Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбеге «Алаш жолымен» атты экспедиция келді

Ақтөбеге «Алаш жолымен» атты экспедиция келді

Сәрсенбі күні облыстық өнер музейіне Батыс Қазақстан облысынан жолға шыққан «Алаш жолымен» атты экспедиция келді.

Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева жетекшілік етіп келген экспедицияның құрамында тарихшылар, музей қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар.

Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, экспедиция Сырым ауданынан шығып, Оралдың Қаратөбе ауданын аралаған.

  • Бүгін, міне, Ақтөбе облысының Ойыл ауданына барып, Көкжар жәрмеңкесінің орнын көріп, сондай-ақ сол жерде болған алашордалық қайраткерлер жайлы көптеген мағлұмат алдық. Бұл экспедиция Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл, Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ биыл қолбасшы, батыр Сырым Датұлының туғанына 275 жыл толып отыр. Сондықтан біз Күнбатыс Алашорда мен Күншығыс Алашорданың астаналарын байланыстыру мақсатында жолға шықтық. Жуырда ауданымызда «Азаттықты аңсаған Алашорда» атты телекөпір өтті. Онда белгілі ғалымдар Алашорда үкіметі бірқатар деректер айтып, өз ойларымен бөлісті, — деді А.Ойшыбаева.

Экспедиция Ақтөбеден шығып, Астанаға, одан әрі Семейге, Жиделі жеріне барады. Ол жақта зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, іс-шараларға қатысады.

Экспедиция мүшелері облыстық өнер музейін аралап, кітап көрмесін тамашалады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, тарихшы-өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай экспедиция мүшелеріне Алашорда туралы шыққан тарихи еңбектерді таныстырып, облыстан шыққан бірқатар тұлғалар туралы деректер айтып берді.

  • 1985 жылдары Ырғыз аудандық өлкетану музейі ашылды. Сол музейге оннан аса «халық жауы» болып атылып кеткен тұлғалар туралы деректер қойылды. Оның ішінде екеуі ақталмаған, біреуі ақталған үш алашордалық болды. Солардың бірі — Тел Жаманмұрынов еді. Ол — 1916-1917 жылдары Әлихан Бөкейхановпен бірге Минскіде майданға алынған қазақтардың жағдайымен қызмет жасаған алашорданың белгілі өкілі. Өкінішке қарай, бұл кісінің өмірі кейін қуғында болды. 1924-1929 жылдары айыпталып, тергеуге түсіп, ақыры 1937 жылы «Монғолияға барғанда жапондардың шпиондарымен жолыққан» — деген жаламен атылды. Ол туралы Әлихан Бөкейхановтың 9 томдық жинағының 6-томында айтылады, — деді ол.

Шарада Бекарыстан Мырзабай өткен жылы Мұстафа Шоқайдың 12 томдық жинағы жарық көргенін айта келе, экспедиция мүшелеріне Алаш офицері Бермұхамбет Сисекеновтің немересі Дархан Сисекеновтің өз қаржысына Алашорда үкіметі туралы шығарған «Алашорда», «Алаш автономиясының әскері» атты екі альбомын таныстырды.

Сондай-ақ ол биыл Ақтөбеде қазан айында Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналған халықаралық конференция өтетінін жеткізді.

Шара соңында музей қызметкерлері экспедиция мүшелеріне сәт сапар тіледі.

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*