Басты бет » Редакция қонағы » Құралай ҚАНАХИНА: Қаламгердің қызы болғанымды мақтан тұтамын!

Құралай ҚАНАХИНА: Қаламгердің қызы болғанымды мақтан тұтамын!

Сонау артта қалған жетпісінші жылдары қалың оқырманын өзінің «Жер басып жүрсем», «Дәмелі», «Құдірет» секілді көркем туындыларымен баурап алған жазушы Өтебай Қанахин — Ырғыз ауданы Тәуіп ауылының перзенті. Ол 1990 жылы алпыс жеті жасында Алматы қаласында дүниеден өтті. Содан бергі жиырма жеті жыл уақыт ішінде көрнекті қаламгердің жақсы есімі көмескі тартқан жоқ.

Жақында жазушының қызы Құралай Қанахина жұмыс бабындағы сапармен біздің облысымызға келіп, облыстық «Ақтөбе» газеті редакциясына бас сұқты. Біз қазіргі уақытта республикалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жауапты қызмет атқаратын оны әңгімеге шақырғанбыз.

— Сіз үшін әкеңіз Өтебай Қанахиннің орны қандай? Әкеден қандай тәлім-тәрбие алып қалдыңыз?

— Менің әкем жазушы ретінде өз ортасында беделді болған адам. Ол дүниеден өткенде мен он бес жасар қыз болатынмын. Дегенмен, оның сол кездегі асыл тұлғасы мен үшін ыстық, ылғи да көз алдымда тұрады.

Әкемнің балалық шағы қиындықпен өткен. Тіпті аштықтың шырмауынан тағдырдың оң көзі түскендіктен аман қалды деуге болады. Өзі осылай деп айтып отыратын.

Кейін біраз жыл әскер қатарында болды. Сондықтан да болар, қимылы ширақ, қандай істі қолға алса да тиянақты атқаратын.

Әкем мені Алматыдағы сол кездегі жалғыз қазақ тілінде білім беретін оқу ордасы №12 мектепке өзі жетектеп апарды. Сонда білім алдым.

1983 жылы әкем алпыс жасқа толуына байланысты Ырғызға — атамекенге келді. Қасында біздер бармыз, мен кішкентаймын, мектепке енді барған кезім. Алматыдан пойызға отырып, Шалқар стансасынан түстік. Сол жерден Ырғызға жол тарттық.

Сонда бізге өзінің туған жері Қаратөбе деген мекенді көрсетті, ата-бабамыздың қорымына алып барды. Бізбен бірге аудан басшылары да жүрді. Солардың бірі маған далалықтағы құмнан сағыз алып берді. Сол сағыздың дәмі әлі күнге дейін ауызымнан кетпейді. Тәуіптің табиғаты өте әдемі, құстар сайрап, айнала әсем бір тыныштық болып тұрған сәті көз алдымда қалып қойды.

Әкем дүниеден өткенде мен он алты жасар қызбын. Әлі мектеп бітіргенім жоқ, сондықтан алдағы өмірім оңайға соқпайтынын білдім. Дегенмен әкем мені қиындыққа тура қарауға үйреткен, оның рухы мені қорғап, қолдап жүргендей сезінетінмін. Мектеп бітірген соң Қазақ мемлекеттік университетінің жаңадан ашылып жатқан шығыс тану факультетіне оқуға түсіп, болашақ мамандығымды айқындадым. Қатарымнан кем болмаған секілдімін.

Әке тәрбиесі дегенде осы жайлар ойыма оралып отыр.

— Енді анаңыз туралы айтып берсеңіз.

— Анам Сағира Төлегенқызы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын 1968 жылы тәмамдаған. Ұзақ жыл республикалық Ұлттық кітапханада оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі болды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, үздік кітапханашы атанды. Қазір Астанада, бауырым Саябектің қолында тұрады. Саябек пен келіні Бақытгүлден тараған жеті немересінің аяулы әжесі. Саябек Назарбаев университетінде департаментке жетекшілік етеді.

Қазіргі уақытқа дейін анамызды мектеп оқушылары кездесуге жиі шақырып тұрады. Ол әкеміздің өмірі, шығармашылығы туралы естеліктер айтып береді. Кітаптарына қолтаңба жазып береді. Қысқасы, жазушының жары ретінде оның шығармашылығының насихаттаушысы қызметін тынымсыз атқарып келеді. Біз соған қуанамыз.

— Өтебай аға көзі тірісінде кімдермен жақын араласып тұрды. Ол кісі өмірден өткен соң жазушы ағалар қаламгер достарының отбасын ұмыт қалдырған жоқ па?

— Менің байқағаным, әкемнің қаламгер достары аз болмайтын. Негізінде оның әдебиетке келуінің өзі ертегінің оқиғасы секілді ғой. Сонау Қиыр Шығыста әскер қатарында жүріп жазған «Ауыр күндерде» атты көлемді дүниесінің қолжазбасын Алматыдағы Жазушылар одағына жібереді. Оны алғаш оқып шыққан жазушы Мұқан Иманжанов жақсы пікір білдіріп, Жазушылар одағының басшысы Сәбит Мұқанов әкеме шақыру қағазын жібереді. Сөйтіп, әкемнің алғашқы туындысы «Әдебиет және искусство» журналында жарияланады. Өзі әскер қатарынан босатылып, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына қызметке тұрады.

Әкем қазақтың көрнекті ақыны Қалижан Бекқожинмен ерекше сыйластықта болды. Ол кісі Зайда әже екеуі бізді өз балаларындай жақсы көрді, кейін де жақсы араласып тұрдық. Жазушы Қалмұқан Исабаевтың да әкеме құрметі бөлек еді. Қалмұқан ағаның әкемнің сексен бес жылдығына орай «Қазақ әдебиеті» газетінде «Бізді әдебиет жақындатты» деп жүрек тебірентерлік лебіз білдіруі сол сыйластықтың айғағы іспетті еді.

Әбіш Кекілбаев аға бұл дүниеден өткенінше бізбен байланысын үзген жоқ.

Кезінде әкемді сыйлап жүретін Үмбетбай Уайдин, Қажығали Мұқанбетқалиев ағалар әлі күнге дейін анама хабарласып, біздердің амандығымызды біліп отырады. Соған қуанамыз, көңіліміз көкке көтеріледі.

— Өтебай ағаның өмірінде болған ерекше бір жағдайлар туралы айта аласыз ба?

— Ол ірі лауазымды қызметтер тізгінін ұстады. Сөйтіп жүріп, шығармашылығы даму үстінде болды. Әкем кейін қалың жұртшылыққа танымал болған «Жалын» алманағының алғашқы бас редакторы еді. Ол Орталық Комитетте де қызмет атқарды, Мәдениет министрлігінде репертуарлық редакциялық алқасының бас редакторы, «Жазушы» баспасының бас редакторы болды.

Тоқсаныншы жылдардың басында әкемнің жүйкесіне ауыр салмақ түсірген жағдай орын алды. Оның «Қарт сарбаздың хикаясы» атты кітабы ауқымды таралыммен баспадан шығып, енді оқырмандарының қолына жөнелтілгелі тұрғанда «Кеңес өкіметіне қайшы пікірлер бар» деген үкім шығарылып, түгелімен өртеледі. Әкем өмірден өткеннен соң арада төрт жылдан кейін Мұхтар Мағауин өзі жасырып алып қалған бір кітаптың толық нұсқасын  «Жұлдыз» журналының төрт санында жариялады.

Әкем әдетте шығармаларын қолымен жазатын. Содан кейін өзі машинкаға басуға отыратын. Сол машинкасы әлі күнге дейін сақтаулы.

— Ақтөбе туралы әсеріңіз қалай? Әкеңіздің туған өңіріне бет алған кезіңізде толқыған шығарсыз?

— Әрине. Шынын айтсам, бұл — менің Ақтөбе қаласына бірінші рет рет келуім. Жүрегімде толқу болды. Ең бірінші әсерім, мен бұл қаланы Алматыға ұқсаттым. Көп қабатты үйлері, әсем ғимараттары көңіліме жылылық тудырды. Осындағы азаматтар менің тілегіме орай шаһарды аралатты, көрікті жерлерін көрсетті. Әкемнің атындағы көшеде болдым. Әрине, толқыдым. Алыстан келгенімде өзінің туған өлкесінен әкем алдымнан шығып қарсы алғандай болды. Ырғызда да әкеме көше атауы берілгенін білемін. Өзі дүниеге келген Жайсаңбайдағы мектеп әкем атымен аталады.

Әкем бала кезінен өлең, дастандарды жатқа айтып, «жырау бала» атанған. Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің интернатында жатып білім алып, төртінші сыныпта оқып жүргенде «Ленин бабама», «Комсомол ағама» деген өлеңдер жазып, ол туындылары қабырға газеті бетіне түскен. Одан есейе келе аудандық «Колхозшы», облыстық «Социалистік жол», республикалық «Октябрь балалары» газеттеріне алғашқы тырнақалды туындылары жарық көріп тұрған. Сол «Социалистік жолдың» жалғасы — «Ақтөбе» газеті редакциясына келіп тұрғаныма ерекше қуаныштымын.

— Мұнда жұмыс бабымен келіп жатқаныңызды білеміз. Ырғыз жаққа барып қайту жоспарыңызда бар ма?

— Бұл жолы әкемнің атамекеніне соға алмаспын. Бірақ арнайы келу ойымда бар. Ол ой бұрын туындады ма, әлде кешелі-бері мазалады ма, дәл қазір оны да айта алмайтын секілдімін. Әйтеуір көңілімде алаң пайда болғанын сезініп тұрмын. Шамасы, бұдан былай Ақтөбеге қарай жиі ат басын бұрып тұратын шығармын. Әкемнің «Жұмақ дегеніміз — өзің жарық дүниеге келген жылы ұяң — атақонысың, туған жерің, өскен елің, басқа ештеңе де емес» деп жазған жүрек тебіренісі бар. Соның түпкі мағынасы мен үшін енді-енді ашыла бастаған сыңайлы.

— Әңгімеңізге рақмет! Сізге өшпес өнегесін берген Өтебай әкеміздің рухы өзіңізді әрдайым қолдап жүрсін!

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.      

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*