Басты бет » Әлеумет » Зардап шеккендерге көмек көрсетілді

Зардап шеккендерге көмек көрсетілді

Кәсіподақ

Білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының облыстық филиалы су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктерге 1 миллион 820 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті.

Бұл жөнінде алдыңғы күні облыстық кәсіподақтар орталығында білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының облыстық филиалы ұйымдастырған басқосуда белгілі болды. Филиал төрайымы Раушан Серікова жиында табиғаттың тосын жағдайына тап болып, зардап шеккендерге кәсіподақ тарапынан жәрдем көрсету ұйғарылғанын жеткізді.

Осы шараға Астанадан арнайы келіп қатысқан еліміздің Білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы төрайымының орынбасары Айгүл Мұқашева Ақтөбедегі табиғат апаты әкелген зардаптарды естігенде елмен бірге қиналғанын тебірене айтты. Бұған қуатты күш — кәсіподақ қозғалысының үлкен жәрдем көрсететінін мәлімдеді. Тек Ақтөбе облысы ғана емес, су тасқынына ұшыраған Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан өңірлерінде де кәсіподақ ұйымдары осындай шараларды қолға алып жатыр екен.

Бұл күні су тасқынынан зардап шеккен 26 ақтөбеліктің әрқайсысы Білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының облыстық филиалынан 70 мың теңгеден қаржы алды.

Осы шараға қатысқандардың атынан Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі директорының орынбасары Гүлайым Асқарова кәсіподақ белсенділеріне алғыс айтты.

Ақшалай қаржы алғандардың ішінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің техникалық қызметкері Ботакөз Байқуатова да бар. «Строитель-1» саяжайындағы кішкентай үйде 6 жан тұратын. Су тасқынынан кейін жарақсыз болып қалды, қазір пәтер жалдап отыр.

— Облыс әкімдігі бізге үй салуға жер бөлді. Басымызға қиындық түскенде, барша ақтөбеліктер көмек көрсетіп жатыр. Бұлай болмағанда, бір адам осынша ауыртпалықты көтеру мүмкін емес еді. Бүгінгі кәсіподақ тарапынан көрсетілген қамқорлыққа да ризамыз, — деді Ботакөз.

А. ҚАЗЕКЕНОВ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*