Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Жеңіс жолындағы жігерлі бастамалар

Жеңіс жолындағы жігерлі бастамалар

«…Ақжібек үркектеп, кемпірге жақындады да:

— Қане, әже, — деді. Кемпір қағазды берді. Бірақ баласының қолын одан сайын қатты қыса түсті.

Ақжібек орыс сөздерін аздап бұзып оқи жөнелді. Әуелі дауыстап, сосын даусы төмендей берді. Ақырында, ең соңында, «погиб» деген сөзді тіпті жай, әрең айтты. Бірақ бұлардың ішінде осы сөздің шын мәнін білетін өзінен бөтен ешкім жоқ еді. Дегенмен, беті бозарып, көзіне бір тамшы жас ойнап шыға келді.

— «Бөгіп» деген не? — деді кемпір нағыз ауыр сөздің үстінен дәл түсіп.

Ақжібек әуелі әкесіне, сосын шешесіне, сосын кемпірге жаутаң-жаутаң қарап, көзінің жасын тыя алмады.

— Айтсаңшы, құлыным!

Ернін тістеп алды да, ол:

— Жақсы қағаз… емес, әже, — деді де, жерге қарады».

Жазушы Тобық Жармағамбетов «Қара жаңбыр» повесінде өз әкесінен қара қағаз келген сәтті осылай жазып қалдырыпты.

Бұл бүкіл елдің, әр шаңырақтың басына қасіреттің қара бұлты төніп тұрған Ұлы Отан соғысы жылдары еді. Ең жақын, ең қимас жандарын соғысқа аттандырған елдегі жұрт сол қан майданнан жеткен хабарларға әр сәт сайын алаңдаумен өмір сүрді. 1943 жылы облыстық газеттер бір ғана парақ (екі бет) болып, бірақ күн сайын шығып, майдан хабарларын жұртқа күн сайын жеткізіп тұрды. Газеттегі материалдардың басым бөлігі — майдандағы кеңес әскерлерінің ерліктері, құйттай ғана ауылды болсын, жаудан азат еткен жеңістері, фашизмге қарсы көтерілген басқа халықтардың іс-әрекеттері… Ал одан басқасы — майданға көмек ұйымдастыру жайы.

«Қазақстан колхозшысы» танк колоннасы

Бір адам екі адамның орнына еңбек етіп, бейнеттен бас көтермеген, балалар балалық шақтың не екенін ұмытқан, екі үйдің біріне қара қағаз келіп, жылаулы отырған ауыр күндер қайткенде жеңіске жету жолындағы жігерлі бастамаларға да толы болды.

Сондай бастамалардың бірі — «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасап шығаруға қаржы жинау еді. Бұл1942 жылдың соңында қолға алынған. Оған бүкіл қазақстандықтар, соның ішінде ақтөбеліктер де үлес қосты. 1943 жылдың 2 қаңтарындағы мәлімет бойынша, мемлекеттік банктің Ақтөбе қаласындағы және барлық аудандардағы бөлімшелерінде осы мақсатта жиналған қаржы 11 миллион 83 мың сом болса, арада аз күн өткенде, 11 қаңтарда ғана бұл қаржы 15 миллион 675 мың сомға жеткен.Арнайы қорға күн сайын жеке тұлғалардан да, ұжымдардан да қаржы аударылып жатты: Ырғыз ауданы «Темірастау» колхозының төрағасы Үсен Нұрымбетов — 110 мың сом; осы ауданның «Арал» колхозының төрағасы Әбіш Еңсегенов — 100 мың сом; Степной ауданы «Жаңажол» колхозының есепшісі Жұмабаев — 40 мың сом; Мәртөк ауданының «Степной пахарь» колхозының малшысы Клавдия Муханкина 25 мың сомқаржы берсе, Алға қалалық орыс орта мектебінің ұжымы үш күндік еңбекақысын, Жұрын машина-трактор стансасының ұжымы 19 мың сом аударған, т.б.

16 қаңтарда ақтөбеліктердің аталмыш танк колоннасы үшін жинаған қаржысының мөлшері  17 миллион 4 мың сомға жетті. Ал республика бойынша нақ осы күнге дейін жиналған қаржы 335 миллион 697 мың сом болды.

Қазақстандықтардың жаңа танк колоннасы үшін қаржы жинап жатқаны жөнінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің органы «Известия» газеті де жазған. «Известияның» 1943 жылғы 6 ақпандағы нөмірінде келтірілген мәлімет бойынша, қазақстандықтар 371 миллион сом қаржы жинаған. Және жаңа танк колоннасын жасау жөніндегі бастамаға қаржы жинау мұнымен тоқтамаған.

Жалпы, кей деректер бойынша, 1941-1945 жылдарда қазақстандық еңбекшілер  қорғаныс қорына және түрлі әсери техника жасап шығаруға 1,8 миллиард сомкөлемінде қаржы жинапты.

Сталиннен келген жеделхат

Осы іске «Ақ тарының атасы» атанған даңқты диқан Шығанақ Берсиев те үлес қосты. «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасы үшін ол 20 мың сом мен 100 пұт астық берген. Осыған байланысты Сталинге жолдаған жеделхатында: «Менің үш ұлым да Қызыл армия қатарында қарғыс атқыр фашистерге қарсы соғысып жүр. Жасым 61-ден асқанмен, өзімді әлі де тың сезінемін, денсаулығым жақсы. Үзбей еңбектену арқылы мен де майданға көмегімді көрсетемін» — дейді.

Шығанақ Берсиев, сондай-ақ, 1943 жылы бір гектардан 200 центнер өнім алуды жоспарлайтынын да айтқан. Әйгілі тарышының жеделхатына Сталиннен: «Жолдас Берсиев, Қызыл Армияға көрсеткен көмегіңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Менің сәлемімді қабыл алыңыз» — деген жауап келіпті. Бұл жеделхаттар мәтіні сол кезде облыстық газеттер беттерінде жарияланған.

Зүбайданың үлесі

Соғыс тұсында еңбегімен жұртқа танылғандардың бірі — Зүбайда Ысмағұлова болды. Комсомол қатарындағы жап-жас қыз Шалқар ауданы «Сартепсең» колхозындағы сүт-тауар фермасының меңгерушісі болып істеген. Оның фермасы аудандағы ең алдыңғы қатарлылардың бірі болды.

Соғыс басталғаннан кейін, Сартепсең ауылындағы ер-азаматтар бірінен соң бірі майданға аттанды. Зүбайда әкесін майданға шығарып салып тұрып, колхозда бір емес, «екі адамның жұмысын атқаратын боламын» деп уәде беріпті. Қайратты қызға 1942 жылдың басында ферма меңгерушісіміндетін атқару тапсырылыпты.

Қоралары әрдайым таза да жылы, малдарының жақсы күтімде екені сырт көзге бірден байқалатын ферманы басқарып жүрген Зүбайданың күндіз-түні тыным таппайтын еңбекқорлығын жоғары жақ әрдайым басқаларға үлгі еткен. 1944 жылы оның фермасындағы мал басы 231-ге жеткен, бұл жоспардағыдан 18 басқа артық екен. 1942 жылы фермада — 55, ал 1943 жылы 78 сиыр бұзаулап, бұзаулардың бәрі аман сақталған. Екі жыл ішінде ферма майданға 139 центнер ет, 1033 килограмм сары май тапсырған, сүт сауу жоспарын да асыра орындап отырған.

Әлия мен Мәншүктің елде қалғанқұрбылары да осылайша қайнаған еңбек майданының алдыңғы шебінде жүрді…

Амангелді батырдың қаза тапқанына — 25 жыл

Ол кезде бүгінгі ұрпақ мақтан тұтатын Есет Көкіұлы, Есет Көтібарұлы, Қабанбай мен Бөгенбай сынды даңқты бабаларымыздың аттарын атауға болмайтын еді. Алайда, Кеңес елінің басшылығы қай кезде де, әсіресе, соғыс жүріп жатқан тұста әр халықтың рухын өз ортасынан шыққан батырлар арқылы ғана көтеруге болатынын жақсы түсінген. 1944 жылдың 18 маусымында бүкіл Қазақстан Амангелді Имановтың қаза тапқанына 25 жыл толуын атап өтті.

Осыған байланысты Ақтөбеде де көптеген шаралар ұйымдастырылған. 17 маусым күні Ақтөбедегі қалалық Мәдениет үйінің көрермендер залында салтанатты-қаралы жиын өткен. Батырдың өмірі мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістегі ролі туралы баяндамадан кейін, көркемөнерпаздар күшімен концерт қойылған, аудандардан келген ақындар өздерінің Амангелді батырға арнаған туындыларын орындаған. Осындай жиындар барлық кәсіпорындар мен мекемелерде, оқу орындарында ұйымдастырылған. Тек облыс орталығының өзінде ғана батырды еске алу мақсатында 80-ге тарта жиын болыпты. Облыстық музейде арнайы көрме ұйымдастырылған. Сондай-ақ, Амангелдінің құрметіне кәсіпорындардағы бригадалар арасында еңбек жарыстары,спорттық сайыстар да өтті. Ақтөбедегі «Мәдениет майданы» кинотеатрында қазақ және орыс тілдерінде «Амангелді» фильмі көрсетілді.

Бұл шараларда Амангелді Иманов бейнесі, негізінен, төңкеріс жаршысы, большевиктердің жақтасы ретінде насихатталған…

Әзірлеген Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Деректер облыстық мемлекеттік архивтен алынды.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*