Басты бет » Мереке » Қадіріне жетейік

Қадіріне жетейік

Астана қаласына облыс орталығы Целиноград болып тұрған кезде 1988 жылдары Қазақ радиосының меншікті тілшісі болып келдім. Облыстық телерадио саласында қызмет жасадым. 1990-2000 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград қаласындағы бөлімін басқардым.

1991 жылы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Целиноградқа еліміздің астанасын көшіру туралы Президентіміз бастама көтеріп, қыруар шаруа жасалғаны белгілі. Сол кезде облыстағы, еліміздегі зиялы азаматтар Целиноградтың бұрынғы атауы Ақмоланың қайтарылуына күш салды. Елбасының: «1994 жылдың 6 маусымында Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың бәрi менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Ендi шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды», — деп жазғаны бар. Сол жылдарда Президент болашақ астана  Ақмолаға жиі іссапарға келіп,  сол өңірдің табиғат жағдайын, жерін-суын, облыс орталығының  құрылымын егжей-тегжейлі зерттеу үшін жиі-жиі ат басын бұратын. Сол сапарларда тілші ретінде біз де бірге жүрдік, сол кездегі тарихи маңызды шешімнің қалай жүзеге асқанына куә болғанбыз.

1997 жылы Ақмола Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. Содан бері бүгінде Астана халқының саны миллионға жетті. Ал сол жылдары Ақмолада 250 мыңдай халық тұратын.

Бүгінде әрқайсысы бір төбе болатын айшықты құрылыстар жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Елорданың айналасы көк орманға айналды. Астанаға көшіп келем деушілер көбеймесе, азайған жоқ.

Қазір халықаралық ЭКСПО көрмесі өтіп жатыр, бұл да еліміздің бір үлкен жетістігі, әлемнің талай елінен талай жұрттар келіп жатыр.

Өзім шығармашылық адамы ретінде кеңес үкіметі кезінде 10 кітабым шықса, тәуелсіздік алғалы 33 кітап шығарыппын. Ішінде ашаршылық, репрессия туралы дүниелерім бар. Бұл да Астананың бізге берген мүмкіндігі.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді қазақ, Астанамыздың қадіріне жетейік.  Мұндай көрікті шаһар өздігінен пайда болған жоқ.

Астананың өсіп-өркендеуі өңірдегі облыс орталықтарының да көркеюіне серпін берді. Қазір туған өлкем Ақтөбе де адам танымастай өзгерді.

Табыл ҚҰЛИЯС,

жазушы, ҚР мәдениет қайраткері.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*