Басты бет » Мәселе » Малды іздеуде GPS-трекерлер қолданылады

Малды іздеуде GPS-трекерлер қолданылады

Аудандарда мал ұрлау дерегі өршіп тұр. Биыл полицейлер мал ұрлаған екі қылмыстық топты ұстаған.

 Еліміздің ең үлкен проблемасы — ұрлық

Сәрсенбі күні ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов халықтың алдында есеп берді. Оның айтуынша, елде ұрлық тыйылмай тұр.

— Елдегі қылмыстың 69 пайызын ұрлық құрайды. Ал кейбір облыстарда бұл көрсеткіш 70-72 пайызға жетеді. Былтыр 215 мың ұрлық тіркелді. Негізінен бұл жеңіл және орташа ауыр қылмыстар санатына жатады. Бірақ нақ осы қылмыстарға халықтың кең бұқарасы тап болады. Ұрлықтың алдын алу мен сондай қылмысты ашуда оң өзгерістерге қол жеткізе алмай отырмыз. Бұл бағыттағы полицейлердің жұмысына наразы халықты түсінеміз. Әрбір бесінші ұрлық тұрғындардың үйінде жасалады. Әрбір төртінші ұрлық — ұялы телефондардың ұрлығы, — деді ол.

Министрдің сөзінше ауылдық аймақтарда мал ұрлығы шаруа қожалықтарына үлкен зардап әкелуде. Сондай-ақ, мал ұрлығы ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына да кедергі етеді.

— Мал бағу — ауылдағы жалғыз табыс көзі. Сондықтан мұндай қылмыстар аса қауіпті, — деп есептейді Қалмұханбет Қасымов.

 Мал ұрлығы Ырғыз ауданында көп

Облыста мал ұрлау дерегі жиілеген. Облыстық ішкі істер департаменті ұсынған мәліметтерге сәйкес, мал ұрлығы Ырғыз ауданында 2,5 есе, Шалқар ауданында 13%-ға, Ойыл ауданында 14%-ға, Мұғалжар ауданында 6%-ға, Алға ауданында 29%-ға, Қарғалы ауданында 50%-ға артқан.

Мал ұрлау саны 0,6 пайызға өскен. Былтыр 452 мал ұрлық дерегі тіркелді. Соның 90 пайызында мал қараусыз жайылымнан ұрланған.

2016 жылы облыстық ішкі істер департаменті бес рет «Мал ұрлығы» жедел-алдын алу іс-шарасын жүзеге асырды. Соның нәтижесінде мал ұрлығының 33 дерегі ашылды, 2 қылмыстық топ ұсталды.

Полиция қызметкерлері 941 рет жергілікті тұрғындармен жиналыс ұйымдастырды. Сонда малды қараусыз қалдырмау, оны тіркеу қажеттігі туралы және мал жайылған аумақты қоршау керектігі жайында халыққа түсіндірді.

Биыл да сондай шаралар жүзеге асты. Үш рет «Мал ұрлығы» жедел-алдын алу шарасы өтті. Бұған полиция қызметкерлері жəне ауылшаруашылық басқармасы мен ветеринариядан 134 маман жұмылдырылды. Олар елді мекендерден шығатын тасжолдарда мобильді пост құрып, мал тасымалдаған көліктерді тексерді.

GPS-трекерлер туралы

Аудандарда төрт түлік малдың жиі ұрланатындығына облыстық мəслихаттың депутаттары да алаңдаулы. Биыл облыстық жергілікті полицияның басшысы Қанат Əлиев депутаттардың алдында есеп бергенде, осы мəселе талқыға салынды. Депутат Марат Итеғұлов малдың денесіне электронды чип енгізуді ұсынды. Мұны облыс əкімі Бердібек Сапарбаев та қолдады.
Қылмыстың алдын алу бойынша Ведомствоаралық комиссияның отырысында да осындай ұсыныстар түсіп жатты. Ақыр аяғында облыстық əкімдік қолдау көрсетіп, GPS-трекерлердің екі түрін сатып алуға шешім қабылдады. Бұл құрылғылар мал ең көп ұрланатын ауылды аймақтарда биыл қолданыла бастайды.

Сонымен қатар полицейлер тəркіленген жəне бос жүрген малды уақытша ұстау үшін загондар енгізуін сұрады. Осылайша, мал загонның ішінде толық тексерістен өтеді жəне оның иесі анықталуы тиіс. Егер малдың иесі табылып жатса, онда малы загонда тұрғаны үшін меншік иесі белгілі бір қаржы төлейді.

— Осының арқасында келешекте мал иелері өз меншігіне мұқият қарайтын болады, — дейді полицейлер.

Ветеринар мамандар полицейлерге 20 планшет сыйлады

 Мал ұрлығының алдын алу үшін облыстық ветеринария басқармасы да бірқатар шараларды қолға алған. Осылайша, «Ішкі істер бөлімдері мен ветеринарлық бақылау арасындағы өзара әрекеттесу туралы» бұйрыққа қол қойылды. Сондай-ақ, ауылшаруашылық жануарларының бірдейлендіру нөмірлерін пайдалану бойынша ішкі істер бөлімдері мен ветеринарлық бақылау мекемелері арасында меморандум жасалды. Ендігәрі полиция қызметкерлері малдың жеке бірдейлендіру нөмірін тексеру үшін ортақ базаға кіре алады. Ветеринарлар демеушілердің қаржысына полицейлерге 20 планшет сыйлапты. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары көліктер жиі өтетін жолдардың бойында мал тасымалдаған жүргізушіні тоқтатып, малдың шын иесін планшет арқылы анықтай алады.

— Мал ұрлығының алдын алу үшін 2016-2017 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына ауылшаруашылық басқармасы, облыстық ішкі істер департаменті, облыстық прокуратура, ветеринария басқармасы, аумақтық ветеринарлық бақылау инспекциясының өкілдері кірді. Осыған орай, полиция қызметкерлері мен ветеринар мамандары бірлесіп, қала базарлары мен мал базары аумағында рейд жүргізеді, — дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанадбаев.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданынан 2 бас қой ұшасын ветеринарлық анықтамасыз тасымалдаған Руслан Сүттібаевтың көлігі тексерілді. Ол қойларды «Алтай» базарына әкелген. Мал иесіне 22 690 теңге айыппұл салынды.

Атқарылған жұмыстардың нəтижесінде мал жəне ет өнімін тасымалдаған 38 адамның көлігі тексерілді. Соның ішінде 23 адам малды құжатсыз тасымалдаған. Олардың барлығы əкімшілік жауапкершілікке тартылып, полиция есебіне алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

P.S. 25 жылдың ішінде ел аумағында 2 милионнан астам ұрлық тіркелді. Оның 1,5 миллионы ашылмай қалды. Барлық қылмыстардың арасында ұрлықтың үлес салмағы 60%-ды құрайды. Тек соңғы бес жылдың ішінде ұрлық 70 миллиардтан астам теңге шығын əкелді. Ұрлықпен күресуде мемлекет барынша іс-шараларды жүзеге асыруда. Алайда қарапайым тұрғын да қол қусырып қарап отырмауы керек. Ұрыға жем болып қалмауымыз үшін өз меншігімізге мұқият қарауымыз қажет. Өйткені ол меншік мемлекеттікі емес, сіздікі.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*