Басты бет » Мәдениет » Жәния ӘУБӘКІРОВА: Мен тыңдарманға ой салатын музыканы орындаймын

Жәния ӘУБӘКІРОВА: Мен тыңдарманға ой салатын музыканы орындаймын

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, профессор, танымал пианиношы Жәния Әубәкірова екеуара әңгіме барысында нені армандайтынын, ол үшін көрермен деген кім екенін, қай жерде концерт бермегенін, өмір мен өнеріне қатысты бұдан басқа да ой-толғамдарын айтып берді.

 Махаббатымды білдіруден ешқашан ұялған емеспін…

Мен көрерменсіз ешкім емес екенімді мойындаймын. Сондықтан өз басым «біз өзіміз үшін өнер көрсетеміз» дегендерді түсінбеймін. Рас, өнер адамы тек қана көрермен үшін ғана емес, құдіретті күштерге де арнап, бар шеберлігін танытқаны жөн.

Шыны керек, мен тыңдармандарыма деген махаббатымды білдіруден ешқашан ұялған емеспін. Қай кезде болсын, мен оларға дән ризамын… Сіз білесіз бе, сахнада кезекті бір композицияны ойнап жатқанда, залда тыныштық орнап, мен олардың жүрегінің лүпіліне дейін естимін. Сөйтіп, бәріміз бір музыкадан «сусындаймыз». Бір түйгенім, музыка — ғылым емес. Оны түсіну үшін тілді білмеуге де болады. Тек жүректің қыл пернесі шертілсін деңіз… Бастысы — сол.

Әрдайым ізденіс үстіндемін. «Шіркін, мынаны орындасам ғой…» дейтіндей туындылар аз емес. Мысалы, болашақта Лист пен Шуманның шығармаларын сахнаға шығарсам деймін. Бұл салада жүрген жандарға белгілі, жоғарыда аталған авторлардың еңбектері орындалуы жағынан өте күрделі болып келеді. Әйтсе де, шындап кіріссем, бәріне де шамам жетеді. Оған уақыт пен іштей әзірлік керек…

Бір айтарым, мен — өз елімнің патриотымын. Мүмкіндік бола қалған жағдайда, төл туындыларымызды да орындағанды құп көремін. Бір ғана мысал, талай рет Франция, Италия секілді елдердің сарайларында қазақ музыкасын әуелеткенімді айта аламын. Солай бола да бермек… Өкініштісі, бізде пианиноның сүйемелдеуімен орындалатын шығармалар саусақпен санарлық… Десек те, шоқтығы биік композициялар бар. Айталық, тыңдарманға реті келгенде Ғазиза Жұбанованың музыкасын ұсынғанды тәуір көремін.

Жалпы, мен концерт қоймаған мемлекеттер аз-ау… Қателеспесем, тек Аустралия мен араб елдерінде ғана өнер көрсетпеген сияқтымын. Егер сәті түссе, ол жаққа да барып қалармын (күліп). Дегенмен, «мына елде ойнасам ғой» деген арман да жоқ. Меніңше, бұл тілек жас кезде ғана болуы мүмкін. Жеке басым ондай дәуреннен әлдеқашан өттім деп есептеймін. Қазіргі таңда музыка — менің күнбе-күнгі жұмысыма айналғандай.

Қарап отырсам, бізде күн сайын дайындық, әйтеуір бір қарбалас. Әсіресе, концерттердің алдында кемінде 8-9 сағат бойы әзірлік жұмыстарын жүргізуді  әдетке айналдырғанмын. Кейде түн ортасына дейін немесе таң ата дайындыққа қызу кірісетінім де бар. Өйткені күндіз әкімшілік жұмыстар бастан асады…

«Қалауын тапса, қар жанады»

1997 жылдан бері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының басшылық қызметіндемін. Осы уақыттың ішінде әкімшілік жұмыстың да өзіне тән қыр-сырын меңгергендеймін. Әрі көмекшілерім бар. Бұл, сөзсіз, әкімшілік, жауапкершілігі мол қызмет.

Менің ойымша, егер адамның шынымен қызығушылығы болса, бәріне де үлгеруге мүмкіндік бар. Сіз білесіз бе, менен де жүз есе пысық, көптеген істі атқаруға уақыт табатын адамдар жетерлік. Сондықтан оған таңданыс білдірудің қажеті жоқ деп есептеймін.

Ал студенттерге келсек, оларға көңіл бөлуге мен әрқашан уақыт табамын. Ол — жұмыстың «төресі» ғой… Шәкірттерімнің саны аз емес. Соның ішінде Ернар Нұртазин, Сергей Ким сынды оқушыларыммен мақтанамын.

Өнер адамымын деп өз-өзімді шектеп қоюдан аулақпын. Қолымнан келіп, сол іске аңсарым ауа ма, істей беремін. Оған дәлел, бірер жылда әкем туралы жазған кітабым. Бұл туралы көптен бері ойлап жүргенмін. Ақыры сәті түсті. Әкем — еліне еңбегі сіңген академик. Тырнақалды еңбегімді жарыққа шығару үшін мен ұзақ ізденіп, кейбір материалдарды қайта жазып, қысқасы, оған үлкен дайындықпен келдім. Маған мақала, рецензия жазу бұрыннан-ақ таңсық болмағандықтан, аса қиындық көрдім деп айта алмаймын. Себебі, мен өмір бойы жазып келе жатырмын: әуежайда, жұмыс бөлмемде, басқа да жерлерде… Тек бәрін жинақтап, ретке келтіру — қажырлы еңбекті талап етеді.  Мақтанғаным емес,  бір емес, екі-үш кітапқа татитын жазбаларым жатыр. Соның барлығын сүзгіден өткізіп, қолым тиген уақытта екінші кітабымымды шығарармын.

Жолдасым, екі ұлым — Алмас пен Әлихан маған әрдайым түсіністікпен қарайды. Ең бастысы, жұмысымның гастрольдік сапарлардан, түрлі жиындардан тұратынын жақсы біледі деп айта аламын. Сондықтан олардың еті үйренген, өнерде жүргеніме бірталай уақыт болды ғой… Мүмкіндігінше бос уақытымды жанұяммен өткізгенді жөн көремін. Мәдени орындарға барып, табиғат аясында тынығамыз. Әйтеуір, үйдегі үш азаматпен өткізген әр күнім мен үшін мереке іспеттес.

Жаз мезгілінде Павлодардан Астанаға қарай мәшинемізбен тартқанымыз бар. Сол есімде қалыпты. Қаланыкімен салыстырғанда, даланың табиғаты айтарлықтай басқа. Сондай тұнық, кіршіксіз, пәк… Әлі ұмытпаймын, жолдың ортасында көліктен бәріміз түсіп, табиғатқа таң-тамаша болып, терең тыныстағанымыз бар-ды. Мен үшін демалыс дегеніңіз — осы.

Шығыс биі, сальто және шетел тілдері

Классикалық музыка жанры бойынша еңбек ететіндер әдетте «жанды жерін» сақтандырып жатады. Бір жылдары ол тіптен сәнге де айналды ғой. Поп-музыканың өкілдері де осыған жүгініп жатты. Мен болсам, ондайға бара қоймадым.

Бәрінен бұрын, өз қолдарымды физикалық күшке, ауыр жұмыстарға «жолатпауға» тырысамын. Сондай-ақ музыкалық аспаптың алдында көп жаттығуды жөн санаймын. Өйткені одан бірнеше күн алыстап кетсең, саусақтарыңның икемділігі (пластикасы) бірте-бірте бәсеңдей бастайды. Сол-ақ.

Әлгінде айттым ғой, өзім қалаған нәрсенің бәрін істей беремін. Содан болар, арманым да баршылық. Шіркін, уақытым табылса, шығыс биін, сальто жасауды үйренер едім. Бұдан басқа компьютердің «тілін» жетік білмеймін, соны да меңгергім келеді. Сондай-ақ бірнеше тілді егжей-тегжейлі үйреніп, мүдірмей, ешқандай «акцентсіз» сөйлеуді армандаймын. Адам болған соң арман таусылған ба? Біреуі орындалса, екіншісін ойлап тұрамыз ғой.

Шығармашылық жоспарлар, жолсапарлар. Үлкен сахнадағы 30 жыл

Көрермендер концертке әртүрлі мақсатпен келеді. Кейбіреулер әннің ырғағына билеп, көңіл көтеру үшін, тағы біреулер жай сергіп қайту үшін барады. Ал менің кешіме жұртшылық ойлану үшін келеді. Мен тыңдарманды ойға батыратын музыканы орындаймын. Шығармашылық жолда жүрген 30 жылдың ішінде осыған көзім жетті.

Бәлкім, мен соншалықты танымал да емес шығармын. Көшеде кездескендердің бәрі құрақ ұшып амандасып, менен қолтаңба алады деп айта алмаймын. Бірақ Алматыдағы «Көк базарға» бара қалсам, «о, Жәния!» дейтіндер ұшырасады. Соған қарағанда, белгілі бір деңгейде танымалмын-ау (күліп). Жалпы, танып жататындар аз емес. Сосын мемлекет, қоғам қайраткерлері, депутаттар мені біледі. Өйткені орталық қалаларда ұйымдастырылған концерттерімде соларды жиі көремін.

Шығармашылық жоспарлар көп. Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген  қонақтардың  алдында өнер көрсеткелі отырмын. Әне-міне дегенше соған дайындық жұмыстары басталмақ. Одан бөлек, осыдан кейін Қарағанды, Өскемен қалаларына концертімді өткізбекшімін, Қазақстанның басқа да өңірлері бар. Күзге қарай Грекия, Гонконгке шақырту алдым.

 Жазып алған Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Әубәкірова Жәния Яхияқызы — ҚР халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор.

П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын және «фортепиано» класы бойынша аспирантураны (профессор Л.Н.Власенко класы) бітірген.

Маргарет Лонг и Жак Тибо халықаралық байқауының бас жүлдесі және «Заманауи француз композиторларының шығармаларын үздік орындағаны үшін» арнайы жүлдесінің (Франция, 1983 жыл) және халықаралық камералық ансамбльдер байқауы бас жүлдесінің (Франция, 1985 жыл) иегері.

Жәния Әубәкірова Қазақстанның, Францияның, Англияның, Германияның, Жапонияның, Ресейдің, Польшаның, Италияның, АҚШ-тың, Израильдің, Грекияның, Венгрияның ірі концерт залдарында өтетін шығармашылық шараларға қатысқан және жеке концерттерін өткізген. Пианист Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының, Санкт-Петербург филармониясының, Мәскеудің Музыка үйінде, «Salle Pleyel», «Salle Gaveau», «Barbican Hall», «Wigmore Hall», «Vigoda Hall», «Konzerthaus», «The Kennedy Centre Concert Hall», «Carnegie Hall» залдарында өнер көрсетті.

1997 жылдан бастап — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры. Оның басшылығымен консерватория еліміздің жетекші музыкалық жоғары оқу орнына және республиканың мәдени-ағарту орталығына айналды.

Оның ағарту және білім беру ісі тұрғысындағы жүзеге асырылған бастамаларының қатарында 1994 жылы негізі қаланған заманауи әдістемелер мен технологиялар бойынша жұмыс істейтін «Жәния Әубәкірованың авторлық мектебі» бар.

Жыл сайын Оңтүстік Кореяда, Германияда, Францияда, Ресейде шеберлік дәрістерін өткізеді.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*