Басты бет » Басты жаңалықтар » Қорғаныс министрі Ақтөбеге келді

Қорғаныс министрі Ақтөбеге келді

ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов жұмыс бабындағы сапармен облыста болды деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Генерал-полковник Сәкен Жасұзақов осында болғанда Ақтөбе гарнизонының жұмысын тексерді.

Сонымен бірге ол облыс әкімімен бірге «Есет батыр» оқу-жаттығу полигонына, №30238 әскери бөліміне және Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтына барды. Министр оқу орнының материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен, оның ішінде курсанттардың ұшу шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беретін әуе техникасымен танысты. Генерал-полковник сондай-ақ жоспарланып отырған қару-жарақ қоймасы құрылысы орнын көрді.

Аралау барысында Қорғаныс министрі мен облыс әкімі аймақ үшін бірқатар көкейкесті мәселелерді, оның ішінде Әскери институт аумағында орналасқан әуе техникасы музейіне келушілердің жаппай кіруін ұйымдастыру жайын да қарастырды.

Бердібек Сапарбаев Министрді өңірде қабылданып жатқан әскери қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету шараларымен таныстырды.

— ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығын жан-жақты мерекелеу аясында  және Отан қорғаушылар күні қарсаңында бес әскери қызметкерге қызметтік пәтерлер кілті тапсырылды. Біз алдағы уақытта да әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға әзірміз, — деп атап өтті облыс әкімі.

Генерал-полковник сондай-ақ Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде болып, осындағы әскери кафедра жұмысымен танысты. 2004 жылы бұл кафедраға запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша Ақтөбедегі басқа да жоғары оқу орындарының студенттерін даярлауға мүмкіндік беретін жоғары оқу орны аралық  мәртебе берілген еді. Ағымдағы жылы мұнда 104 офицер даярланып шықпақшы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*