Басты бет » Жаңалықтар » Бюджет қалай орындалды?

Бюджет қалай орындалды?

Мәслихат

Сәрсенбі күні облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.

Отырысқа облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Тұрақты комиссияның отырысында облыс әкімдігінің 2016 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы және облыстың әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салықтық-бюджеттік саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыру туралы есебі тыңдалды. Бұл мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Өнербаев хабарлама жасады.

Басқарма басшысының мәлімдегеніндей, 2016-2018 жылдарға бекітілген және 2016 жылдың бюджеті атқарылуы барысында нақтыланған облыстық бюджет, қолдағы тиісті нақтыланған көрсеткіштерден кірістер бойынша 106,3 пайызға орындалып, шығыс бөлігі 99,6 пайызға игерілген.

— Есепті жылда бюджетті орындау барысындағы басты міндет — әлеуметтік маңызды шығыстарды уақытылы орындау, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету болды. Өткен жылы мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақылары бойынша шығыстарды уақтылы және толық қаржыландыру қамтамасыз етілді, — деп мәлімдеді депутаттарға басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Мұнымен бірге, баяндамашы салалар бойынша бөлінген қаржылардың орындалуына, республикалық бюджеттен түскен трансферттік қаржыларға, оның ішінде «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға, «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасының аясында инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамту іс-шараларын жүзеге асыруға бағытталған қаржыларға нақтырақ тоқталды. Елді мекендердің автомобиль жолдарын және көшелерін  күрделі жөндеуге, индустриалды инфрақұрылымды дамытуға, «Бизнестің жол картасы — 2020» баяндамасы аясында жеке кәсіпкерлікті қолдауға, өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде мемлекеттік білім беру тапсырыстарын іске асыруға, денсаулық сақтау объектілерін салуға және қайта жаңғыртуға, газ тасымалдау, жылу энергетика  жүйелерін өркендетуге, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымдарды жобалап, дамытып, жайластыруға және сатып алуға бөлінген қаржылар туралы әңгімеледі. Сондай-ақ республикалық бюджеттен тұрғын үй салуға және сатып алуға, мамандарды әлеуметтік қолдауға және кәсіпкерлікті дамытуға  несиелер бөлінгені айтылды.

Мұнымен бірге, тұрақты комиссия отырысында 2016 жылдың аяғына бюджет жоспарының  шығындар бойынша 555,9 млн теңгеге орындалмағаны белгілі болды. Сондықтан да осы мәселені талқылау барысында депутаттар баяндамашыға, комиссия отырысына қатысқан өзге де бюджетке қатысты басқармалардың басшыларына көптеген сауалдар қойып, кейбір мәселелер бойынша ескертулер жасады, өз ұсыныстары мен тілектерін білдірді.

Әсіресе, мал шаруашылығы  мен егіншілік салаларын қаржыландырудың қысқарып кетуіне байланысты көп сын айтылды.

— Мамандардың нақты есептерімен негізделіп, депутаттар бекіткен бюджеттің кесілуін мен мүлде түсіне алмаймын. Шығындардың қысқартылуына себеп қандай? Бұл Бюджеттік Кодекс талаптарымен қабыса ма? — деп, ренішін білдірді облыстық мәслихаттың депутаты Марат Итеғұлов.

Егер дұрысын айтсақ, тұрақты комиссия отырысында туындаған сауалдарға баяндамашы уәж айттырмайтындай жауап бере алмады. Көп жағдайда нақты дерегі болмай, мүдіре берді.

Бюджеттік жүйе талабын қатаң сақтау туралы айта келіп, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова бұл мәселелердің барлығы облыстық мәслихаттың таяудағы сессиясында қаралатынын мәлімдеді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*