Басты бет » Әлеумет » Қадамы құтты «Адырна»

Қадамы құтты «Адырна»

Сырт көз

…«Адырнаның» жарыққа шыққанына көп уақыт бола қойған жоқ һәм тәжірибесі де аз. Десек те, журналдың №1 санына үңілсек, әлгі айтқан сөзімізді қайтып алатындай екенбіз. Көшке жаңадан ілескен әдеби басылым болған соң ба, еңбектері мен ізденістері журналдың алғашқы парақтарынан-ақ көрініп тұр. Ауқымды әрі қызық айдарларға құрылған журналдың мазмұнын оқып отырып, қай бетті бірінші ашарыңды білмей, дал боласың. «Проза», «Поэзия», «Эссе», «Үздік үлгі», «Тәржіме», «Сын», «Тарихи эссе» және «Кино» айдарымен түйінделетін журналдың талғамы биік секілді. Және бүгінгі қоғамда орын алып жатқан мәдени, әдеби оқиғалардың журнал материалдарында кездесуі басылым кеңістігінің ауқымды екенін байқатқандай.
«Адамның қандай екенін жанарына қарап ұғасың» деген тәмсілді әдеби журналға әкелетін болсақ, «Адырнаның» қаншалықты өз атына (әдеби журнал) сай еңбек етіп жатқанын мазмұнынан-ақ аңғардық. Не оқимын десеңіз, өз еркіңіз! Көркем шығарма мен өлеңнен өзге эссе, аударма, сыни мақала, кино… әдеби басылымға керектінің бәрі бар. Тек журнал атына келіп түскен оқырман хаттарына бір айдар арнаса, толысқан үстіне толысар еді. Және жарияланар авторлар мен шығармаларды қайталамауға тырысу керектігін «Адырнаға» да айтамыз. Әдеби басылымдар бірін-бірі бақылап, қадағалап отырмаса, бәсекелестік қайдан пайда болсын? Ал бәсекелестік болмаған жерде жүзден жүйріктің шығарына сенімімізден күмәніміз басым. Дүбірге енді қосылып жатқан «Адырна» келешекте көп оқырманның іздеп жүріп оқитын журналына айналары бек мүмкін.

Маржан ӘБІШ,

«Қазақ әдебиеті» газеті.

5 мамыр, 2017 жыл.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*