Басты бет » Жаңалықтар » Депутат білім беру ұйымдарын аралады

Депутат білім беру ұйымдарын аралады

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Ақтөбе қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Халық қалаулысының қасында облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова болды.

Мәжіліс депутаты барған алғашқы нысан — қаланың Батыс-2 шағын ауданында бой көтерген облыстық Өнер академиясы. Бүгінде құрылыстың соңғы кезеңі, яғни ғимараттың ауласына тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәжіліс депутатына облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова, қалалық Оқушылар сарайының директоры Шәмшат Шалабаевалар  Өнер академиясының ішін аралап көрсетіп, білім беру ұйымының алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырды. Ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін мұнда бір мезгілде 1000 баланың қосымша білім алуына, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалады. Өнер академиясының екінші қабаты түгелдей планетарий, обсерваторияға арналмақ.  С.Қалдығұлованың айтуынша, Ақтөбе қаласындағы планетарий ғимаратының іргетасы қаланғанына 50 жылдан асқан. Бұл — балаларға аспан әлемін таныстырудағы жаңаша үлгіде салынып жатқан планетарий. Бүгінгі күні планетарийге арналған құрал-жабдықтарға тапсырыс берілген. Қаланың ескі бөлігіндегі планетарий жабдықтары оптикалық үлгіде болса, мұнда сандық үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылмақ. Оқушыларға соңғы технологиялық әдіс-тәсілмен білім беріледі. Ш.Шалабаеваның айтуынша, болашақта Өнер академиясында балаларға робот техникасын үйрету үшін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен мамандар шақыртылған. Қазір робот техникасының қыр-сырын үйрететін жас мамандар мұнда көптеп келіп жатыр.

Астанада хореография академиясы бар. Мұндай жоғары оқу орны ТМД елдері бойынша Қазақстанда алғаш рет ашылды. Кеңес заманында Ресейдің Пермь, Санкт-Петербург секілді қалаларында хореографиядан жоғары оқу орындары болды. Олар әлі сол күйінше тұр. Қазіргі мәлімет бойынша, жоғары деңгейдегі хореографиялық академия әзірге Қазақстанда ғана. Америкада балаларды спортқа баулу үшін әуелі бассейнге, содан соң хореография үйірмелеріне береді. Себебі, хореографияға қатысқан баланың аяқ күштері мықты болады. Өздеріңіз байқасаңыздар, біздің мықты деген боксшыларымыз үшінші раундқа келгенде шаршап қалып жатады. Ол — тыныс алу жүйесінің әлсіздігі. Хореография тыныс алу жүйесінің жұмысын жақсартады, — деді Қ.Сұлтанов.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаты қаладағы «Сымбат» және облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының ішін аралып  көріп, ондағы мамандармен кездесіп, білім беру ұйымдарының жетістіктері мен алдағы жоспарларын тыңдады.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*