Басты бет » Әлеумет » Абай даңғылы

Абай даңғылы

Есте қалар есімдер

ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының екінші жартысынан бастап Ақтөбе қаласы көркейіп, гүлдене түсті. Тұрғын үй құрылысымен қатар қалада халыққа қызмет көрсететін мәдени-тұрмыстық объектілерді салу ісі жылдам жүрді.  Сәнді көшелер көбейіп, жасыл алаңдар мен гүлзарлар көзге түсті. 1967 жылы қала көшелері Октябрьдің 50 жылдығы мерекесіне орай тазарып, әдеміленіп, жарасып бой түзеді. Сол жылы көктемде Ақтөбе қалалық кеңесінің шешімі бойынша І шағын ауданындағы Пархоменко атындағы көше Октябрь бульвары деп аталды. Сол уақытта бульвар бойында ондаған әдемі тұрғын үйлер, азық-түлік және кулинария дүкені, «Жастық» кафесі, «Ласточка» асханасы, тұрмыстық қызмет көрсету үйі, балалардың тіс емдеу емханасы, қалалық АХАЖ орналасты.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін көшелердің ескі атаулары жаңартылды. 2005 жылдан бастап 200-ге жуық көшеге жаңаша атау берілді. Сол уақыттарда Октябрь бульвары  ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың құрметіне Абай даңғылы болып өзгертілді.

Абай Құнанбаев — ақын, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы өз заманындағы атақ-даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. «Абай» деп жас Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп атаған. Бұл есіммен Абай тарихқа енді. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

Қазіргі күні Абай даңғылының бойында Ақтөбе қалалық әділет департаменті, «Нұр Отан» партиясының ғимараты, қалалық балалар тіс емханасы және «Жастық» мейрамханасы орналасқан.  Даңғыл бойына 2008  жылы  халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» кітабының кейіпкерлеріне ескерткіш қойылды. Бұл — Қазақстанда әдеби шығарма  кейіпкерлеріне қойылған тұңғыш ескерткіш. Оның авторы — Ерік Жауынбаев. Ал 2016 жылы даңғыл бойындағы шағын субұрқақ қайта жаңартылды. Жаңа субұрқақ әуенге билейді. Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Жақып Асанов субұрқақты іске қосты. Аспанға атылған сулар түрлі түсті жарықтармен мың құбылып көз арбайды. 3 қазандықтан тұратын субұрқақтың құрылымы өте күрделі. Компьютер арқылы басқарылатын субұрқақ 390 бүріккіш, 48 сорғыш, 422 шамнан тұрады. Дыбыс ұлғайтқыш және жарықдиодты шамдармен әрленген. Атқылайтын судың биіктігі 20 метрге дейін жетеді. Жалпы көлемі 700 шаршы метр алаңды алып жатыр.

 Дайындаған Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*