Басты бет » Ауыл » Толқынның көрпелері

Толқынның көрпелері

Қазақтың шаңырағы үшін оюлы көрпелердің орны бөлек. Сол себепті де, мұндай көрпеге сұраныс көп. Көрпе тігушілер көп болғанымен, олардың бәрі бірдей қой жүнін пайдалана бермейді.

Құдықсайдағы «Нұр» шаруа қожалығының иелері ағайынды Шәкіровтер қырқылған қой жүнін пайдаға жаратудың жолын іздестіреді. Осылайша жүннен көрпе тігу кәсібін қолға алады.
— Көпшілік қой жүнінен тігілген көрпенің жақсы болатынын біле бермейді. Соңғы кездерде тігіншілер көрпені мақта мен синтетикалық талшықтан жасайтын болды. Бұл — көрпе тігудің ең оңай тәсілі. Синтетикалық талшықтар ауа өткізбейді, ал мақта ылғалданып, кейін жұмарланып қалады. Жүннен тігілген көрпе ауаны жақсы өткізеді әрі ылғалды бойына сақтамайды. Маман ретінде қой жүнінен тігілген көрпені пайдалануға кеңес беремін, — дейді шаруашылық иесі Толқын Шәкірова.
Толқынның көрпелері аудан тұрғындарымен қатар, облыстың сұранысына ие.

Қазір «Нұр» жеке кәсіпкерлігінде 4 адам жұмыс жасайды. Олар «сегіз жапырақ», «ши құрақ», оюлы шай көрпелер, сондай-ақ, жамылғы көрпе мен төсек жапқыштар, өрнектелген жастық тыстарын тігеді.

Толқын болашақта шағын шеберхананы дамытып, қой жүнінен киіз басып, түрлі тоқыма бұйымдары мен тұрмысқа қажетті заттарды шығаруды жоспарлап отыр.

Бейбіткүн КАМЕТИЯҚЫЗЫ.

«АЛМА» АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

Хромтау қаласындағы Жеңіс даңғылы бойында ашылған «Алма» аллеясы бүгінде шаһарға ерекше сән беріп тұр.

— Аллея аумағы арнайы қоршаумен қоршалып, 400 шаршы метр жерге брусчатка тас төселіп, қоқыс жәшіктері қойылды. Сондай-ақ, шамдар орнатылды. Түнгі уақытта бұл шамдар қаланың ажарын айшықтай түседі, — дейді Хромтау қаласының әкімі Асқар Нұртазин.

Қазіргі таңда «Алма» аллеясына 220 түп алма көшеті егілген. Жас көшеттер Алтай аймағынан әкелініпті.

Бүгінгі күні Хромтау қаласын көркейту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Мұндай шаралар қаланың Абай даңғылындағы саябақтақта да жүргізілген. Саябаққа 60 шам орнатылды. Қазіргі күні Абай және Жеңіс даңғылдарының қиылысына үлкен LED экран орнатылды.

Айта кету керек, аудан орталығының 3 мың шаршы метр аумағына гүл егілді.

НАТАШАНЫҢ ТАРЫСЫ

Соңғы жылдары Бөгетсай ауылында тары-талқан дайындау кәсібі жақсы дамып келеді. Сұранысқа байланысты тары қуырып, сатушылар да көп. Алайда тұрғындардың көпшілігі Наташаның тарысын мақтайды.

Наташа он жылдан бері тұрақты түрде тары қуырады. Үйінің жанынан тары-талқан дайындайтын арнайы цех та салып алыпты. Мұнда тарыны дайындауға қатысты процестің барлығы жүзеге асады. Қайнатылып, қуырылып, келіде түйіледі. Бұрын ол тарыны келі мен келсаппен түйіп, талқанды қол диірменмен тартатын. Кейін жолдасы Нағашыбай оны тары түюдің бейнетінен құтқарып, тоқ келі мен тоқ диірмен жасап берген.

Наташа бұрынғыдай емес, дайын өнімді базарға шығарып, саудалап тұрмайды. Тары тапсырыспен қуырылады. Сондықтан дайын өнім тұтынушысына тура жіберіледі.

Шетелге жол жүретін адамдар да Наташаның тарысын апаруға ниеттеніп жататын көрінеді. Тамды ауылының тұрғыны Германияға Қазақстанның дәмі ретінде Наташаның тарысын өзімен бірге ала кетіпті.

Ләззат ӘБДІРОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*