Басты бет » Жастар » Димаш Құдайберген: Зор мүмкіндіктер қаласы

Димаш Құдайберген: Зор мүмкіндіктер қаласы

Астанадағы «Астана-аренада» 30 мың адам жинап концерт берген Димаш Құдайберген қазір Бурабайда жүр екен. Әнші «Ақтөбе» газетіне арнайы сұхбат берді.

— Димаш, мереке құтты болсын!
— Рақмет!
— Астаналық болғаныңа да үш-төрт жыл болды. Әбден үйренісіп кеткен шығарсың?
— Иә. Алғашқы жылы сәл тосырқағаным рас. Кейін папам мен мамам (Ата-әжесін айтып отыр, — ред.) Ақтөбенің бар жылуын ала келгендей болды. Ал қазір өзімді мұнда еркін сезінемін.
— Несімен ұнайды Астана?
— Білесіз бе, мұнда бір еркіндік бар. Биік деңгейлі шығармашылық орта, тілеулес жандар бар. Сосын, өте әдемі шаһар. Сәл болмасаң, мүлде танымай қаласың. Алдыңнан ақшаңқан үйлер «өсіп» шыға келеді. Күн санап көркейіп жатыр.
Елордамыз — жастардың қаласы. Жүздеген, мыңдаған жас осылай қарай ағылып жатыр. Олардың армандары алдамайтынына сенемін. Өйткені, Астана — зор мүмкіндіктер мекені.
— Жақында концертің өтті. Бұндай ауқымдағы концерт Қазақстанда бұрын-соңды болған емес…
— Осының бәрі — Тәуелсіздігіміздің арқасы! Әйтпесе, қазақта менен әлдеқайда дарынды адамдардың болғаны даусыз. Бірақ әлемнің түкпір-түкпірінен көрермен жинап, еліміздің жүрегі — Астанада концерт өткізу қазіргі жастар — бізге бұйырыпты. Егер еліміз тәуелсіз болмаса, әлемнің қай еліне де баруға мүмкіндігіміз болмаса, Елбасыдан бастап қарапайым жұртшылыққа дейін қолдамаса, осындай концерт өтер ме еді? Әрине, жоқ! Концертті ұйымдастырушыларға, еліміздің барлық аумағынан, алыс-жақын шетелдерден келген тыңдармандарыма, келе алмаса да үйде отырып тілеулес болған барша жұртқа, әсіресе менің әр қадамыма қуанып отыратын ақтөбелік жерлестеріме зор алғыс айтамын.
Келген қонақтарымыздың елордамыздың көркіне сүйсінген түрлерін көріп, мен де мерейлендім. Шіркін, қалай мақтаса да жарасады ғой біздің Астананы!
— Ақтөбені сағынған жоқсың ба?
— Сағынғанда қандай! Сағынышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сәл қолым тисе, туған қалама барып, демалғым келеді.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*