Басты бет » Жаңалықтар » Аттестациядан өтпеген мектептер көбейіп кетті

Аттестациядан өтпеген мектептер көбейіп кетті

Әдеп кеңесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында алты мәселе қаралды.

Кеңес отырысында қабылданған шешімдердің орындалуы туралы хабарлама тыңдалғаннан кейін облыстың білім саласындағы бақылау департаментінде 2015-2017 жылдары ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», сондай-ақ, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы»  Заңдар  мен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп Кодексі талаптарының сақталуы жөніндегі жүргізіліп отырған жұмыстары баяндалды. Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Жанна Қайшығұлова ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талаптарының орындалуына қатысты: «Білім беру ұйымдары тарапынан өздерін тексеруге келген комиссияға ақшалай пара беру сияқты жағымсыз құбылыстарды болдырмау үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Департамент өз құзыреті шегінде «Қазақстан Республикасының Білім туралы» Заңына сәйкес білім беру ұйымдарына мемлекеттік аттестаттау жүргізеді. Мемлекеттік аттестаттау іс-шаралары барысында білім беру ұйымының педагог кадрлары арасында қаражат жинауға қатысты «анонимді» түрде сауалнамалар жүргізіліп, ата-аналармен кездесулер өткізіледі. Мұндағы мақсат — мемлекеттік аттестаттаудың таза, әділ өтуін қадағалау, бағалау. Мемлекеттік аттестаттау алдында және соңында педагогикалық кеңес өткізіліп, сауалнама алынады. Биыл  86 мектепте, 42 балабақшада, 2 кәсіптік білім беру ұйымдарында барлығы 271 сауалнама жүргізілді», — деді Ж.Қайшығұлова.

Комиссия мүшелері департамент басшысынан ұйымдарда білім деңгейін анықтау бойынша жүргізілетін тексеріс нәтижесінде аттестациядан өтпеген мектептердің, балабақша мен колледждердің санын сұрады. Оның айтуынша, 2016 жылы 80 мектептің 58-і аттестациядан өтпеген. Бұл — 72 пайыз. Ал биыл осы мерзімге дейін жүргізілген тексерістің нәтижесінде мектептердің 62 пайызы аттестациялаудан өтпеген. Департамент басшысы былтырғыға қарағанда биыл аттестациялаудан өтпеген мектептер санының көбейгенін айтады. Өз кезегінде комиссия мүшелері бірнеше мәрте аттестациялаудан өтпеген білім беру ұйымдарының басшыларына жаза қолдану қажеттігі турасында және осы бағытта бірқатар ұсыныстар айтты.

Сондай-ақ, кеңес отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағының 4-тармақшасының талабын бұзғаны үшін Ойыл аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дулат Нәубетовке қатысты қозғалған тәртіптік іс қаралды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тапсырмасы негізінде аудандық прокуратурамен Ойыл аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінде ауыл шаруашылық кешенін субсидиялау кезінде заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізілген. Ойыл аудандық прокуратурасының аға прокуроры Жеңіс Аманжоловтың айтуынша, асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында субсидия бөлу тәртібі ҚР Ауылшаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген қағидамен реттелген. Қағиданың 8-тармағы 11-тармақшасына сәйкес, аса қауіпті және жіті инфекциялық аурулар бойынша карантиндік іс-шаралардың қолданылу кезеңінде мал өнімдері мен мал саны субсидиялауға жатпайды. Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округі әкімінің  шешімімен аталған округ аумағында ұсақ малдардың арасында пастереллез ауруының анықталуына байланысты шектеу іс-шаралары белгіленген. Алайда прокурорлық тексеру барысында карантиндік іс-шаралар белгіленген елді мекендегі малдарға заңсыз субсидия бөлу деректері анықталыпты. Атап айтқанда, «Құттығай» шаруа қожалығының төрағасы Е.Мұханбетов өткен жылы тұқымдық түрлендірумен қамтылған қойға селекциялық және асылтұқымдық жұмыстар жүргізуге субсидиялар алуға арналған өтінім беріп, 306 қойға 459000 теңге көлемінде субсидия алған. Сол сияқты, аудандағы «Досым», «Аққұбай», «Әмір» секілді шаруа қожалықтарына да субсидия беру деректері анықталған. Д.Нәубетов қайтаруға жататын өтінімдерді заңсыз қабылдап, оларға қол қойып, құжатты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жолдап, нәтижесінде 5 788500 теңге заңсыз субсидия бөлуге ықпал тигізген. Қаралған тәртіптік іске байланысты комиссия мүшелері Д.Нәубетовке қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Кеңесте бұдан өзге де мәселелер қаралды. Комиссия мүшелері отырыстың күн тәртібінде қаралған барлық іске қатысты тиісті шешім шығарды.

Арайлым НҰРБАЕВА.     

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*