел басында зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

— Елбасы бұл кездесуде әрқайсысымыздың пікірімізді ден қоя тыңдады.

Мен мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының өмірге енгізілгеніне аса ризашылығымды білдіре отырып, облыста осы мақсатта істеліп жатқан жұмыстармен қатар, бұл шара науқандық болмай, жалғасын табуы керектігін, себебі қордаланып қалған шаруаларды тындыруға екі-үш жылдың аз болатынын айтып, өлкеміздегі адамзат тарихында өзіндік орны бар, теңдесі жоқ тарихи-мәдени ескерткіштер туралы баяндадым. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын бүкіл ТМД елдері ішінде тек біз қолға алған болатынбыз. Нұрсұлтан Әбішұлы сол кездесуде: «Бұл жұмыс жалғасын табады және кең көлемде ауқымды істер атқарылады. Бабалар мұрасын жинап, сақтау, оны қорғау — мемлекетіміздің аса абыройлы міндеті. Халық та бұған атсалысатынына сенемін» — деп, алыс-жақын елдердегі мұрағаттарды зерттеп, жинау ісінің де қолға алынып жатқанын және осы бағдарламаны жүзеге асырудың маңызын егжей-тегжейлі айтып берген еді. Мен бүгінде өмірден көрген-түйгендерімді саралап, кейінгіге із қалдыратындай жасқа жеткенде, әр кез тірлігіме тәубе етемін. Елімізді еш елден кем етпей, өзгелермен терезесін теңестіріп, халқының қамын қалтқысыз ойлап, қиыннан қиыстыра жол тауып, Қазақ елін әлемге мойындатқаны үшін Елбасымызды мақтан тұтамыз. Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгерлік саясаты — ел үшін жасалған парасаттылық, — дейді Рысжан апай тебірене сөйлеп.

Ол 2005 жылғы кездесуден кейін, облысымызда «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жасалған: орта ғасырдан жеткен тарих пен сәулет өнерінің інжу-маржанынының бірі — Абат-Байтақ кесенесінің қалпына келтірілуі; Қобыланды батыр мемориалдық кешенінің салынуы; Ахмет Жұбановқа, Мөңке би мен Әйтеке биге ескерткіштер орнатылуы; Әлия ауылында патриоттық тәрбие беру орталығының ашылуы, көптеген аудан орталықтарында, оқу орындары мен мекемелерде музейлер ашылуы, археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері сынды ұрпаққа ұлағаты мол істерге қатты қуанады.

— Елбасы: «ХХІ ғасыр қазақ халқының жұлдызы жанатын ғасыр болатынына сенемін» — деп, өз халқын болашаққа ұмтылдырған еді. Мен егемен еліміздің күн сайын қарыштап дамып келе жатқанына қуанамын, ана ретінде, мәдениет жанашыры ретінде елімнің болашағының жарқын екендігіне сенемін, — дейді Рысжан Ілиясова.

Президенттің қолынан құрмет грамотасын алды

Полиция капитаны, кәмелет жасқа толмағандар істері жөніндегі инспектор Санира Балтамбекова — еліміздегі үздік полицейлердің бірі.

Биыл Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының құрылғанына 25 жыл толды. Осыған орай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ең үздік полицейлерді қабылдады. Олардың қатарында ақтөбелік Санира  Балтамбекова да болды.

— Елбасы полиция қызметкерлерінің қылмысқа қарсы күресте ең алдыңғы шепте жүретінін және біздің саланың жұмысында оң нәтижелер көп екенін атап айтты. Бұл мені мақтаныш сезіміне бөледі, — дейді Санира.

Салтанатты шарада Санира Балтамбекова заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен наградталды. Ол — Ақтөбе қаласындағы №6 мектептің инспекторы. Жұмысында белсенділігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түскен.

— Ақордаға кіргенімізде, қандай сезімде болғанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кейін телефонымды алып қарасам, сол аралықта 100-ден астам хат келіп үлгеріпті. Интернетте Президентпен түскен суретімді көрген ата-анам, әріптестерім, тума-туыстарым жан-жақтан құттықтау жіберген, — дейді Санира жүзі бал-бұл жанып.

Ол полиция қызметкері болуды бала кезінен армандаған. Былайғы жұрт полицияның жұмысын қиын да қауіпті санайды, ал өзі бұл салаға келгеніне еш өкінбейтінін айтады.

— Оқушы кезімдегі шығармаларда үнемі: «Полиция қызметкері боламын» — деп жазушы едім. Жоғары білім аларда сол арманыма қол создым. 2010 жылы полиция қызметкері атандым. Жолдасым да — заңгер. Сондықтан менің жұмысыма түсіністікпен қарайды. Енем екі балама қарап, үнемі қолдап отырады. Оларға алғысым шексіз. Осындай қолдаушыларым болмаса, жұмысымды алаңсыз атқара алмас едім, — дейді Санира.

Ұлы даланың татулығын ту еткен

 Биылғы сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерімен кездесу өткізген еді. Кездесуге ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямиров бастаған алты имам қатысты. Солардың бірі — ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан.

Осы кездесуден алған әсерін ол бізбен:

— Елбасының қабылдауында болған сәтімде оның ел қамын жеген сөздерінен қазіргі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманның берекесін қашырмақ ниеттегілерге деген ренішін байқадым. Себебі, елдің бүтіндігі мен бейбітшілігінен асқан нығмет болар ма?!  Алла бізге бұйыртқан осынау нығметті көзінің қарашығындай сақтап келген Көшбасшымыздың кейінгі ұрпақтан талап ететіні де — сол тыныш заманның тұрақтылығы. Алла бізді осынау зор сыйымен ұзағынан сүйіндіргей! — деп бөлісті.

Сондай-ақ, облысымыздың бас имамы:

— Елдің бірлігі мен берекесін басты байлық санайтын Елбасының ширек ғасырдан астам уақыт жүргізіп келе жатқан бейбіт саясаты ең әуелі елдің мызғымас тұрақтылығына бағытталатындығы сөзсіз. Сан ұлтты татулыққа ұйыстыра білу — оның табиғатынан бар талантымен, тәжірибемен жиналған үлкен өнер. Оның осы бір қасиетін құрметтемеу мүмкін емес. Ішкі талас-тартыстардың себебінен татулығынан ажырап, тұрмысы төмендеген талай елдердің іштей күйреп, қиын-қыстау кездерді бастан кешіргеніне куә болдық. Алайда, егемендіктен кейін еңсесін бірден тіктеп кетпесе де, тұтастық пен тыныштықты сақтап, байыппен елдің әлеуетін байыта білген Елбасының ел басқарудағы даналығы, көрегенділігі — қастерлеуге лайықты қасиет.

Ел ішінде ғана емес, көршілес мемлекеттер арасындағы кикілжіңдерге де бейжай қарамай, болған жайтты байыптылықпен бағамдап, бітімгершілікке шақыра білетін сөзөтімділігі мен салиқалы ой айта білуі оның өзге көшбасшылар арасында жоғары беделге ие екендігін дәлелдей түседі. Күні кеше түбі бір түркі елі мен  Ресей елі арасындағы қақтығысты өршітпей, екі алпауыт мемлекеттің татуласуына тікелей ықпал етті. Кейде Нұрсұлтан Назарбаевтың бойындағы осы бір қасиеті келісімнің көпірі іспеттес көрінеді маған. Исламның түп мағынасымен үндес, Құран Кәрімде аталған осынау ізгі қасиеттің Ұлт көшбасшысындай үлкен тұлғаның бойынан табылуы — керемет үйлесімділік, — дейді.

Егемендікке дейін Қазақстанда діни ахуалға жауапты ресми діни құрылым болмаған еді. Қазақстан қазияты көрші Өзбекстандағы мүфтияттың құрамында болды.

— Тек Тәуелсіздіктен кейін ғана қазақ елінің өз мүфтияты құрылды. Тәуелсіздікпен келген бұл нығмет ата дініміздің азаттық алып, діни ахуалдың тұрақтануына, елде мешіт-медреселердің көптеп бой көтеріп, мұсылманшылық рәсімдердің бірізділенуіне жол ашты. Бұл да Мемлекет басшысының дер кезінде жасаған оң шешімінің жемісі деп білемін, — дейді Төлеби Оспан.

Мәңгі ұмытылмас сәттер…

Биылғы «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауына 307 адам қатысты. Конкурстың республикалық деңгейдегі кезеңіне 41 қызметші өтті. Олардың арасында ақтөбелік Нұргүл Бертілеуова да болған еді.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Нұргүл Бертілеуова осы байқауда жеңімпаз атанды. Мемлекеттік қызметшілер күніне орай байқау жеңімпаздарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады.

— Соңғы сәтке дейін бізді Елбасы қабылдайтынын білген жоқ едік. Естігенде қатты толқыдым. Алайда кездесу ресми сипатта емес, жылы, шуақты түрде өтті. Елбасы әрқайсысымызды атымызбен атап, пікірлесуге шақырып, айтқанымызды байыппен тыңдап, байыппен жауап берді. Бұл өмірлік сабақ та, рухани азық та боларлық ұмытылмас сәттер болды, — дейді Нұргүл.

Ол әңгімесін:

— Кездесуде Елбасы бізге қарапайым халыққа әрдайым жақын жүріп, олардың ой-пікірімен санасып, халыққа адал қызмет етуді нықтап айтты. Мұны барлық әріптестеріме жеткізуді парызым деп білемін. Расында, мемлекеттік қызмет  саласының жауапкершілігі айрықша жоғары: біз арқылы бүкіл мемлекетке деген көзқарас қалыптасады, — деп жалғастырды.

Кездесуде Елбасы Нұргүлден қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесі төңірегіндегі пікірлерін, оған қатысты жұрттың көзқарасын сұрады.

— Облыста осы мәселемен арнайы айналысатын жұмыс тобы құрылғаны белгілі. Мен — сол топтың үйлестірушісімін. Осы мәселеге орай облыста әлеуметтік зерттеу жүргізілген болатын. Зерттеу қорытындысына сай, облыс тұрғындарының 70 пайызы латын графикасына көшуді қолдап отыр. Мен Елбасына осыны жеткіздім. Елбасы бұл істің ертеңгі ұрпақ қамы, болашаққа қажет маңызды мәселе екенін, оны тыңғылықты жүргізу керектігін баса айтты, — дейді Нұргүл.

Нұргүл — өз ісінің үздігі, мықты маман ғана емес, үлгілі отбасында үш бала тәрбиелеп отырған ана.

Мемлекеттік қызмет саласында 10 жыл бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан ол енді жұмысқа ерекше жігермен кірісетінін айтты:

— Елбасымен кездесу бізге ерекше әсер етті, расымды айтсам, қанат бітіргендей болды, — дейді.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*