Басты бет » Жаңалықтар » «Елбасы мақаласы болашаққа деген сенімді нығайтты»

«Елбасы мақаласы болашаққа деген сенімді нығайтты»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын бүкіл халық көптен күткен тың қадам ретінде қабылдады, қуанды, қуаттады. Ұлт рухын көтеруге бағытталған бұл құжат жан-жақты талқыланып, ой-пікірлер айтылып жатыр. Сәрсенбі күні біздің редакциямызда да Елбасының осы еңбегін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, өлкетанушы Рысжан Ілиясова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Тілектес Тоқсанбаева шақырылды. Дөңгелек үстел басындағы әңгімені «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында: «Мен еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа¬лай қадам басатынымыз және бұқаралық санବны қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарым¬ды ортаға салуды жөн көрдім» — деп атап өте келіп, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың негізгі бағыттарына тоқталды. Солардың бірі — ұлттық бірегейлікті сақтау. Басқосудағы әңгіме, негізінен, осы төңіректе өрбіді.

Ұлттық бірегейлікті сақтау

Бауыржан Бабажанұлы: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы төңірегінде қызу талқылау жүріп жатыр. Бұл — бағдарламалық мақала.  Мұнда ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтыны атап көрсетіліп, ұлттық бірегейлікті сақтауға ерекше мән беріледі. Елбасы: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» — деді. Әңгімені осыдан бастасақ…

Рысжан Ілиясова: Елбасы мақаласы болашаққа деген сенімді нығайтты. Жалпы, рухани жаңғыру жолындағы жұмыстар енді ғана басталғалы отырған жоқ, Тәуелсіздік алғалы бергі уақыттың ішінде талай істер істелді. Ұлттың жаны, басты рухани байлығы — тіл болса, бүгінде қазақ тілінің мәртебесі заңмен айқындалды, тіліміз көп салада кеңінен қолданысқа енді. «Мәдени мұра» бағдаламасы аясында ұшан-теңіз істер атқарылды, төл тарихымыз жан-жақты зерттеліп, бұрын айтылмаған, тыйым салынған ақиқаттар жария етілді. Енді бізді осы жетістіктерді біржола баянды ету, тағылымы мол тарихымызды, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрлерімізді өркендеудің берік діңіне айналдыру мақсатындағы алдағы міндеттер көбірек толғандыруы тиіс. Мен өзім өлкетанушы болғандықтан, мақаладағы «Туған жер» бағдарламасының қолға алынуы, туған жер ұғымы төңірегіндегі ой-пікірлерді жаныма жақын қабылдадым. Патриотизмнің туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталатыны, осы тұрғыда тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру мен қорғаудың, білім беру саласында өлкетану жұмыстарын жүргізудің маңызы жөнінде Елбасы бұрынғы еңбектерінде де айтқан еді. Осы жолы баса айтылған екен. Өлкетану сабақтарын, туған жер тарихын оқытуды бала жастан, яғни мектептен бастау керек. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар бар. Бірақ, мектеп — өз алдына, музей — өз алдына, кітапхана — өз алдына, яғни әркім өз бетінше жүргізіп келеді. Сол жұмыстарды бір арнада тоғыстыру, жүйелеу мәселесі шешілген жоқ. Бұны жоғары жақ шешуі керек. Шет мемлекеттердің бірқатарында бұл мәселе ХХ ғасырдың 60-жылдарында көтеріліп, шешімін тапқан, музей педагогикасы саласы дамытылған. Ресейдің өзінде бұл 80-жылдары қолға алынды, ал бізге әлі жеткен жоқ. Жас ұрпақ туған өлкенің тарихын, табиғатын, біртуар перзенттерін біліп өскенде ғана  туған жерінің шынайы патриоты болмақ. Біз талқылап отырған мақалада: «Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс¬түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу — шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» — деп, тап басып айтылған. Осы тұрғыда музейлердің ондаған жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін, бай қорын орынды пайдаланудың тетіктерін біз де қарастырсақ, біз де қолға алсақ деймін.

Рахым Бекназаров: Елбасы мақаласын оқып шыққанда, осы мақаланың өзінен ұлттық кодымыздың сақталғанын, өз тіліміздің құнарын сезіндім. Бұл да — адамды рухтандыратын жайт. Өйткені қазір қазақша жазылған мақалаларды оқу көп жағдайда оңайға түспейді, олардың қойыртпақ тілінен қазақ тілін таппайсыз, айтылған ой-пікірлер де ұлттық ұғым-түсініктерден алшақ жатады.

Ұлттық кодты сақтау дегеніміздің өзі — ұлттық ұғым-түсініктермен өмір сүру. «Сырт көз — сыншы» дейді, сырттан қарап, баға беретін өзге ұлт өкілдері бізді әлі де салт-дәстүрге берік, ұйымшыл халық санайды. Мысалы, қуаныш пен қайғыда ағайын-туыс, көрші-көлем, дос-жаранның топ-топ болып келіп жататына таңғалысады. Меніңше, бұл — ұйымшылдық қана емес, қауымшылдық.

Санкт-петербургтік зерттеушілердің қазіргі күні қазақ арасында бұрынғыдай арақ ішілмейтіні туралы айтқанын есіткен едім. Бір кезде жаппай араққа салына бастағандай көрінген халық бұл әдеттен қалайша тез арылды? Осыған жауап іздей келе, зерттеушілер: «Себебі, бұл олардың мәдениеті емес еді» — деген пікірге тоқтайды, яғни қанда, генетикада жоқ нәрседен айығу, оны ұмыту оңай. Керісінше, біздің қанымызда араққа деген жеккөрініш сезімі бар.

Ал тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында қытайлық зерттеушілер қазақтардың бағаның қымбаттығына, тұрмыстың көптеген қиындықтарына қарамай, еңселері жоғары, жайдары жүретініне таңғалысып, мұны ерекше құбылыс санап, себебін іздеген. Ақыры олар: «Қазақтар Тәуелсіздікті бақытқа балайды» — деп тұжырыпты. Әрине, сырттан айтылған бұл пікірлерде шындық бар. Дегенмен, бүгінге дейін аман жеткен салт-дәстүрлерімізді кейінге сабақтастыра аламыз ба? Мысалы, «қазір баланы бесікке салуға қажеттілік жоқ» деп санайтындар бар. Өйткені, дүкендерде бір рет пайдалануға арналған ыңғайлы жөргектер самсап тұр. Ал бесіктен бас тарту арқылы біз бесік жырынан, бесікке салу рәсімінен, сол рәсім кезінде жасалатын толып жатқан жоралғылар мен ырымдардан да бас тартамыз. Бұл дегеніңіз — ата-бабалар мәдениетінің тұтас бір бөлшегінен біржола айырылу.

Сондай-ақ, халқымыз жақын адамының қайтыс болғанына 7, 40, 100 күн және жыл толғанда садақалар береді. Осының ішінде 100 күн толғанда берілетін садақа батыс облыстарда, Түркістан жағындағы қоңыраттар арасында, яғни тек кей өңірлерде ғана бар. «Басқалар мұны жасамайды екен» — дегенді алға тартып, қазір осы 100 күндік садақаны өткеру де бірте-бірте қалып бара жатыр. Өкінішке қарай, кейбір жөн-жоралғылардағы жергілікті, аймақтық ерекшеліктерде де өзіндік мән-мағына бар екенін ескермейтін секілдіміз. Арғы түркі дәуіріндегі таным-түсініктермен біте қайнасқан, көшпелі шаруашылыққа бейімделген қазақы исламның да қазір өзгеріске түсіп жатқан жайы бар. Өз бет-бейнемізді сақтау жолында бейжай қарауға болмайтын тұстардың бірі — осы…

Бекарыстан Мырзабай: Осы орайда аға ұрпақ, орта буын тарапынан табандылық пен жауапкершіліктің керектігін айрықша айтпасқа болмайды. Мысалы, жастардың арақ ішуден бас тартқаны жақсы. Алайда, олар зиянды тәтті сусындарға үйір болып алды. Зиянды сусындардан гөрі, қымыз, шұбат, шалап, көже секілді ұлттық сусындарымызды қалай ұтымды ұсына аламыз, артықшылығын қалай жеткіземіз? Немесе біз көл-көсір дастарқан жайып, қонақ шақыру, яғни қонақжайлық дәстүрді сақтап қалғанымызбен, сол дастарқанда неге ұлттық тағамдарымыз самсап тұрмайды?

Рысжан Ілиясқызы музейлік педагогика туралы мәселені орынды көтерді. Бұрын музейде туған жер тарихынан лекциялар ұйымдастырылатын. Қазір тым құрыса сол жұмысты қайта жандандыруға әбден болады. Бізде музейлер қатары көбейді. Тарихи-өлкетану музейлері бұрығыдай облыс орталығы мен бір-екі ауданда ғана емес, барлық аудандарда ашылды.

«Жүз рет айтқанша, бір рет көрсет» дейді, тарихымызды кең дала төсіндегі тарихи орындар мен көне ескерткіштер, музейлердегі жәдігерлер арқылы насихаттасақ, жастар санасына неғұрлым сіңімді болмақ. Бір өкініштісі, бізде этноауыл жоқ. Қазақстанның басқа аймақтарында этноауылдар бар. Тіпті ата-бабалары осыдан мың жыл бұрын көшіп кеткен венгрлер де Еуропа төрінде киіз үй пішіндес этноауыл ашып қойған. Есік алдында төсеулі жатқан тулақты көргеннің өзінде көңілің жылып сала береді, ата-бабаларымыздың тері илеу кәсібіне қатысты сан түрлі жайттар ойға оралады. Ал Ақтөбе өңіріне бір этноауыл керектігі жөнінде көптен айтып жүргенімізбен, әзірге нәтиже жоқ.

Рысжан Ілиясова: Расында, этноауылдар Шығыс Қазақстан жағында тіпті 80-жылдардың аяғында қолға алынды. Өзіміздің батыс өңірдегі облыстарда да бар. Негізі, этноауылдар ашу аса көп қаржы талап ететін де іс емес…

Тілектес Тоқсанбаева: Жастарға жөн көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын үзбеуге аға ұрпақ, орта буын тарапынан табандылық керектігі туралы пікірді қуаттаймын. Кеңестік билік ұлттық салт-дәстүрімізді ұстануға, тілімізді, өзіндік бет-бейнемізді сақтауға қырын қарады, мұның зардаптарын да шектік. Алайда, түп-тамырымыздан түбегейлі айырылған жоқпыз. Ең алдымен, алтын бесік — ауылдың арқасында ұлттық құндылықтарымызды, рухани тамырымызды сақтадық. Енді алдымызға ұлы мақсат қойып, рухани жаңғыру жолында ауқымды да іргелі істерді қолға алғалы отырған тұста да, сол ауыл, ауылды көтеру ұмыт қалмаса екен.

Үш тұғырлы тіл саясатын қолдаймын. Ертеңгі күні ел тізгінін ұстайтын жастарымыздың көп тіл біліп, жан-жақты білімді болуы ұлтымыздың сапасын, жаһандық бәсекеге қабілетін арттырады. Сөйтсе де, өзге тілдерді оқытуды тым ерте бастауға болмайды. Біз балабақша мен төменгі кластардағы балаларға да басқа тілдерді үйретіп жүрміз. Кейде балалардан сабақтың қай тілде өткенін сұрасаң, соған жауап бере алмай қалатын кездері болады. Өйткені олар әлі де өз тілім, бөтен тіл, ана халықтың тілі, мына халықтың тілі дегендерді ажырата білмейді. Баланың санасында «өз тілім» деген ұғым қалыптасқанға дейін, тек ана тілінде білім беру керек деп есептеймін.

«Көркем, рухани, қастерлі жерлеріміз…»

Бауыржан Бабажанұлы: Елбасы мақаласында халықтың санасында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру жөнінде де баса айтылды. Әрине, мұндай орындар туралы ұғым қазақтың санасында ежелден келеді. Әйткенмен, енді «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынғалы отыр. Қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісі — бұрын-соңды жасалмаған ауқымды жоба. Осы орайда облыс аумағында сіздер айтқан этноауылды тұрғызуға лайықты қандай жерлер бар?

Бекарыстан Мырзабай: Біз Ырғыздағы Бөкенбай шоқысында этноауыл ашып, осы өңірде этнотуризмді дамыту жөнінде бұрын да айтқанбыз. Кіші жүздің тұтас қолы мен Орта жүздің Шақшақ Жәнібек және Найман Төлек батырлар бастаған сарбаздары Аңырақай шайқасына сол маңнан аттанған, шайқасқа дейін сол жерде Бөкенбай батырдың басшылығымен дайындықтан өткен. Бұған қоса, осы маңда Жаманшың кратері де бар. Бөкенбай шоқысы тарихи орын болса, Жаманшың — табиғи ескерткіш. Ол — осыдан миллион жыл шамасында құлаған метеориттің орны. Осы жерден табылған тектиттерді зерттеушілер өте құнды санайды. Әрі, туристік нысанға айналса, Жаманшың мемлекет тарапынан қорғауға алынған болар еді. Қазіргі нарық заманында пайда ойлаған пысықайлар мұндағы тектиттерді Ресейге тасып, сатып жатыр деп естиміз.

Ақтөбенің іргесіндегі Шамантөбенің де құпиясын білмейміз. Білгіміз де келмейтіні өкінішті. Сонымен қатар, Жабасақтың маңындағы Қарашатауда кезінде Кенесары хан өз ордасының құрылысын бастаған. Тастан қаланып салына бастаған құрылыс орнының деректері Ресейден табылды.

Рысжан Ілиясова: Біріншіден, мен бұл сауалға жауап ретінде Хромтау ауданының Көктау ауылдық округі аумағындағы Қарашың деген жерді айтар едім. Бұл жерден ежелгі адамдардың қоныстары, қола дәуіріне тән зираттар табылған. Бұлардың деректері — қағазға түсіріліп хатталған, сақтаулы деректер. Сондай-ақ, Қобда жағында Нұралы хан ордасын тіккен Күмістөбе бар. Мұндай орындар өте көп, әлі де бірнешеуін атауға болады.

Екіншіден, Жаманшың туралы сөз өте орынды айтылды. Біздің өлкеде ғажайып табиғат ескерткіштері жетерлік: Жаманшың кратері, әлемде теңдесі жоқ Айдарлыаша қимасы, Мәртөктегі папоротникті орман… Мені осы табиғат ескерткіштерінің мүлде қорғаусыз, елеусіз жатқаны қатты алаңдатады. Осылай жалғаса берсе, тіпті бұл ескерткіштерден айырылып қалуымыз да мүмкін.

Бұқаралық ақпарат құралдарынан Жаманшыңды зерттеген белгілі ғалым Павел Флоринскийдің жуырда өңірімізде болғаны жөнінде есіттім. Жаманшыңның қараусыз қалғанына ол да алаңдаушылық білдіріпті.

Рахым Бекназаров: Ақтөбе өңірі — тарихи ескерткіштерге бай өңір. Ал этнотуризмді дамытуға келсек, көп жағдайда жолдың жайы, қонақүйлер салу мәселесі алға тартылады. Іс жүзінде басты мәселе бұл емес. Мысалы, Моңғолияда этнотуризм барынша дамыған, бірақ ол елде де қонақүй, жол мәселесі шешілмеген. Есесіне, туристердің өздерін барынша қауіпсіз сезінуіне жағдай жасалған. Ешкім тонамайтынын, ұрып-соғып кетпейтінін біледі. Моңғолдар туристерді киіз үйлерде қабылдай береді. Ең бастысы, қонақжайлық танытады. Сондықтан туристер Моңғолияға алаңсыз аттанады.

«Қазақтың үнін сағынамын»

Бауыржан Бабажанұлы: «Туған жер» бағдарламасын қолға алу бастамасы кең қолдауға ие болды. Бұл орайда Ақтөбе өңірінде де көптеген істердің жасалып жатқанын жақсы білесіздер. Облысымыздың құрылғанына 85 жыл толуына орай, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Ақтөбе — құтты мекен» форумы өткізілгелі отыр. Осы орайда қандай ұсыныс-пікірлеріңіз бар?

Бекарыстан Мырзабай: «Ақтөбе жерлестерін шақырады» сайтының іске қосылғанынан хабардармыз. Ұлы Отан соғысы кезіндегі оқиғалар салдарынан шет мемлекеттерді қоныс етуге мәжбүр болған, бүкіл ғұмырлары елді сағынумен өткен жандар да елеусіз қалмауы керек деп ойлаймын. Осы тізімде бүгінде Стамбулда тұратын Әлім Алмат ақсақал бар. Кезінде ол кісінің: «Келінім де, немерелерім де, күтуші әйел де түрікше сөйлейді. Мен қазақтың үнін сағынамын. Тым болмаса айына бір рет телефон соғып тұршы» — деп тілек айтқанын ешқашан ұмытпаймын. Ал соғыстан кейін АҚШ-та ғұмыр кешуге мәжбүр болған Мұхтар Кәрібаев бүгінде дүниеден өткен, бірақ баласы Қадыр бар. Ол 1954 жылы туған. Әкесі оған үш өсиет қалдырыпты: қазақтың қызын алу; тілін үйрену және елден келген қазақтарды қонаққа шақырып тұру. Сол өсиет бойынша, бір жолы Ақтөбеден барған азаматтарды да үйінде қонақ еткен екен.

Біздің өңірден әлемге танылған немесе өз елімізде аты шыққан талай қайраткер, дарынды тұлғалар шықты. Мерейтой аясында Алдан Сапарғалиев, Серік Ақшолақов, Жақсылық Досқалиев сынды Ақтөбе топырағының даңқты перзенттері туған жерге шақырылады деп есіттік, олар ауыл-ауылдарды аралап, халықпен, әсіресе, жастармен кездессе құба-құп болар еді.

Тілектес Тоқсанбаева: Тәрбие әрдайым бірінші орында тұруы тиіс. Жастары білімді, бірақ тәрбиесіз болса, ондай елдің болашағы бұлыңғыр болмақ. Сондықтан мен мерейтой аясында ұйымдастырылатын шаралардың жастар үшін тағылымды тұстарына ерекше мән берілгенін, насихатталатын есімдердің жастарға имандылық, ұлттық құндылықтар тұрғысынан өнеге боларлық істері көбірек айтылғанын қалаймын.

Ақтөбеде жыршылық өнер неге өрістемей отыр?

Бауыржан Бабажанұлы: Кеңес өкіметі қазақты жылқыдан  барынша алыстатуға тырысып бақты. Атқа мінсе, елдің рухы көтерілетінін бағамдаса керек. Сондай-ақ  «Қара қасқа атты Қамбардан» басқа жырдың  бәрін «түрмеге» тықты. Өйткені елдің сана-сезімі оянып, көтеріліп кетуінен қорықты. Әлемде эпос тудырған елдер көп емес, соның бірі — қазақ. Меніңше, біздің ұлттық кодымыздың бір тіні — сол жырлар. Жыр тыңдап, бабалар рухына суарылып өскен ұрпақ әртүрлі жат пиғылдардың жетегіне ілеспес еді…

Қызылорда марқұм Көшеней Рүстембеков арқылы жыраулық өнерін тірілтті. Маңғыстауда да жыршылық өнер кең өрістеп келеді. Ұлы жыраулар елі — Ақтөбеде бұл мәселенің кенже қалуы қалай?

Бекарыстан Мырзабай: Ақтөбе педагогикалық институтында Мұхтар Арын ректор болып тұрған кезде «Дәстүрлі жыр өнері» кафедрасы ашылып, оған Ілия Жақанов, Алмас Алматовтар келіп лекция оқыған болатын. Бұл — 1994 жыл болатын.  Кейін жабылып қалды. 2011 жылы бұл мәселе қайта көтеріліп, жылына арасында әншісі, күйшісі, жыршысы бар он шәкіртті даярлау туралы әңгіме қозғалған. Бірақ сол әңгіме күйінде қалды. Әлі де қимылдап, осы мәселені қолға алуымыз керек. Бөрібай Кәртен, Жетес Жәмеков сияқты жігіттерді тарта отырып, жұмыс істесек, көп шаруа тындырар едік. Бір жылдары Жетес Қызылорданың атынан қобыз тартып шықты. Мейлі, қай жерден шықса да, өз еліміз ғой, бірақ оның саф өнерін өз топырағында өгейсіткеніміз қалай?

«Рушылдықты қарапайым халық қоздырып отырған жоқ»  

Бауыржан Бабажанұлы: Елбасы ұлттың дамуына кедергі болатын кертартпа тұстардан бас тарту керектігін де тілге тиек етті. Рухани жаңғыру жолында алға жылжуымызға кесірі тиетін әдеттер мен дағдылар, осы тұрғыда өздеріңізді толғандыратын жайттарға тоқталсақ…

Бекарыстан Мырзабай: Тәуелсіздіктен бергі уақыт ішінде руханиятымыздың кем-кетік тұстарын түгендеу мақсатында көптеген істер атқарылды, бұрын ескерусіз қалған тұлғалар туралы деректер жинақталып, елге қорған батыр, би, шешен болған бабаларымыз төл тарихымыздан лайықты орындарын алды. Алайда осы істің соңы рушылдық дертіне ұласқаны өкінішті-ақ. Бүгінде әркім өз руынан шыққан бабасын ғана іздейтін, соны алға тартып, насихаттағысы кеп тұратын болды. Тіпті Әйтеке би, Есет Көкіұлы, Бөкенбай батыр, басқа да ұлттық деңгейдегі алыптарымыздың айналасында да рушылдық дертін қоздыру мақсатындағы әңгімелер айтылатынына еріксіз қынжыласың…

Рысжан Ілиясова: Рушылдық дертін қарапайым халық қоздырып отырған жоқ. Меніңше, бұл дерт атақты тұлғалардан — жазушы, артистерден басталды. Халықтың ертеңіне, тағдырына жауапты жандар руға бөлініп немесе өз руының адамын дәріптеп, ел арасына іріткі салмай, керісінше, бірліктің ұйытқысы болуды ойлаулары керек. Ащы да болса, мұны айтуға тиіспіз.

Бір жағынан, сауатсыздық та бар. Кердері Әбубәкір немесе Тама Есет батыр деп атап жатамыз. Тіпті көшеден де «Кердері Әбубәкір» деп жазылып қойылған тақтайша көрдім. Бұрынғы замандарда руын қоса атаудың өзіндік бір себептері болған шығар, бірақ қазір мұны өз басым сауатсыздыққа жатқызамын. Олар — аты-жөні белгілі адамдар. Сол аты-жөндері ғана көрсеткен дұрыс болар еді

Тілектес Тоқсанбаева: Біз әдетте алға қойған мақсаттарымызды жүзеге асыруда нақты жоспарға сүйенбейміз. Мен бағдарламалық мақалада атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында атқарылатын істер жинақылықпен, жүйелі түрде қолға алынса деймін.

                                                                                     Жазып алған Индира ӨТЕМІС.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*