Басты бет » Әлеумет » «ЭКСПО-КЕРУЕН» Берлинге аялдады

«ЭКСПО-КЕРУЕН» Берлинге аялдады

Берлинде «ЭКСПО-Керуен» интерактивті мобильді павильонының ашылу салтанаты өтті. Германия астанасындағы роуд-шоуды «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Қазақстанның Германиядағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды. Салтанатты рәсімге ГФР СІМ, Экономика және энергетика федеральды министрлігі өкілдері, «ЭКСПО-2017» германиялық секциясы, Казақстан-Германия қоғамы, ГФР-дегі Қазақстан студенттері және басқалар қатысты. Германиядағы Қазақстан елшісі Болат Нүсіпов неміс аудиториясын Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалармен таныстырды. Сондай-ақ, екі елдің Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық аясындағы табысты ынтымақтастығын атап өтті. Немістер тарапы өз кезегінде Қазақстанның Германия үшін аймақтағы саяси және сауда-экономикалық стратегиялық әріптес ретінде маңызды ел екендігін атап өтті. «Астанада алда болатын «Болашақ энергиясы» көрмесі неміс кәсіпкерлері тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр», — деді Германия экономикасы шығыс комитетінің өңірлік директоры Эдуард Кинсбрунер.

  • ОҚУШЫЛАР КӨРМЕНІ ТЕГІН ТАМАШАЛАЙДЫ

Алматылық кәсіпкерлер оқушыларға, студенттерге, Алматы қаласының мектеп мұғалімдері мен ЖОО оқытушыларына «ЕХРО-2017» көрмесіне 1000 билет сыйламақ. «Билеттер халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына, сондай-ақ ғылыми жұмыстармен белсенді түрде айналысатын оқушылар мен студенттерге беріледі. Бұдан басқа, «Жыл мұғалімдері» және ғылыми жобаларға жетекшілік ететін оқытушылар көрмені тегін тамашалауға мүмкіндік алады», — деді Алматы қаласы бойынша «Астана Экспо-2017» жедел штабының басшысы Самғат Ермекбаев.

Оның айтуынша, меценаттар «Астана Экспо-2017» көрмесінің Алматыдағы штабына оқушылар үшін 200 билет, мұғалімдер үшін 300 билет, студенттік жастар мен ЖОО оқытушылары үшін 500 билет сатып алу туралы өтініш білдірген.

  • КӨРМЕ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕН КӨРСЕТІЛЕДІ

Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ресми хост-бродкастері — «Қазақстан» РТРК» АҚ болды.

Хост-бродкастер барлық 93 күн бойы көрме аумағынан телевидение және радио арқылы хабар тарататын болады. Барынша көп аудиторияны тарту мақсатында «Қазақстан» телеарнасы көрменің алғашқы күнінен бастап, халықаралық шара өз жұмысын аяқтағанша тікелей эфирде трансляция жүргізеді. Телевизиялық сигнал алдын ала берілген өтінімдер бойынша көрменің Медиа орталығына, «Қазмедиа орталығы» мен шетелдік ақпарат құралдарына беріліп отырады. Күн сайын халықаралық көрме аумағында 10 және 5 камерасы бар 4 жылжымалы телевизия стансасы, 2 мобильдік спутник стансасы, жылжымалы кейстер базасындағы 4 жылжымалы телевизиялық станса жұмыс істейді.

Жалпы, «Экспо-2017» көрмесін ақпараттық сүйемелдеуге «Қазақстан» РТРК» АҚ барлық техникасы мен 146 техникалық қызметкері жұмылдырылады. Айта кетерлігі, Live-режимде шараның ашылу салтанатынан хабар таратуға бірнеше еуропалық және америкалық арналар өтінімдерін алдын ала беріп қойды.

«Астана «ЭКСПО-2017» бродкастингін ұйымдастырудағы басты ерекшелік — тиісті аймақтық телеарналардан бастап, халықаралық телеарналардың барлығы көрмедегі «картинаны» тегін пайдалана алатын болады.

  • 11 МЫҢНАН АСТАМ АВТОТҰРАҚ ОРНЫ ҚАЖЕТ

Астанада халықаралық көрме өткізу кезіндегі көлік қоятын кеңістік аумағы анықталды. «Астана LRT» ЖШС автотұрақ кеңістігін тұтыну бойынша бастапқы болжамдарын жария етті. Бұл болжамдар «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ұсынған ресми деректер негізінде жасалды. Жүргізілген зерттеуге сәйкес, көрмеге келушілердің максималды саны бір күнде 128 700 адамды құрайды, демалыс күндері — 78 800, жұмыс күндері — 39 400 адам. Тұтас көрме мерзімінің (93 күн) 7 күнінде келушілердің ең жоғары саны күтілуде, 24 демалыс күні және 62 жұмыс күні бар. «ЭКСПО-ның тіркеу құжаттамасына сәйкес, келушілердің 50 пайызы  қоғамдық көліктерді пайдаланады, оның ішінде қалалық автобустарды — 36,3 пайыз , экспресс-автобустарды — 6,3 пайыз, қалааралық автобустарды — 14,1 пайыз, такси — 2 пайыз және  33,3 пайызы  көрмеге жеке көлігімен келеді.

«Астана LRT» болжауынша, адам саны көп болатын күні 41 300 адам, бір уақытта 27 500 адам жеке көлігімен келуі мүмкін. Демек, бұл күні келушілерге 11 071 автотұрақ орны қажет болады. Көрме аумағында жеке көліктерге 6 мыңнан астам автотұрақ орны (сауда, ойын-сауық орталығын қосқанда) әзірленген.

  • БУФЕТТІҢ  ЖҰМЫСЫ БАСТАЛДЫ

Астанадағы халықаралық көрме аумағындағы медиа-орталықта буфет жұмыс істей бастады. Жаңадан ашылған буфетте тәтті тоқаштар — 70-150 теңге, кекстер —  80 теңге, бәліштер — 120 теңге, шағын самсалар — 80 теңге, ал нанға оралған шұжық (сосиска) 150 теңгеден сатылады.

Айта кетейік, ЭКСПО көрмесінде әрбір елдің павильонында ұлттық мейрамxаналар мен дәмxаналар ашылады. Сол жерде әлем елдерінің ұлттық тағамдарының дәмін татып көруге болады. Ал жалпыға бірдей қоғамдық тамақтану орындары қызмет көрсету нысандарында жұмыс істейді.

«ҚазАқпарат».

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*