Басты бет » Әлеумет » Пәтер алуға өтініш тапсырыңыз

Пәтер алуға өтініш тапсырыңыз

AKTOBE NEWS

«Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ  25-31 мамыр аралығында Ақтөбе облысы бойынша қосымша өтініштер қабылдайды.

Қазіргі таңда Батыс-2 шағын ауданында жалпы алаңы 42,9-52,4 шаршы метр болатын 1 бөлмелі 62 пәтер бар, 11-шағын ауданда («Арай» тұрғын үй кешені) жалпы алаңы 47,70-53,20 шаршы метр болатын 1 бөлмелі 33 пәтер бос. Сонымен қатар Ә.Молдағұлова даңғылы, 56-үйден («Золотой квартал» тұрғын үй кешені) жалпы алаңы 59,8-84 шаршы метр болатын 2 бөлмелі 70 пәтерге өтініш тапсыруға болады.

Бағдарламаға тек жергілікті атқарушы органда «Көпбалалы отбасылар», «Толық емес отбасылар», «1 және 2 топ мүгедектері», «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар» санаттары бойынша кезекте тұрғандар, сондай-ақ, «Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар», «Оралмандар», «Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар» санаттары бойынша кезекте тұрған азаматтар қатыса алады.

Барлық үміткерлер өтініш берген алаң бойынша төлем қабілеттіліктерін растаулары тиіс. Кезектегі азаматқа өтініш беру үшін халыққа қызмет көрсету орталығынан электрондық-санды қолтаңба алып, электрондық үкімет порталына кіру және «Жылжымайтын мүлік» бөлігіндегі «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй алу үшін І және ІІІ топтағы азаматтардан өтініштер мен құжаттарды қабылдау» қызметін таңдауы қажет.

Аталған қызметке тапсырыс беру кезінде тармақтардағы сұрақтарға жауап беру қажет (тіркелген жері туралы мәлімет, өзінде және отбасы мүшелерінде тұрғын үйінің жоқтығы туралы мәлімет, байланыс телефондары және электрондық поштасы) және қажет кезінде алдын ала сканерленген құжаттарды бекіту қажет.

1278 ПӘТЕРГЕ ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАЙДЫ

«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ Ақтөбе филиалы «Азаматтардың барлық санаттары үшін тұрғын үй» бағыты бойынша 9 маусымға дейін өтініштер қабылдайды.

Жергілікті билік өкілдері «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында салынып жатқан 1278 пәтерлік 6 тұрғын үйге өтініштер қабылданып жатқандығы туралы ақпарат таратты. Тұрғын үй құрылысы 2017 жылдың қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Өтініштер 9 маусымға дейін электрондық нұсқада www.hcsbk.kz сайтында қабылданады. Өтініш бергенде қандай алаңға және қанша бөлмеге үміткер екені көрсетілуі керек.

 ҮШ ӘЙЕЛГЕ ИМПЛАНТ САЛЫП БЕРДІ

Ақтөбеде «Жаңа технологиялық күні» акциясы аясында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты маммология орталығының басшысы Шынар Талаева келіп, үш күнде үш әйелдің омырауына имплант салып берді.

— Әйелдер омырауында ісік, жара бар екенін білсе де дәрігерге дер кезінде бармайды. Олар дерт анықталса, омырауынан түгел айырылып қалудан қорқады. Қазір жергілікті дәрігерлер сүт безін сақтап қалудың жолдарын біледі. Әйелдер үшін отадан кейін қалпына келу өте қиын екенін білеміз. Қазір омырауынан айырылғанда оның орнын толтырудың жолы бар. Имплант орнату отасы ақысыз жасалады, — дейді Ш.Талаева.

Айта кету керек, өкінішке қарай, биыл Ақтөбе облысы сүт безі обырының өлім көрсеткіші бойынша бірінші орынға шықты. Жыл басынан бері Ақтөбеде 58 әйелден сүт безі обыры анықталып, дерті асқынған 20 әйел көз жұмды.

Aktobenews.kz

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*