Басты бет » Құқық » Алқабилер соты

Алқабилер соты

Алқабилер сотының жетістіктері

Алқабилердің қатысуымен аса ауыр қылмыстардың кейбір категориялары қаралады және ол туралы сотталушының өзі тілек білдірген жағдайда ғана жүзеге асады.

Өткен 10 жыл қылмыстық сот ісін жүргізудің бұл моделі  сот төрелігін іске асыруға халық өкілдерінің қатысуының қажетті нысаны болып табылады деп тұжырымдауға негіз береді.

Істің нәтижесі сотта зерттелген дәлелдемелермен қоса, сөзсіз, қылмыстық процестегі тараптардың, оның ішінде, прокурор мен қорғаушының  соттағы сөзі қаншалықты дәлелді, сендірерлік және негізді болуына, олардың ұстанымы қаншалықты сауатты және әділ болуына байланысты. Атап айтқанда, осы алқабилер сотының өндірісі шеңберінде іс бойынша тараптардың бәсекелестігі қағидасы көбірек дәрежеде жүзеге асырылады. Бұның өзі мемлекеттік айыптаушыдан және қорғаушыдан жоғары кәсіпқойлықты, жеке жауапкершілікті талап етеді.

Алқабилер қатысатын сот процесінде  қылмыстық іс жүргізу заңының «тараптардың бәсекелестігі және тең құқықтылығы» принципі жаңарып, неғұрлым сапалы деңгейде қолданыла бастады. Тараптар дәлелдемелерді ұсынуға және зерттеуге, өз ұстанымдарын қолдауға анағұрлым жауапты қарайтын болды. Бұл — үлкен жетістік.

Алайда, алқабилер соты өндірісі біраз көкейтесті мәселелердің де басын ашты. Соның бірі — алқабиге кандидаттардың тізімін қалыптастыру.

Алқабилер сотына берілген баға

Бұл институттың  жетілмегендігі жөнінде қоғамда түрлі пікір айтылуда.

Біріншіден, алқабилер кәсіби заңгер емес. Шешім қабылдаған кезде  олар  «Жақсылық» пен «Зұлымдық», «Ар-ұят» пен «Әділдік» категорияларын басшылыққа алады. Ал құқықтық нормаларда бекітілген жалпыға бірдей  міндетті ережелер қалыс қалып қойып жатады. Олардың заңды білмеуі және мағынасын түсінбеуі алқабилер  алқасының  тиісті түрде  сот әділдігін  жүзеге асыруын қиындатады.

ЕҚЫҰ-ның  Адам құқығы және демократиялық институт жөніндегі бюросы сарапшыларының Қазақстан Республикасында алқабилердің  қатысуымен  сот талқылауына жүргізген мониторинг бойынша да бірқатар кемшіліктер анықталды. Соның бірі — алқабилер сотында  айыптауды қолдайтын прокурордың роліне байланысты мәселе. Прокуратураның кейбір қызметкерлері істің алқабилердің қатысуымен қаралуын жақтырмайды, себебі іс құжаттарын неғұрлым  мұқият зерделеуге, айыптау қорытындысын қайталап айтпай, тараптардың бәсекелестігі жағдайында тағылған айыптың  дұрыстығын дәлелдеп алқабилер алдында сөз сөйлеп үйренуі керек. Жасыратыны жоқ, прокурорлар сот жарыссөзінде айыптау қорытындысын оқып беріп жеңіл құтылуға дағдыланған. Алайда, бұндай сөз сөйлеудің алқабилерге әсері мардымсыз.

Қазақстан Республикасында алқабилер институты 2007 жылдан енгізілгенімен, алқабилердің қатысуымен сот процесін жүргізу кезінде кездесетін мәселелердің  өзектілігі жойылмақ емес. Олардың бірі — сот талқылауында прокурордың және қорғаушының роліне байланысты  мәселелер.

 Сот талқылауы  барысында  жиі орын алатын  мәселелер

Істің нәтижесі – қылмыстық процестегі тараптардың, оның ішінде, прокурор мен қорғаушының  соттағы сөзі қаншалықты дәлелді, сендірерлік және негізді болуына, олардың ұстанымы қаншалықты сауатты және әділ болуына байланысты. Бұның өзі мемлекеттік айыптаушыдан және қорғаушыдан жоғары кәсіпқойлықты, жеке жауапкершілікті талап етеді.  Бұл орайда, қорғаушының ұстанымы әрдайым айқын, сөзі қарапайым халық өкілдеріне түсінікті әрі сауатты болып келеді және прокурордың сөзінен әлдеқайда озып түседі.

Сондықтан мемлекеттік айыптаушының алқабилер сотындағы роліне тоқталып өткім келеді.

Дәлелдемелерді ұсынудағы және оны зерттеу барысындағы прокурордың белсенділігі және кәсіби шеберлігі, өз ұстанымының дұрыстығына сендіре білуі — жасалған  қылмыс үшін бұлтартпас жазаның қамтамасыз етілуінің маңызды факторы болып табылады.

Қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қараудың өзіндік ерекшеліктері бар және қылмыстық іс жүргізу заңында белгіленген нормалардан басқа, айыптаушы және қорғаушы тараптарға белгілі бір міндеттер жүктейді. Мысалы: алқабиге кандидаттар арасынан  объективті шешім қабылдауға қабілетті тұлғаларды тани және таба білуі; алқабилердің сенімін оята білуі; сотта сұралатын адамдарға, нақты жауап реакциясын туындататын, анық, түсінікті және нақты (екіұшты емес) сұрақ қоя білуі; сұрақтар алқабилерге түсінікті болуы керек; алқабилердің назарын өзіне аудара білуі және сендіре білуі. Прокурордың шешендік өнері алқабилердің қатысуымен қылмыстық істі қарау барысында және сот жарыссөзінде  мемлекеттік айыптауды қолдаудың маңызды элементі болып табылады.

Алқабилердің қатысуымен жүргізілетін сот процесінде ұсақ-түйек болмайды, сондықтан  сапалы алқабилер алқасын құру  мақсатында, алқабилерді іріктеу рәсімі кезінде  аса ұқыпты болған жөн. Сотталушының айыбын дәлелдеу  мемлекеттік айыптаушыға жүктелген. Сондықтан айыптау мақсатының нәтижесі прокурордың кәсіби дайындығына және белсенділігіне байланысты.

Іс бойынша тараптардың алқабилермен қаралатын сот талқылауына қатысудағы тағы бір ерекшелігі — олардың алқабилер алқасына жауап беруге ұсынылатын сұрақтардың құрылуына қатысуы. Сұрақтардың арнайы заң терминдерін пайдаланып қойылуы алқабилерді шатыстыруы мүмкін, сондықтан судья сұрақ парағының жобасын заң білімі жоқ алқабилердің қабылдауына жеңіл  түрде, яғни заң терминдерін  қолданбай, қысқа түрде дайындайды. Мысалы: иемденіп алды — сатып алды, өткізді — сатты, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып — басқа тұлғамен күні бұрын келісіп.

Алайда  кейбір прокурорлар мен адвокаттар сұрақ парағының жобасын талқылау кезінде  заң термині мен саралау белгісі көрсетілмеген деп ескерту келтіретін кездері болады.

Сот жарыссөзіндегі сөз — істің нәтижесіне ықпал ететін, сот процесінің ерекше сатысы. Іс құжаттарын жақсы біліп, оны саралай алудан басқа, алқабилер сотындағы сөзі сапалы болуы керек. Іске қатысушылардың сот жарыссөзіне дайындалу деңгейі әртүрлі. Кейбірі сот талқылауының бұл сатысына  тиісті көңіл бөлмейді. Сот жарыссөзіндегі сөз әрдайым нақты, анық, ұғымды, қысқа және түсінуге оңай түрде ұсынылу керек.

Бұл мәселе төңірегінде де бірнеше рет дөңгелек үстелдер өткізіліп, прокурордың айыптау сөзіне аса көңіл аударуы керектігі жөнінде айтылды, себебі сөзі анық, әсерлі және оған таңдаулы шешендік сөз орамы, ойының, сөзінің өткірлігі, бейнелеп әсерлеушілігі және салыстырма жасауы тән болса, бұл сот төрелігі таразысын қажетті жаққа бұратын ұтымды дәлел болады. Сөз неғұрлым қысқа болуы керек. Прокурордың алқабилер сотындағы сапасыз не сенімсіз сөзіне байланысты тек сот әділдігінің мүддесіне ғана нұқсан келіп қоймайды, сонымен қатар, сот ораторы, бұл жерде прокурордың бедел-бейнесіне де нұқсан келеді.

 Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы

Жасыратыны жоқ, сотқа дейінгі тергеудің сапасы  заң талабына жауап беретіндей деңгейде емес.  Тергеудің кемшілігі мен қателіктері сот мәжілісінде анықталып, біраз қиындықтарға душар ететіні де айқын. Ал бұндай жағдайлар алқабилер сотында өзгеше көрініс табады.

Оның ішінде өзектісі — заң талабына сай сотталушыға тағылған айып бойынша жауап беруге мүмкіндік берілген кезде, әдетте, кінәсін мойындамайтын сотталушы алдын ала тергеудегі жауаптарынан бас тартып, ол жауаптарды тергеудің жол берілмейтін әдістерді қолданып, қысымшылық жасап алғандығы туралы шағымданады және бұл арызды алқабилердің қатысуымен айтады. Бұндай жағдайларда  судья алқабилерге  «айтылғанды  назарға алмауларын, себебі бұл уәж тексерілуге жататынын» айтып ескертеді. Алайда, бұндай ескертудің нәтижесі аз, себебі тергеу органының негативті жұмыс жасау әдістері алқабилердің сана-сезімінде орнығып қалады.

Әдетте, алқабилер, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде алынған айыпты мойындап берген жауаптарға сенбейді. Осыған байланысты, тергеу қызметкерлеріне сезіктінің, айыпталушының айыпты мойындаған жауаптарынан басқа дәлелдемелер алу үшін өз жұмысын қайта қарауы керек.

Жауапкершілік судьяның мойнында

Алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істер бойынша төрағалық етуші судья іс жүргізу заңы  нормаларының бұзылуына жол бермеуге, әсіресе алқабилер соты өндірісіне қатысты ережелерді мұқият орындауға бар ынтасын салатыны хақ, себебі  алқабилер шығарған үкімнің заңдылығы алдымен іс жүргізу заңының ерекшеліктері бойынша тексеріледі. Сонымен қатар, судьяларды алаңдататын тағы бір мән-жай бар. Әдетте, алқабилер сотын таңдаған сотталушылардың 90-95%-ы еш уақытта өздерін «кінәлі­мін» деп есептемейді.

Бұндай жағдайда, іс бойынша айыптаудың жеткілікті дәлелдері болғанның өзінде алқабилердің кеңесу бөлмесінде дұрыс шешім қабылдауы екіталай. Сотталушының құқығын қор­ғап, соның сойылын соғып тұрған ад­вокаттың сөзіне (бұл қорғау­шының міндеті) алқабилер «ылығып» кетеді. Ал судья алқабилерге түсініксіз мәселелер бойынша кеңес бергеннен басқа, олардың шешіміне араласпайды, заңмен тыйым салынған, олар дауыс беру кезінде тең құқыққа ие. Алқабилер жаны ашып, сезімге бері­ліп,  жеткілікті дәлелдерге қарамастан, сотталушыны ақтап жіберген кездері де аз емес, себебі  алқабилер жоғары сатыларда бұзылған үкім үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.

Үкімді алқабилер алқасы шығарғанымен судья жауапкершіліктен босатылмайды. Мүмкін, бұл судьяның алқабилермен бірге кеңесу бөлмесінде сотталушының кінәлі не кінәлі еместігі мәселесін шешуге қатысуынан болар.  Бұл мәсе­лемен бүгінде біздің соттар бетпе-бет келіп отыр.

Аталған мән-жайлар қылмыстық істерді алқабилердің  қатысуымен қараудың ерекшеліктерін, жетістіктерін, алқабилердің қатысуымен сот процесін жүргізуді ұйымдастыру кезінде сот мәжілісі барысында орын алған көкейтесті мәселелерді  көрсетеді.

Гүлжан ӘЖІҒАЛИЕВА,

облыстық соттың судьясы.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*