Басты бет » Басты жаңалықтар » Депутаттар жылыжай кешенін аралады

Депутаттар жылыжай кешенін аралады

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Бақытжан Ертаев, Жанат Жарасов «ҚазАгроФинанс» АҚ қолдауымен үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған «Green House Kazakhstan» ЖШС жылыжай кешеніне барды.

Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова депутаттармен жылыжайды аралап, мамандармен тілдесті. Жылыжайдың алғашқы өнімдерінен дәм татып, кешеннің құрылғыларымен танысты.

Жалпы аумағы 9,5 гектарды құрайтын жылыжай биылғы жылы пайдалануға берілген. Жылыжайда бүгінде 100-ден астам адам жұмыс жасайды. Кешенде қияр мен қызанақтың әртүрлі голландиялық сорттары егіледі. Жылыжай голландиялық құрылғылармен жабдықталған.

Біздің бұл жұмыс сапарымыздың мақсаты — Ақтөбеде өтетін мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысына қатынасу. Онда елдің арасындағы, қоғамдағы тыныштық, Ақтөбе өңірінде болған террорлық жағдай мен соған байланысты шығарылған Заңдарды талқылау, тағы басқа мәселелерді ортаға салу.  Сондай-ақ жұмыс сапары аясында облыстағы халықтың тұрмысын көру, танысу.

Міне, біз халыққа қажет көкөніс түрлерін өсіретін жылыжай кешенін аралап отырмыз.  

Бұрын көкөністі біз басқа жақтардан әкелетін едік, қазір елімізде үлкен жылыжайлар салынып, халықты таза өніммен қамтамасыз ететін болдық. Тіпті Ресейге нарыққа шығарып та жатырмыз. Жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Мұндай бастамаларды біз көңіліміз қош көріп, қолдауға ниеттіміз, — деді Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов.

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*