Басты бет » Әдебиет » Ойдың өріне, жүректің төріне шыққан жыр

Ойдың өріне, жүректің төріне шыққан жыр

Ақын, драматург, қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин 13 маусымда 70 жасқа толады. Оқырман оны «Беймаза көңіл», «Көктем көші», «Жетінші құрлық», «Азаматқа аманат», «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу», «Сырнайлы шақ», т.б. жыр жинақтары, «Шырақ жанған түн», «Тас киіктер», «Ақ құс туралы аңыз», «Қарымта», «Қилы заман» секілді драмалық шығармалары арқылы жақсы біледі.

Ақын мерейтойына орай оқырмандар назарына оның шығармашылығы жайлы мақаланы ұсынуды жөн көрдік.

Оразалин Нұрланның ақындық бол­мысына тән екi қасиеттi атап айтқым келедi. Бiрiншiсi — батылдық, екiншiсi — ғашықтық. Батылдығы — қашанда ақиқатты айтуы, ғашықтығы — адам­зат­тың бәрiн бауырым деп сүюi.

Ақынды ғарышқа алып ұшар бұл қос қанат еркiн самғарға жүрек керек. «Ойдың өрi мен жүректiң төрiне шыға алған жыр ба­қыт­ты» деген өз сөзiн Нұрланның өз шығармашылығына айтсақ, әдiлеттiлiк болады. Оразалин поэзиясы осындай бағаға әбден лайық.

Жап-жас балаң таланттың әп дегенде ақындық әлқиссасы: «Талайлар қа­мы­­ғып iздеген бұл шындық күрес пе?», «Шың­ғырады жер үстi шындық­та­ры — Жүрегiмде жазбаған жырым болып» бас­талуы­нан-ақ, қазақ жы­рының қазiргi қар­­қарасына айналған қайраткер тұл­ға­ның бастауы қайдан шыққанын бай­қай­сыз. Ендеше, бiр замандарда ұлы Сұл­тан­­махмұт, кеңестер тұсында Мұ­қа­ға­лилар iздеп шырқ айналған шындықтың ауылына жол тартушы Нұрланның отыз­да­ғы лирикасы «Күрес жыры» аталуы әб­ден заңды екен. «Менiң жиырма жасым ке­ледi» деген әрi қуатты да қайсар, әрi шуақ­ты да мөлдiр шумақтармен-ақ өлең өл­кесiне ақ отауын тiккен ақын жырына тағы бiр үңiлейiкшi:

Атағы жоқ Есениндер… Жын қысқан…

Жаңғырады жатақхана өлеңi.

Менiң жиырма жасым мұң құшқан…

Түн ортасы…

Көше бойлап келедi,

Жауындатып келедi,

Дауылдатып келедi,

Ән-жыр кешiп келедi,

Жаңбыр кешiп келедi,

Желп-желп етiп желегi,

Менiң жиырма жасым келедi!

 

Сөйтiп, он сегiз жасында «жер үстi шын­дықтары жүрегiнде жазбаған жыры бо­лып шыңғыру» түбi жоғарыда мен айтып кеткен «Күрес жырына» жалғасты да, жиырма жастағы жауындатып келу соңы — сырбаз да сырлы «Сырнайлы шақ» пен аспан асты, жер үстiн құша­ғы­на сыйғызардай «еркiн самғайтын қы­ран­дығы бар» (Тұманбай Молдағалиев) «Беймаза көңiлге», «Ән-жыр кешiп келу» соңы — Қыз Жiбектiң көшiндей көз жауын алар көрiктi «Көктем көшi­не», «дауылдатып келу» соңы — қырымға қы­ранша қарап, мұң мен зарды қолға алар «Жетi құрлық» пен «Құралайдың сал­қынына» ұласты! Ақ сезiмiн ақта­ры­ла шашып-төгiп, асып-тасып жырлайтын он сегiзi ендi үнемдi сөйлеп, үнемi ой­лай берер «уайым да көп, ой да көп» ке­зеңге — кемел, кемеңгер, кең толғай­тын кезiне қадам басқандай.

Қам ойлайтын пенденi қағанағы қарқ, сағанағы сарқ қуаныш-шаттық емес, сiрә, ең алдымен уайым-қайғы қайраткер ететiн сияқ­ты десем, қателесе қоймаспын. Нұр­лан ақынның 1980-1990 жылдар ара­лы­ғындағы туындыларында қай­рат­кер­лiк, азаматтық iрi мүддеден нәр алған мұң мол. Ойшылдыққа ойысқан ордалы, қордалы, парасатты мұң. «Бақаның бағынан сұңқардың соры артық» деген Баукең ғибратымен бауырлас мұң! Рас, кешегi кеңестер заманындағы секiлдi бүгiнгi кеңшiлiк кезеңде де «қара негрдiң қайғысын — халықаралық» деп, қазақ қаламгерiнiң мұң-зар күйiн «от басы, ошақ қасының күйкi тiрлiгi» деп қабылдайтындар әлi бар. Тiптi әдеби кештерде, қайсыбiр сыр-сұхбаттарда баяғы сус­ловтық идеологияға бағып, «мұңды өлеңдердi» мансұқтайтындар да төбе көрсетiп жүр.

Оразалин поэзиясындағы ой мен уайым әлгiнде бiз айтқан қайраткерлiк жүректен шығып жататындықтан да, оны шын мәнiнде екi дәуiрдiң ерi, ерлiк жыршысы дегiзедi. Әуезов айтқандай, «ер атану, ерлiк атанудың өзi адамның жалғыз аяқ жолынан ұшырас­пайд­ы. Үйелмендi елiнiң өзегiн жарған мұрат-мүддесiнiң жолында ғана ұшырасады». Бiз оның үш томдық («Жазушы», 2006 ж.) поэзиясынан сондай елшiлдiк мұрат-мүдденi танимыз. Сол себептi де Оразалин поэзиясы — ой­дың өрi мен жүректiң төрiне шыға алған бақытты жыр!

 

Мен жылаймын!

Жылаймын

Көрсетпей жасын көзiмнiң,

Босатпай жiбiн төзiмнiң,

Тарқатпай ойдың жүйесiн,

Ұрпақ пен ұлттың

Тұмшалай қалса  көзiң мұң,

Құм қылмау үшiн

Тау-тасын соңғы төзiмнiң,

Мен жылаймын! – деген жолдардың өзi-ақ бұған айқын дә­лел-дәйек. Мұндай iргелi ой, iрi мүдде ға­на көкiре­гiнде оты бар ақынды көр­кем­дiктiң де алыс қиырларына алып ұшса керек.

Лирика мен эпиканы поэзияның өзге түрлерiнен төмен деуге болмас. Бi­рақ драмалық поэзия биiгiне ақындар­дың ақыны ғана самғап шыға алады. Нұрланның «Қара қазан ға­сыр», Есен­ғалидың «Ғайша бибi» және Иран-Ғайып­тың «Қорқыттың көрi», Әбiштiң «Абылай хан» драмалық дастандары қазақ әдебиетi үшiн құбылыс туындылар екендiгiнде күмән жоқ.

Оразалин үш томдығына үңiлген оқушы оның ойшылдығы парасатты, философиялық тереңдiкке тамыр тартып жатқанын пайымдайды. Бельгер ағамыз «Жас Алаштағы» бiр сұхбатында қазақ ақындарында «филосо­фиялық тұғыр жоқ» деген пiкiр айтып қалғаны бар. Рас, солай, бiрақ бәрiнде емес. Фи­ло­софиялық тұғыры тұлғалы шайырдың бiрi Нұрлан екенiне көз жеткiзу үшiн оның шығармашылығының iшкi иiрiмдерiне бойлау қажет. Тiптi таза лирика­лық сипаттағы мына бiр жастық шақта жазылған  жолдарға назар ау­дарайықшы.

 

Шетен гүлдеген көктемде,

Сен менен шеттеп кеткенде.

Өзгердi өмiр, амал жоқ,

Өзгерттi бiздi көп пенде.

 

Немесе:

 

Бозала кимешек оранып,

Боз көкпен жалғасар шың барда,

Басылмас боз дала бораны,

Ақындар кешетiн мұң барда…

 

Екi үзiндiнiң соңғы жолдарына ұзақ та­ратып айтар ойлар сыйып кеткенi анық. Әсiресе, «Басылмас боз дала бора­ны, Ақындар кешетiн мұң барда» деуi то­сындығымен толғандырады.

 

Ауыр не бар өзiңдi-өзiң шектеуден,

Бәрi даудың басталады жетпеуден.

Жоқшылықтан басталады жабырқау,

Қайыршылық басталады көктеуден.

 

Бақпады ма? Ұл безедi атадан,

Жақпады ма? Құл безедi батадан.

Тақпағыңа алданар ма жас бала?

Көрiспесе, бiр-бiрiне жат адам.

 

Мен дәуiрдiң мiнезiнен қаймығам,

Қас қағымда құбылған да айныған.

Адамдардан…

Надандардан қорқамын,

Ар мен сөзден, мұңнан, жұрдай қай­ғы­дан.

 

Бұл оралымдар заманның сүреңiн жа­ратпаған Мұрат Мөңкеұлы, «шошимын кейiнгi жас баладан» деп уайым­даған Абай, «сол себептi қорқамын» деп ой түйiндеп отыратын Шортанбай сынды ордалы ойшылдар сарынымен үн­де­сiп жатқан жоқ па?! Дәстүр жалғас­ты­ғы­на соны айтамыз. Үйрену, үлгi алу мек­­­тебiнiң үрдiстерiн сезiнемiз. Қалай де­генде де, Нұрлан өзiндiк жырлау мә­нерi, ақындық стиль даралығы бар, кемелдiгi де тек өзiне тән, күрмеуi қат-қа­бат күрделiлiгi де тек өзiне тән ақын.

Оразалин шығармашылығы жайлы дү­ниеден өтiп кеткен дүлдүл сыншы Сайлаубектен асырып айту қиын. Ол былай дептi:

«Ненi болсын, өзiндiк тұрғыдан, ақын­дық кестелеу тұрғысынан, жаңаша әрi тың беруге құш­тарлық лебi оқыр­ман­ды тартып қана қоймайды, баурап алады. Әп-әдемi қысқа қайырымдар,  поэти­ка­лық  паузалар, аяқтал­маған емеу­рiн­дер мен дiрiлдеген сезiмдердiң ұшқын атқан шоқ жалыны, ин­тонациялық екпiн мен ырғақтар, әр алуан ассоциациялар, ли­рикалық ойлау жүйесiндегi субъективтi ­сәттер, экспрессивтiк реңктер иiрiмi, музы­калық әуездер үйлесiмi бiрден көз тартады».

Тап басып танып айтқан бұл пiкiрге бiз Нұрлан Оразалин, Әуезовтiң Мағжан туралы сөзiн қайталап, «культурасы зор ақын» дегендi қосар едiк. Олай болатын себебi, көркемдiк бояу­ларының молды­ғын­да, шыншылдығы шын­айылы­ғын­да, сезiм селкеусiздiгiнде, тебi­ренiс т­е­реңдiгiнде, ұлан-асыр әлемдi құшағына қамту аясының ұлан-ғайырлығында ға­на емес, ылғи да өзiн-өзi қамшылап, өзi­не-өзi көңiл толмауында, өзiне-өзi тiптi де қанағат­танбауын­да.

 

«…Отты өлеңнiң жалыны ерте сөнсе,

Мен не дермiн, апыр-ай, ертеңiме?!»

 

«…Мен осы өзiммiн бе, басқамын ба,

Пендемiн бе, жүрген құр бас қамында?

Жанымды мазалайды қайдағы ойлар,

Жиi жасын ойнайды аспанымда…»

 

«Кел, Құдiрет, жүрегiмдi, кел, емде!

Кiм айтады? –

Не беремiн өлеңге?..»

 

«Өмiр босқа күрсiнтiп өтер ме деп,

Ойым, жырым далаға кетер ме деп.

Өзiмдi-өзiм келемiн ширықтырып,

Өзiмдi-өзiм келемiн «көтермелеп».

 

Бұлайша «ширығуды», әсте, әлсiз­дiк­ке телi­меймiз, керiсiнше, кез келген өнер­пазды өсiре­тiн өрелi мiнезге тән қасиет деген жөн.

Осындайда ойыма қазақтың от тiлдi, орақ ауызды, ақиық  ақыны Бекхожин Қалижан аға­мыздың «Махамбет қабiрi басындағы тебi­ре­нiс» атты өлеңi түседi. «Мен – боқылақпын, боз баспын, Бәйгеге түсiп озбаспын!» деп тебi­ренушi едi ғой Қалижан ақын. Шабыты — шарболат, намысы — қайрақ, қуаты — қыруар, рухы мықты талантқа тәнтi тебiренiс бұл. Мен ақын Оразалиннiң өзiн-өзi қайрап, толғаған ширы­ғуы­нан да, қайрат шақырған шамырқанысты бү­кiл жан-тәнiммен сезiндiм:

 

Мен Махамбет емеспiн,

Сен Махамбет емессiң!..

Еңку-еңку жер шалып

Төскейiнде белестiң,

Ерттей алмай күреңдi,

Сарғайып сана, жыр өлдi.

Көмейге бұршақ тiрелдi,

Жалында қилы заманның,

Көзiнде милы ғаламның

Елiм талай iрелдi,

Бiр тiрiлiп, бiр өлдi.

Тағдыры жарға тiрелдi,

Сана талай күрелдi!..

 

Әдебиетте қырық жылдан астам ең­бек етiп, iргелi ақын, iрi қоғамдық қай­рат­кер дәреже­сiне көтерiлген қаламгер, ел деп тындырған елеулi тiрлiгiне қа­ра­мастан, өзiне ырза емес! Ал мұндай «көңiл толмаушылықты» өмiрiнде қан­ша асуларды алса да, ешқашан болдым-тол­дым демейтiн аса қуатты, мықты та­ланттар ға­на айта алады! Ақиық Мұ­қа­ғалидың өзi «архивтерден табылар­мыз» деп қамығушы едi ғой! Маған ақын ретiнде де, баспагер-редактор тұр­ғысында да, кәдiмгi адами жағынан да, Нұрлан Ора­залиннiң өзiнiң де, өлеңiнiң де осы бiр аспас, таспас, сабырлы да салмақты болмысы ұнай­ды.

Ақынның алпыс жылдығына орай жа­рық көрген үш томдық таңдамалы туындылары туралы редактор-баспагер ретiндегi айтар шағын сөзiмiздiң бiр парасы осындай. Ойдың өрiне, жүректiң төрiне шыққан өрелi поэзия, қайраткер ақын, толымды тұлға жайлы толық пiкiр, толайым талдау алда — ертеңнiң еншiсiнде. Сол тоқсан ауыз толғаудың тобықтай түйiнi мына жалғыз шумаққа сыйып кетедi:

 

Сөйлеп бiр кетсе — данам дер

Дарабоз тұлға, күштi өлең,

Қазақта аз-ау қаламгер

Нұрланның нұры түспеген!

 

Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ.

Қараша, 2007 жыл.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*