Басты бет » Жаңалықтар » Рухани жаңғыру — дамудың кепілі

Рухани жаңғыру — дамудың кепілі

«Нұр Отан» партиясының облыстық  филиалының ғимаратында «Рухани жаңғыру — дамудың кепілі» атты республикалық ауған соғысы ардагерлерінің патриоттық форумы өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, еліміздің бірқатар облыстарынан келген ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының төрағалары, соғыс және еңбек ардагерлері, оқытушылар, т.б. сала мамандары қатысты.

Шараның басында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Елбасының халыққа ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Ұлттық бірегейлікті сақтау, рухани жаңғыру сияқты мәселелер жан-жақты талданып, таяу жылдарға арналған ауқымды міндеттер жүктелгенін атап өтті. Бұл ретте аталған форумның мән-маңызы ерек екенін, қатысушылар жаңа қазақстандық патриотизмді дамытудың негізгі басымдықтарын талқылау үшін жиналғанын айтты.

— Қасиетті өңірлердің бірі — Ақтөбе облысында өтіп жатқан форумның басты мақсаты — патриот жастардың санын одан сайын ұлғайтуға күш салу, қазіргі қоғамдағы рухани-адамгершілік сияқты қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, оларды кеңінен насихаттау. Әрі мемлекеттік органдар мен қоғамды осы бір мақсатқа жұмылдырып, ортақ жұмысты бірлесе һәм тиімді жүргізсек дейміз.

Осыны басшылыққа алып, бүгін Ақтөбенің бірқатар мәдени орындарын, жылыжай кешенін араладық. Ардагерлерімізге қаншалықты құрмет-қошемет көрсетіліп жатқанына куә болдық.

Біз, алдыңғы буын өкілдері, ауған соғысының ардагерлері ұл-қыздардың тарихты қастерлеуге, ұмытпауға, туған жердің қадірін білуге шақыруымыз тиіс. Оларға бұның қаншалықты маңызды екенін ұғындыруымыз керек. Өйткені бізге бұның барлығы оңайлықпен келген жоқ, — деді Бақытжан Ертаев.

Сондай-ақ, басқосу барысында шараны ұйымдастырушылардың бірі «Ер бақыт» патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев патриоттық сезімді одан әрі жандандыруда, оны жастардың арасында дәріптеуде ауған соғысы ардагерлерінің рөлі ерекше екенін, бұл істе барлығы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жұмылуы тиіс екенін жеткізді.

Форум соңында қатысушылар күн тәртібіндегі мәселе бойынша бірлескен жұмысты одан әрі күшейтуге уағдаласып, мұндай шаралардың кім-кімге де берері мол екенін тілге тиек етті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*