Басты бет » Мәдениет » Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы театр: бес спектакль — бір мақсат

Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы театр: бес спектакль — бір мақсат

Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, 16 мамырдан бері қаламызда Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының труппасы өнер көрсетіп жатыр. Бүгін Сыр өңірінің артистері «Бір түп алма ағашы» қойылымын ұсынып, гастрольдік сапарын қорытындылағалы отыр.

Ақтөбемен көршілес жатқан өңірден келген делегация өкілдерінің сөзінше, гастрольдік сапардың мақсаты — Сыр театры өнерін осындағы жұртшылықа кеңінен таныстыру, екі облыстың арасындағы мәдени байланысты одан сайын нығайту. Шараның аясында Ерсайын Төлеубайдың «Абай» трагедиясы, Жабал Ерғалиевтың «Құлпытастың көз жасы» психологиялық драмасы, Сәкен Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясы, Әлімбек Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасы және балаларға арналған Сая Қасымбектің «Қиял қуған Зукөжек» қойылымдары сахналанды. Күніне екі мезгіл, сағат 11.00-де және 19.00-де өнерсүйер қауыммен жүздескен театрдың көркемдік жетекшісі — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір, ал бас суретшісі — Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Серік Пірмахан. Жалпы, 60 жылдан астам тарихы бар шығармашылық ұжымнан Ақтөбеге жалпы саны 50-ге жуық маман арнайы келген. Олар, жоғарыда атап өткеніміздей, репертуардағы 40-тан астам қойылымның ішінен ең үздігін һәм таңдаулысын көрермен назарына ұсынғанын айтады.

Айталық, Ерсайын Төлеубайдың «Абай» трагедиясында ұлы ақынның алпысқа қараған шағында өз ортасынан орын таппай, ауыр ой арқалап, іштей егілген кезі суреттеледі… Ұлы дана өмірінің соңғы кезеңіндегі көлеңкелі сәттер, атап айтқанда, араларына алты айдан салып, балаларының көз жұмуы, соңында хакімнің өзі бұның барлығын көтере алмай, өмірден озуы көрініс тапқан. Айтары мол, философиялық ойы басым спектакльде «соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан жанның» жұмбағы, Абай азабының айтылмай келген тылсым бейнесі көрсетіледі.

Жабал Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» психологиялық драмасы да шым-шытырық оқиғаларға толы. Бірінде кешегі кеңестік кезеңнің ащы ақиқаты айтылса, енді бірінде бүгінгі қоғамда қорқау қоңыздарға жем болған қорғансыз жастардың мұңлы трагедиясы драма арқауына айналған. Драматург өткен мен бүгінгінің ащы ақиқатын ашу барысында билік пен байлыққа ие болған тоғышарлардың тоңмойын қылықтарына әлсіз, бейкүнә жандардың жанкешті күресін қарсы қояды… Оқиғаның соңы әдеттегідей махаббат пен ізгіліктің салтанат құруымен аяқталса да, көрерменді еріксіз әртүрлі көңіл күйге бөлейді. Мұны да ой салатын, шынымен сүйсініп көрермен болғандарға біраз уақытқа рухани азық сыйлайтын туындының қатарына жатқызсақ, қателесе қоймаспыз.

Ал Сәкен Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясы нағыз арманшыл жастарға арналған, күнделікті күйбең тіршіліктен қажыған адамдарға арнайы сахналанған шығарма дерсіз. Оқиға бір аудандағы ансамбль жетекшісі Жұматтың тек қыздардан тұратын жаңа музыкалық топ  құруды мақсат еткенінен, қызық болғанда ауылда шығармашылықтан анау айтқандай хабары бар қыз-келіншектер ілуде біреу екенінен дами түседі. Қайтпек керек? Мұндайда қызметі күрделі болса да, учаскелік полиция болып жұмыс істейтін Алтынбектің көмекке келетіні бар. Ол әп-сәтте «Алтынкаға» айналады… Әдемі әндермен шебер өрнектелген қойылымның өзіне тән идеясы бар, әзіл-әжуасы да аз емес.

Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасы ақтөбеліктерге бұрыннан таныс. Ахтанов атындағы театрда біраз уақыт бойы қойылған спектакль туған ауыл, өзі өскен шаңыраққа деген әрбір адамның парызы нендей, сол жөнінде сыр шертеді. Басты кейіпкерлер — ауылда мүгедек баласымен қалған ана мен қалада тұратын балалардың кере­ғар тірліктері көрермен жанына әсер етпей қоймайды. Көңілді мұңға бөлейтін көріністер, ағайындар арасындағы алауыздық, жалпы алғанда өмірдің боямасыз шындығы патша көңілді көрерменді әртүрлі сезімге кенелтетіні айдан анық.

Қызылордалықтар гастрольдік сапары барысында кішкентайларды да ұмытқан жоқ. Сая Қасымбектің «Қиял қуған Зукөжегі» көрермендерге жол тартты. Көжектің басынан кешкен қызықты оқиғаларына куә болатын ұл-қыздар солармен әр жерлерге сапар шегіп, ақырында туған жерге ештеңе жетпейтініне көзі жетеді. Осылайша, балаларды отансүйгіштік пен еңбекқорлыққа, үлкенді сыйлауға үндейтін дүниенің тәрбиелік мәні басым, сонысымен үлгі етуге тұрарлық.

«Театрға көрермендер алдымен актер үшін келеді…»

Облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темірді аз-кем әңгімеге тартып, оған гастрольдік сапардың халыққа не беретіні, аймақтағы актерлердің аяқ алысы, сондай-ақ, театр өнерінің бүгінгі ахуалы жөнінде сұрақтар қойған едік.

 — Театрлар жылда гастрольдік сапарға шығып жатады ғой. Ондағы мақсат — алдымен өзге өңірлердегі әріптестермен тәжірибе алмасу, сондағы көрермендермен қауышу, сондай-ақ, артистердің шығармашылығын шыңдау. Сол арқылы екі тарап та, өнер адамдары мен көрермендер шығармашылық ләззат алады. Әрі біздер — көршілес жатқан облыстармыз. Біздегі ой — бұрыннан қалыптасқан байланысты одан сайын дамыту.

— Бізге әкелген қойылымдарыңыздың репертуарын бір шолып шыққанда, көзіміз бірден «Абай» трагедиясына түсті. Мұндай кесек туындыны сахналауға қорыққан жоқсыздар ма? Қанша айтқанмен, Абай — қазақтың жаны ғой, айтулы тұлға…

— Бәрі актерге байланысты. Мысалы, мен режиссер Абайды ойнайтын актерім болмаса, мұны қолға алмас едім. Біз актерімізді оның алдында кәдімгідей дайындап, осы образға әбден шыңдадық десек болады. Бұл спектакльдің премьерасы 2013 жылы өтті.

Бұл — Мұхтар Әуезовтің Абайынан басқа Абай. Бүгінгі күннің мәселелерін көтеріп, соған бейімделген, ой салатын шығарма.

— Сөз басында екі облыстың достығы жарасқанын, мәдени байланысы мықты екенін айттыңыз. Өзіңізге біздегі Ахтанов театрының қай қойылымы ұнады?

— Әрине, «Король Лир». Менің ойымша, бұл қойылым театр әлеміндегі құбылыс іспетті. Бірақ, ол фестивальдерге қатыспады, сахналануы да аз болды. Сосын сатиралық «Командас» спектаклін көргенім бар. Ол да, меніңше, жақсы дүние.

— Осы саланың кәнігі маманы ретінде театр өнеріне бүгінде не жетіспейді деп ойлайсыз?

— Әр уақыттың өзіне тән талабы бар. Қазір жаһандану заманы. Бүгінгі технология жаңа бір ойын тәсілдерін табуды талап етеді. Осы жағынан әрі қарай дами түссек деген тілек бар.

Сахнада актердің образ жасай отырып, жанын беріп ойнағаны керек. Дайын мәтінді айтып шығумен шектелуге болмайды. Бүгінгі көрерменнің талғамы биік. Ол бәрінің шынайы әрі кәсіби жағынан жоғары дәрежеде болғанын қалайды.

Сонымен бірге, біздегі драматургия да әлі де кемеліне келе қойған жоқ. Бұл саладағы талантты жас мамандар енді-енді шығып жатыр… Олардың пьесаларының ойы терең, мазмұны өзгеше.

— Ал көрермен жинау мәселесі ше?

— Біріншіден, театрды сүйетін, қойылымдарына баратын халықтың саны соншалықты көп емес. Тіпті театрдың қай жерде орналасқанын білмейтіндер де бар. Мұны мойындау керек. Екіншіден, театрға көрермендер әуелі актер үшін келеді. Сондықтан шығармашылық ұжым мықты болуы шарт.

Жалпы, бұрын бұл мәселе болған. Бір жылдары театрға баруға халықтың жағдайы келген жоқ. Қазір олай емес. Мысалы, бізде спектакль сайын аншлаг болады демесем де, залдың жартысына жуығы анық толады. Яғни қызығушылық, театрға келем деушілер бар. Театрымыз 640 орынға шақталған.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*