Басты бет » Тарих » Ежелгі Ойыл

Ежелгі Ойыл

Тарихтың құм басқан құпиясы

Материалдық мәдениеттің өзіндік көрінісі ортағасырлық тас мүсіндер. Барқын құмынан табылып, Актөбе мұражайында сақтаулы тұрған биіктігі 98 см, ені 42 см балбал тас мүсін мен тұрмыстық жәдігерлер XIII ғасырдың кезеңіне тән деп есептелінеді.

Шежіреші абыз ақсақалдардың атадан балаға жетіп жалғасып келе жаткан аңыз әңгімелеріне қарағанда Барқын құмының астында Жошы ұлысының Алтын Орда феодалдық мемлекетінің шапқыншылығына ұшырап, XIV ғасырдың ІІ жартысында жоқ етілген. Мәулімберді қаласы болған делінеді. А.Егоровтың 1985 жылы Мәскеуде шыққан «Историческая география Золотой Орды в ХIIІ-ХІV веках» атты еңбегіне сілтеме жасай отырып. А.Левшиннің 1996 жылы қайта жарық көрген еңбегіндегі Мәулімберді жайында белгілі тарихшы, этнограф-археолог С.Әжіғали «Ескерткіштер — Ойыл өзенінің орта тұсында, археологиялық жағынан зерттелмеген» — дейді.

Шерғұттының Қазтуғанға:

«Орманбет хан онда өлді,

Байтақ баба мұнда өлді.

Қарасақал Мәулім хан

Ойылдан кетіп Жемде өлді» — деуіне қарағанда Барқын құмының астындағы қала Мәулімберді, ал Жемге жакын Кеңқияқ елді мекеніндегі ханның сүйегі калған қорым Мәулімберді қорымы деп аталады.

Қалай Ойыл атанды?

Қытай жібек құртының пілласынан әлемде теңдесі жоқ мол жібек өндіретін ел болған. Алдыңғы Азия мен Орта Азияны Қытаймен байланыстыратын, кейіннен «Ұлы Жібек Жолы» аталған сауда, керуен жолының бойында шамамен осыдан 650 жылдай бұрын сауда, керуен тұрағы ретінде қиратылған Мәулімберді қаласының орнында бой түзеген ойдағы ел «Ой елі» деген мекен болған. Бұл тұрақ мекенде әрлі-берлі ұдайы сапар шеккен сауда керуендері түйелері мен адамдарын тынықтырып, жергілікті халықтан тары, ірімшік, кұрт, қақталған ет сияқты азық-түлікпен жол азығын толықтырған. Сонымен қатар Иранның сары жез табақтары, құман, шылапшын поднос, қыштан өрнектеліп жасалған үлкенді-кішілі құмыралары мен Қытайдың жібегі, форфор ыдыс, шыны аяқ кеселері мен шай құмандарын түйе жүні, ешкі түбіті, қаракөл елтірісі, аң терісі, азық-түлік сияқты тауарларға айырбастап отырған.

Ойыл Асан Қайғы атанып кеткен Хасан Сабитұлы (1370-1465 жж.)

заманында бар ел. Бабамыз 6 атанға жүк артып, желмаясына мініп, адамы жүзге келмей өлмейтін, койы екі төлдейтін «жерұйық» іздеу сапарымен қазақ жерін 6 жылда түгел шолып шығыпты. Атыраудың, Маңғыстаудың таулы-тасты, сүреңсіз сүр даласынан кейін нулы-сулы, көкорай шалғын Ойыл жеріне келгенде «жерұйық» осы екен деп толғанады. Хан ордасын Ойылда орналастыруға келіспеген Керей, Жәнібек хандарға наразылық ретінде:

“Ойыл деген ойың-ды,

Отын тапсаң тойынды.

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың,

Ойылдан елді көшірдің — деп жыр арнаған. Қазақ ақын жыраулары шығармашылығының бізге жеткен алғашқы жазба «әліпбиі» осы жырдан бастау алады. Бабамыздың «Ойыл көздің жасы еді» деп толғануы өзен не бұлақ суының мөлдірлігі емес, қиратылған Мәулімберді қаласы тұрғындарының еңірегенде етегі тола төгілген көз жасының өтеуіне салынған Ойыл елі дегені деп топшылауға болады.

Мекеннің «Ой елі» атануы тектен-тек емес. Бұл мекенге оңтүстіктен де, солтүстіктен де, батыстан да, шығыстан да келгенде радиусы 7-8 шақырымдай үлкен ойпаттың ортасында тұрған ел «Ой елі» деп аталған. Ислам дінін таратуға байланысты Арабиядан-Әзербайжан-Дағыстанға дейінгі аймақ арабтардың ықпалында болуына байланысты Қазақ елі сол заманнан 1929 жылға дейін араб алфавитін пайдаланды. Осыған орай, «Ой елі» атауын арабша жазып, ауызша оқып айтқанда Ойыл болып дыбысталған, ғасырлар бойы солай жазылып келген. Қазақ елі 1929-1940 жылдары арасында латын алфавитін қолданды, ол қазақ сөздеріне пәлендей өзгеріс әкелген жоқ. Ал 1940 жылдан бастап орыс алфавитіне көшті. Міне, содан кейін Ойыл атауы «Уил» болып шыға келді. Семипалатинск — Семей, Алма-Ата — Алматы, Челкар — Шалқар, Хобда — Қобда тағы сол сияқты дұрыс өзгертулерге қарамастан, біздің Ойылымыз «Уил» күйінде қалды. Ойыл сөзіндегі 4 әріп орыс, қазақ алфавитіне де ортақ болғандықтан ауданның, кенттің атауын «Ойыл» деп жаздыратын уақыт жетті.

 Арналы өзен ағысы қайтты

Қазақ жерін зерттеу ерте кезден басталған. Грек тарихшы-географтары Геродот біздің дәуіріміздің 140-150 жылдарындағы зерттеулерінде Жайық (Дайкс), Жем (Румма), Сырдария (Яксарт) өзендерін анықтаса, ІХ-Х ғасырларда зерттеген араб ғалымдары оған қоса Сағыз өзенін анықтаған. XVII ғасырдағы Қазақ ордасына және Орталық Азия хандықтары жеріне бірнеше рет жасалған орыс саяхатшыларының Жайық сыртындағы дала туралы зерттеулері жинақталып, 1697 жылы жарияланған «Чертеж всей земли безводной и малопхородной каменной стени» (Бүкіл жері сусыз, өтуге қиын тастақты дала сызбасы) еңбегінде де Ойыл, Қиыл, Темір, Қобда өзендері көрсетілмеген. Ол жерлер сусыз дала есебінде болған.

Демек, Ойыл өзенінің бастауындағы бұлақ көзі мен жылма-жылға еріген, тасыған қар сулары бірнеше ондаған жылдар бойы бірте-бірте жыра-арна салу жылы шамамен 1700 жылдан кейін пайда болып, осы арна өзен бойындағы үлкен елді мекен ойдағы ел Ойылдың атымен аталған деп қорытынды жорамал жасауға болады. Олай дейтініміз 1697 жылы зерттеу қорытындысында аталмаған өзендер Қазақстан географиясы туралы 1762 жылы шығарылған «Орынбор топографиясы» атты ғылыми кітаптан бастап кездеседі. Ол уақытта Ойыл өзені ақын, сазгер Жолдыбой Айтқұловтың өлеңіндегідей «Ойылым арна, ағысы қатты» болып, 800 шақырымға созылып, Жайыққа құйған. Ал қазір Тайсойған құмына барып тармақталып, ұсақ көлдерге құйып жоқ болады.

Сан рет қирап, сан рет бой түзеген

Энциклопедиялық деректерге сүйенсек, 1630 жылдары Жоңғариядан жарыла көшкен торғауыттар Кіші Жүздің үстін қоныстана Еділ мен Жайық арасына орналасып, Қалмақ хандығын құрды. Көп ұзамай бұл хандық Ресей империясының қоластына кірді. Патша үкіметі бұл хандықты қазақ хандығына карсы қойды. Қалмақтардың қазақ жеріне бірде үдеген, бірде толастаған 110 жыл бойғы шапқыншылығын «көрсе де көрмегендей, білсе де білмегендей» боп отыра берді. 1669-1724 жылдарда 55 жыл бойы қалмақ ханы болған Аюкенің заманында бұл хандықтың жағдайы нығайып, есірген кезі болды. 1669-1675 жылдары олар қазіргі Ойыл, Жем, Қобда, Темір, Елек өзендерінің маңындағы қазақ жерлерін басып алды.

Жайықтан шыққан қалмақтың алғашқы жойқын соққысына ұшыраған Ойылдың шағын қаласы қиратылып, жоқ етілді. Алайда 1706 жылы Кіші жүздің атақты батырлары тама Есет, табын Қара батыр және оның баласы Бөкенбай батыр бастаған 18 мың әскер қазіргі Темір ауданының «Қалмақ қырылғанында» жаудың 20 мың қолын ойсырата жеңіп, Каспийдің солтүстік беткейіне дейін қуып тастайды. 1740 жылдары Жем өзенінің орта ағысындағы «Мәстағат» деген қырат маңында Бөкенбай, Есет бастаған 22 мыңдық қазақ қосыны Еділ қалмақтарына күйрете соққы беріп, оларды Жайықтың арғы бетіне қуып шығарды. Екі жақтан 40 батыр мен бидің қатысуымен өткен келіссөзде «қазіргі туған бала ат жалын тартып мінгенше шапқыншылықтар жасамау» туралы шарттасқан. Бұл бейбіт қатынастар 1770 жылға дейін созылды. Кейін Убаши ханның тұсында орыс- түрік соғысына әскери күш бермегендіктен араздасып, 160 мың адамдық қалмақ жұрты Жоңғарияға қайта көшті. Жолшыбай Кіші жүз қазақтарымен соғыса, көп шығынға ұшырап, қалғандары Цин империясының табанына түсті. Шамамен 1745-1750 жылдары екінші рет қиратылған Ойыл қалашығы қайтадан бой көтерді. Шағын қалашықта сол кезеңге сай керуен сарайлары салынып, жәрмеңкелер ұйымдастырылған және ол уақыт өткен сайын кеңейтіліп жетілдірілген.

Жібек жолы бойындағы жәрмеңке 

1865 жылы 26 қаңтарда Ресей соғыс министрі Д.Милютин қатысқан құпия кеңесте Орынбордың генерал-губернаторы Н.Крыжановский: «Оралдың шығысында 218 шақырым жердегі Ойыл өзенінің бойында бекініс салу өтінішімді қолдауды сұраймын. Ондағы мақсат: қай уақытта, қандай да болмасын қазақ даласындағы бүліктер мен толқуларды басуға оларға қарсы батыл қимыл жүргізетін сенімді тірегіміз болмақ» — деді. Ол ұсынысты мақұлдаған министр Орал облысының губернаторы Н.Веревкинге тез арада бекіністің сызбасын жасауға тапсырыс берді. (Орынбор мемлекеттік мұрағаты 370 қор 8 іс) Н.Веревкин көп уақыт шығындамай бұрынғы жылдарда Орынборда орыс архитекторы А.Брюловтың жобасымен салынған сауда корпустары, жәрмеңке комитетінің үйі, мұсылман мешітінің ғимараты т.б. нысандарды сол күйінде Ойыл бекінісінде салуға нұсқау береді.

Ойыл бекінісін салуға таңдалған жер Қаңқай есімді ауқатты адамның иелігі екен. Н.Веревкин бір жағынан қысым көрсетіп, оның солтүстік бағытынан 8 шақырым жерден басқа қонысқа жер берігі көшіреді. Қазіргі зират орналасқан ол қырат Қаңқай деп аталады. Жергілікті жерде күйдірілген қызыл кірпіштен салынған құрылыс 1865 жылы 19 маусымда басталып, әрбірінде 9 дүңгіршек-лавкадан тұратын 15 корпус пен жәрмеңке комитетінің үйі 1867 жылы әзір болған. Сонымен қатар қазіргі интернат орналасқан «Красавин үйі» ауласынан 8×8 метр шамасында банк үйі есебінде қызыл тастан үй тұрғызылып, жәрмеңке комитеті үйімен арасында ақша тасымалдайтын адам бойының биіктігіндей 700 метрдей жерасты жолы қазылған.

Осыған байланысты Н.Веревкин Орынбор генерал-губернаторы Н.Крыжановскийге хат жолдап, жәрмеңкені Барқын құмынан Ойыл бекінісіне көшіру жөнінде өтініш жасайды. Өтініш қанағаттандырылып, 1867 жылы 9 мамырда қырда салынған Ойыл бекінісінде алғашқы жәрмеңке ашылды.

Жәрмеңке жылына 2 рет — жаздың басында малдың төлі аяқтанып, қой мен түйенің жабағы жүні алынған, елдің былтырғы күзгі жәрмеңкеде алған заттары таусылғанда, соңсоң күзде — ел күзем алып, басы артық малын, жаздай сойған малының терісін сатып қысқа керекті заттарын қамдап алар кезде өтеді. Жәрмеңкеде Бұхардың таза жібек бұйымдарынан бастап, Ресей, тіпті шетел фабрикаларының тоқып шығарған мауыт, трико, сан турлі мақпал, қыздар басына тартатын шашақты жібек орамалдарға дейін толады. Енді, бір дүкендерге қазақтар көбірек алатын қара былғары, ұлтандық қызыл былғары, кебіс-мәсі, дегендер үйіліп жатады. Одан әрі қарай жүрсең шай, шекер, және жіпке тізген тоқаштар, өрік-мейіз, одан әрі айна, тарақ, сабын сияқтылар толып тұрады. Мал базары өз алдына. Қаланың шетінде үйір-үйір жылқы, қора-қора қой, түйе, сиыр малы көп келеді.

1774 жылы Орынбор қаласының тұсындағы Жайықтың Азия жақ бетінен «Меновой двор» қазақтардың айтуынша «Мынанай» — айырбас сарайы салынған. Мұнда қар кеткеннен бастап күзгі қара суыққа дейін қызу сауда жүреді. «Мынанайдың» қасында Әлім тауы деген төбе бар, қазір де орыстар оны «Пугачевская гора» деп атайды. Әлім тауы дейтін себебі осы жерде жылма-жыл жәрмеңкеге әкелінген Әлім-кетелердің малы жайылғандықтан солай аталыпты. Қазақтар арасында:

«Орыстың бір қаласы «Мынанай-ды»,

«Мынанай» тастан салған құламайды.

Қылығы ақ еркенің еске түссе,

Көрген көз, сүйген ауыз шыдамайды» деген ән бар.

Ойыл бекінісінің алғашқы басшысы Ашықбай Лепесов, базарбасы Меңдібай Күмісбайұлы болған. 1870 жылғы 20 мамырда Ойыл жәрмеңкесіне Орынбордың генерал-губернаторы Н.Крыжановский келіп, аралап, өз ризашылығын білдірген. Жәрмеңкедегі малдың құны сом есебімен төмендегідей болған: түйе — 70-80, жылқы — 55-65, өгіз — 40-50, сиыр — 35-40, қой — 10- 12, ешкі — 4-6 сом.

Кеңес өкіметі орнағасын, 1921 жылғы ашаршылық, одан кейінгі жылдардағы мәжбүрлеп ұжымдастыру, ауқатты адамдарды тәркілеу сияқты зобалаңдар салдарынан жәрмеңке жұмысы бұрынғы деңгейінде болмады. Соңғы ауқымды жәрмеңке Қазақстан үкіметінің басшысы, кейін қуғын-сүргін құрбаны болған Нығмет Нұрмақовтың (1895-1937) қолдауымен 1937 жылы жазда ұйымдастырылып, оның тауар айналымы 6 миллион рубльге жеткен. Үкімет басшысы Нығмет Нұрмақовтың және Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрлыбек Әбдікәрімовтің жалған жаламен атылуына, қуғын-сүргін науқандарына және екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, оның Отан соғысына айналуына байланысты жәрмеңке жұмысы тоқтатылды.

Ойылдағы ХІХ ғасырдың екінші жартысында тұрғызылған тарихи сәулетті ғимараттар: Керуен сарай, мешіт, сауда, жәрмеңке комитетінің үйлері облыс әкімдігінің 2010 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен Ақтөбе облысының жергілікті

маңызы бар тарих және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді.

Жақсылық БИСАЛИЕВ,

өлкетанушы.

Ойыл ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*