Басты бет » Әлеумет » Ақтөбеге логотерапия «келді»

Ақтөбеге логотерапия «келді»

Тәрбие

Облыстық білім басқармасының және облыстық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында белгілі шығыстанушы Санжар Керімбай А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің оқушыларымен кездесу өткізді.
Дәріс барысында жастар арасындағы суицид мәселесі, өмірге деген құштарлық және рухани-моральдық құндылықтар мен тәрбие мәселелері талқыланды. Жастар тарапынан аталған тақырыпқа ерекше қызығушылық пен ықылас байқалды.

Санжар Керімбай өмірлік тәжірибесінен қарапайым мысалдар келтіре отырып, бүкіл өмірін «Өмірдің мәні не?» деген сұраққа жауап іздеуге арнаған атақты психолог Виктор Франклдің ұсынған ілімі — логотерапия жайлы әңгіме өрбітті. Күйзеліске ұшыраған жастарға қиын жағдайдан шығудың жолы ұлттық-дәстүрлі тәрбиеде жатқанын айтып берді.

— 2013 жылдан бастап «Отбасы хрестоматиясы» деген сериямен кітап шығардық. Кітаптың төртінші томы — «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» деп аталады. Еңбектің  жазылуына суицидтің өршуі себеп болған. Бұл кітап көптеген әлем тілдерінде аударылды. Былтыр тұңғыш рет Алматы қаласында сол кітаптың қазақша нұсқасын шығардық. Мұнда «Адам өзінің өміріне не үшін жауапсыз?» деген сұраққа жауап бар. Яғни, адамның көкірегі қуыс болған кезде ғана өзіне қол жұмсайды. Жан дүниесі қазынаға толған, мәнді де мағыналы сөздерді оқыған адам ешқашан мұндай қадамға бармайды, — деді.

Автор өмірдің кей сәттерінде адамдардың жабырқап, көңілін кірбің басқан жандар үшін жазылған шығармаларының өмір қайшылықтарын шешуде таптырмас құрал екендігіне көз жеткізді. Сөз арасында оқушыларға сауалдар қойып, Абай мен Шәкәрімнің өлеңдеріндегі мән-мағынаға толы ойларды айтып өтті.

Кездесу алдағы уақытта бірқатар оқу орындарында және облыстың Хромтау, Алға аудандарында өткізілетін болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*