Басты бет » Мереке » Партия қатарына қабылданды

Партия қатарына қабылданды

Астана күні мерекесіне орай «Нұр Отан» партиясы және «Жас Отан» жастар қанатының қатарына азаматтарды салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті. Шара барысында «Нұр Отан» партиясы қатарына 6 және «Жас Отан» жастар қанатының құрамына 4 адам қабылданды.

Шараның ашылуында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Исмағамбетова Астана күні мерекесімен құттықтап, партия билеттерін табыс етті.

Астана күніне орай Қазақстанда 1500,  ал облыс бойынша 100 адам партия мүшелігіне қабылданды. Қазақстанның болашағы — жастардың қолында. «Нұр Отан» партиясының қатарына ену туралы шешімдеріңіз  — Мемлекет басшысының саясатын қолдап, еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қосуға деген талпыныстарыңыз деп түсінемін, — деді Д.Исмағамбетова.

Партия мүшелігіне өткендердің қатарында мәдениет, медицина саласының қызметкерлері, ұстаздар, кәсіпкерлер мен студенттер бар.

Солардың бірі — Шапағат Аманжол. Ол — халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымының Қарғалы аудандық филиал төрағасы. Бірқатар аудандық, облыстық жыр мүшәйраларында топ жарып жүрген дарынды жас.

— Қазіргі таңда №2 Бадамша орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарамын. Ақтөбедегі «Шұғыла» жастар бірлестігінің мүшесімін. Болашақта еліміздің өркендеуіне үлес қосу — басты парызым деп есептеймін. Жақында Астана қаласында өтіп жатқан «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесіне қатысып келдім. Бас қаламыздың гүлденіп, дамып келе жатқаны қуанышқа бөлейді. Барлық қала тұрғындарын Астана күні мерекесімен құттықтаймын! деді Ш.Аманжол.

Салтанатты шарадан соң жасотандықтар Қобда ауданындағы Әлия мұражайы мен Абат-Байтақ кесенесіне экскурсияға аттанды.

Айта кету керек, «Нұр Отан» партиясының қатарында 45483 адам бар. Оның 2733-і биыл қосылған. Ал «Жас Отан» жастар қанаты облыстағы 8 мыңға жуық жастың басын біріктіріп отыр. Жыл басынан бері жасотандықтардың қатары 2000 адаммен толыққан.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*