Басты бет » Әдебиет » Тұлпардың сыны

Тұлпардың сыны

Проза

Әңгіме

Совет заманы. Ауылдағы шағын мектепті  бітіріп, оқуымды жалғастыру үшін аудан орталығына келгем. Сабақтан қайтқанда осы көшені бойлай  жүремін. Басынан бастап санағанда он жетінші еңселі үйдің кейде сыртқы қақпасы, не қақпасының есігі ашық қалады.  Мұндайда ауласында құлақасқа  ат  қаңтарулы тұрады. Биік, жүні жылтыраған күйлі, тоқжарау. Тұлғасы сұлу, көздің жауын алады. Үстінде әлі сыны кетпеген қазақы құранды ер. Ер үстінде жасыл ала пүліштен істеген су жаңа жұқа көпшік. Қашан көрсең тобылғы сапты сегіз өрме сарыала қамшы ер басында ілулі, қанжығада жіңішке қыл арқан бөктерулі. Лып етіп мініп, жол жүріп кетуге дайын. Шамасы, біреу күнде  келіп-кететін сияқты. Бірде мектептен ерте қайтқам. Қақпа ашық екен. Дөңгелек қазақы бөрікті, қоңыр ши мақпалдан тіккен ұзын жеңді, етекті бешпент киген, бойы ортадан төмен қария  құлақасқаны ерттеп жатыр. Кідіріп, зер сала қарадым. Баяу қимылдайды. Қарасұр өңді, сұйық сақалды, сексеннің үстіне анық шығып кеткен адам. Ертеңіне кластасым Сәдуден мән-жайды сұрағанымда: «Ол Қарабас Медеубай деген шал. Жас кезінде конокрад болған. Ұлы Отан соғысы кезінде Украинада ма, Польшада ма немістің тұтқынына түсіп,  содан қос атпен қашып, елден шыққан. Неге екенін білмеймін, осы шалды бүкіл Шалқар сыйлайды. Жекеге ат ұстатпай жатқан райкомдағылар да үндемейді», — деді.

— Сонда атпен күнде бір жаққа бара ма?

Сәду бетіме мүсіркегендей кейіппен күле қарады.

— Ей, сен де… Түріне қарамайсың ба? Тоқсандағы адам қайдан атқа отырады!

— Басқа біреу міне ме?

— Ешкім де мінбейді. Күнде сәскеде атын бері шығарып, шөткемен үстін

тазартады, сылап-сипайды, құйрық, жалын тарайды. Асықпай ерттейді. Ұзақ жол жүруге дайындайды. Аулада ерсілі-қарсылы жетектейді. Айналдыра қарап тексереді. Сөйтіп жүргенінде түс болады. Түс ауа ер-тұрманын алып, орнына апарып байлайды. Жем, шөбін береді. Айналасын тазартады. Күндегі кәсібі сол. Қысқасы, ат көрмесе отыра алмайды… Медеубай шалды танымайды екенсің ғой?

— Ә-ә-ә, — дедім мен. — Бала кезінде Жапарбергенің атақты Күреңіне мініп, бәйгеге түсетін Медеубай осы екен ғой!

— Бұл өзі осы ғасырдың басында, Николай патша тұсында Қабақ Бүркітбайдың асында болған оқиға. Сонда Шалқар жерінің соңғы тұлпары Жапарбергеннің Күреңі  бәйгеге түсіпті.Әлі күнге шейін алыпқашты әңгіме көп, олай шауыпты, жоқ, олай емес, бұлай шауыпты… Бүркітбайға жеті-сегіз мың жылқы бітіпті. Қайдағы жеті-сегіз, он екі мың жылқысы болған…Алпыс шақырымнан жіберген, алпысың не, жетпіс бес шақырым. Сонда атқа шапқан Қарабас Медеубай он үште екен…Он төртке қараған жігіт көрінеді…». Бұл шалға байланысты хикая осылай кете береді, — деді Сәду.

Есіме түсті. Біз сәби кезімізде Бүркітбайдың өзі болмағанымен немересі Шыңдағұлды орыс әйелінен туған  ұлымен қоса көріп ек, үлкен ағам Мәліктікінде бір жеті аялдаған. Орыс бозбаланың фотоаппараты бар, ауық-ауық сыртылдатып  суретке түсірген. Кішкентаймын, кішкентай болсам да ішім сезеді, бізге әлдебір жақындығы бар. Кейін білдім  Бүркітбайдан Қалдықожа, Қалдықожадан Мәлік көкемнің шешесі Қазына туыпты. Қалдықожаның ұлы Шыңдағұл куғын-сүргіннен қайтқан,  аудан орталығындағы НКВД-ның бақылауында. Сонда Бүркітбай бай, оның ұлы болыс Қалдықожа біздің нағашымыз боп шығады. Аласапыран заман, өлім-жітім көп. Медицина атымен жоқ. Қазына шешеміз ерте кеткен.

Қарабас Медеубайды да көргеміз. Қолына су құйдық, ет асадық. Жүзі айбарлы, кішкентай ғана адам еді. «Атқа мінсе аруақтанып кетеді, тақымы қатты, ұстасқанда түйе палуаныңды аударып тастай береді» десетін. Шалқардың соңғы тұлпарына мініп, атақты Бүркітбайдың асында аламан бәйгеге түскен осы кісі екен.

Одан бері не заман, ол бәйге туралы аталар айтты — олар кетті, әкелер айтты, сосын ағалар айтты — кезек-кезегімен бұлар да кетті. Қазір Сәду құрдасым да жоқ. Менің де талай айтқым келген, бірақ келістіре алмаспын деп, жүрексініп, шегіншектей берем. Айтпайын десем, ендігі кезек бізге тақап қалыпты. Енді қайтпек керек… Сөйтіп жүргенде Сайрам шайқасының қаһармандарының бірі, бұл күнде Алашқа аты мәшһүр Мөңке бидің әкесі Тілеудің сүйегін жау қолынан алып шығып, Қожа Ахмет Яссауи дүрбесіне жерлеген Қалдыбай ханға Түркістанның әкімі  ас беріп, соған бізді ұрпағы ретінде шақырмасы бар ма. Аруақпен ойнауға болмайды екен, барсақ Қалдыбай ханның бұдан он бес жыл бұрын берілген көшесін жаңа әкім асфальттатып, басына ханға арнап граниттен белгітас қойыпты. Міне, сол жиында Бүркітбайдың асын Ақтөбеден барған Сенбай ағаның  тағы еске алмасы бар ма?!

— Мен мұны Медеубай ақсақалдың өз аузынан естіп едім, — деді Секең, шайдан соңғы етек-жең кеңіген кешкі отырыста. — Бүркітбай қатардағы байлардың бірі емес, ел тұтқасын ұстаған би, ақылды, шешен, халық сыйлаған абыройлы адам болған. Өнерді құрмет тұтқан.  Мәселен, атақты Қазанғап күйшіге демеушілік жасап, басына отау тігіп, қалыңмалын төлеп, қатын алып берген. Сөйтіп, кедей Қазанғапқа көп көмегі тиген, өнеріне өріс ашқан. Есепшісі Айпақ деген кісі де домбырашы адам екен, оның баласы Жәлекеш Айпақов кешегі совет кезінде «Қазақ ССР-ының еңбек сіңірген әртісі» атағын алды. Қазанғап күйлерін насихаттады. Қазанғап «Бүркітбайдың торы жорғасының бөгелек қағуы» деген күй шығарған. Қазіргі «Құланды түбегі» бұрын «Бүркітбайдың түбегі» атанған. Кешегі «Бай жаман! Би жаман!» деген тұста  өзгертіп жіберген. Бейіті «Бастанда» әлі тұр. Кеудеден келетіндей етіп өз өсиеті бойынша тастан қаланған.

Сол заманда сырткөз бір әйдік сыншы, біздің елді тегіс аралап көрген соң: «Бұл елде екі мырза бар екен, Қалыбек — асқа мырза да, Бүркітбай – атқа мырза екен» деп баға беріпті. Сауын, мініс сұрап келген ағайынның бетін қақпайтын Бүркітбайдың жылқысын аралап көргеде сыншы ер салынған жері қажалып ақжем болып кеткен ат-айғырдың көптігіне таңғалыпты. Әңгімеміздің өзегі сол кездегі қазақы жылқы ішінен тұлпар шыққан Бәйге Күрең болғанымен, оның атақ-даңқын ел-халыққа мәшһүр еткен — Бүркітбайдың асы. Сөзіміздің көркін келтіретін бір тармақ осы, сондықтан мұны аттамалап тастап кетуге болмайды. Тегін адамға қазақ ас бермейді. Мысалға, мына қарадан хан болған Қалдыбай тегін бе?! Түркістанның әкімі бастаған бар қаймағы алдымыздан шығып, пойыздан күтіп алды. Аяғымызды жерге тигізбей әлпештеп жатыр.  Осыдан-ақ аңдай беріңдер, аруақты адамдардың қандай екенін! — деп, бір қайырған Секең, аз-кем үзіліс жасады.Тыңдап отыр ма, жоқ па дегендей айналасына барлай қарады.

— Есет батырдың ұлы Шалпық, Нияз бидің ұлы Шолан құда балалары екен. Бірде екеуі сәлем береміз деп Бүркітбайдың жайлауда отырған үйіне келе қалыпты. Атақты адамдардың балалары келген соң көрші-қолаң, жақын отырған ағайын-туыс «Қайырлы қонақ болсын!» десіп, қолы ашық, қысырдың тайын сойған байдыкіне жиналыпты. Шайдан соң екі қонақ  аттарын ауыл іргесіне шығарып, шідер салып, құрсақ босатып кері оралғанда Бүркітбайдың әлі ұясына жетпеген күшік тазысы алдарынан шәуілдеп үріп шықса, бірі қолындағы жүгенмен ұрады. Темір сулық жанына батып кеткен тазы қаңсылап, бұл кезде үй іргесінде самалдап тұрған көптің ішіндегі иесінің аяғына келіп тығылады. Сонда Бүркітбай қоймастан қаңсылаған тазысын басынан сипап: «Күшігім, күшігім, ештеңе етпес, «Ағасы ұрады, інісі жылайды» деген бар», –  депті. Атақты адамдардың балалары болғанымен әкедей қайдан болсын,  ә дегеннен жаңсақ басқан құда балалары тамақ үсті, дастарқан басындағы мәжілісте жас кезде әркімде де болатын қызбалықпен ауыл-аймақты сынап, бір шетін байға тигізіп, қателесе беріпті. Бүркітбай біразға дейін назарын төмен салып, үнсіз қалыпты. Ақсақалдардың бірі: «Бүркітбай, сен не ойлап кеттің?», — дегенде, бай алқа қотан отырған ауыл жақсыларына қарап: «Е-и-й, бұрынғыдан қалған бір сөздің мағынасына жете алмай отырғаным ғой . Батырдың түбі бақсы болады деп еді, Шалпықжанның бақсыдан несі кем, бидің түбі маймыл болады деп еді, Шоланжанның маймылдан несі кем?» – деген екен. Атамыз аяқ астынан осылай тауып айта берген, оның бәрін терсек, негізгі жүлгеден ауытқимыз, біздікі тек Бүркітбайдың қандай адам болғанын жолай таныта кету ғана», — деген Секең дауыс ырғағын кілт өзгертіп: «Мана сенен тәуір насыбай  көрген сияқты едім?» — деп Мұздыбайға қарады. Мұздыбай қойнына қол салып, таза мүйізден жасалған, ұзындығы қарыс-сүйем, сыртына  оюлы  алтын  белдіктер жүргізілген, жұқа шақшаны суырып алды. Батыстың дамыған елдері адамдарының ішіне арақ құйып, қойынға салып, ептеп ұрттап отыратын қаңылтыр құтысы болады ғой, сол тақылеттес, ыңғайлы.Тығыны да әсем, көгілжім түсті мүйіз, түбіндегі қабажақтай алтын сылдырмақтары қозғаған сайын бір-біріне соғылып , сыңғыр-сыңғыр етеді. Сенбай аға тығынды ашып, бір шөкім көк бұйра насыбайды алақанына салды. Келер сәтте иіскей бере, алақанын шапшаң қағып қалғанда, ерін асты білеуленіп шыға берді.

— Пай-пай, мынау нағыз қазақы насыбай екен! Қазір мұның ұштығы жоқ болды ғой, — деп сүйсінді әлдебір тәтті нәрсенің дәмін алып тұрғандай. — Тууһ! — деді сосын. — Әтеңе-е-лет, нағыз бабында тұр екен! Түтіні өкпе қабатын сигареттен мына насыбай он есе артық!

Осылай деді де аузымды ашып әңгімеге ұйып отырған мені аң-таң қалдырып, жеңіл көтеріліп Секең сыртқа шығып кетті.

– Кімге керек сол баяғыда өтіп кеткен оқиға, бай, шешен, ат, бәйге, насыбай, ауыл, домбыра, тағы бірдеңе дегендер. Ескі феодализмнің қалдықтары.Одан келешекке пайдалы, өркениетке бастайтын батыстың дамыған елдеріне қатысты нәрселерді тыңдау керек. Дүниежүзіне көз тігу қажет. Урбанизация — заңды құбылыс! Жан-жақтарыңа қараңдаршы, қазір есі енді-енді кірген қазақ ауылды тастап, жаппай қалаға ұмтылып жатыр. Америкадан, Германиядан келген жаңа технологияны игеруге тырысуда. Ағылшын тілін білуге күш салуда. Достар, әне солай, артқа емес, алға ұмтылу керек! —  деді Самат нығарлап. Сөйтті де, орнынан тұрды.

Жұрт лезде бөлмелеріне тарапкетті. Состиып үш адам қалдық.

— Оу, — деді қайта оралған Сенбай. — Халқым кетіп қалыпты ғой. Не

істесін кәрі шалдың мылжыңын. Өзім де білгем, ұнамай отырғанын. Сосын үзіп едім.

— А-а-а-а, — деді Аманғали, қапелімде ештеңе ұға қоймай. — Білген

Екенсіз ғой. Мен аңдамаппын.

— Аға, — деді Мұздыбай. — Жалғасын айтыңызшы.

— И-и-и, сол неге қажет. Өтті-кетті. Бәлду-бәлду, бәрі өтірік.

— Әлгі Бүркітбайыңыз маған майдай жағып бара жатыр. Құдай үшін,  үзілген жерінен жалғастырыңызшы.

— Әлі жатуға ерте екен, — деді қол сағатына үңілген Сенбай. — Жатқанша

ермек болсын. Сен бала да қоймадың ғой.

Жақсы көретін інісінің өтінішін қимай тұрған шығар, әйтсе де, байқаймын, осы әңгімесін айтқанды өзі де ұнататын сияқты. Содан терісі кеңіп, ләззат алатындай. Ал менің жақсылы-жаманды фольклортанушы ғалым деген атағым бар, тыңдағым-ақ келіп тұр.

— Бақтыберген атсейіс жол жүріп келе жатып, құдықтан қозы суарып

жатқан балаға кезігеді. Астындағы күрең тайын қазықбау шалып бұтаға байлай салыпты, шеткерірек. Әлі жабағы жүні түсіп үлгермеген арық тайдың  алды-арты тең текше түрі, қақпан белі, ұзын тұмсығы мен құлағы, күнге қарап сілейіп тұрысы ұнап, қасына тақап келеді. Ат үстінен барлайды: кеудесі кең, тізесі жалпақ, буындары жуан, шашалы, кірпік-қасы қою, арты талтақ, төсі шалқақ, жал-құйрығы сұйық, бұйра жүн, үңгір қабақ, ешкі құлақ, жылан көзді, бұзау тұмсық, дөңгелек тұяқ екен. Әр қасында қайратты, жылтыр, ұзындығы жарты тұтам жеті қылшығы барына таңырқады. Бетіндегі бітімі өзгеше  шошақ сүйек жұп-жұқа терінің астынан томпиып көзге шалынды. Түсе қалып, алдына бір, артына бір шықты. Мін таба алмай аң-таң қалды. Хас тұлпардың өзі! «Моһ! Моһ!» деп кекілін ашып, маңдайын көрді, сипалап тұрып ептеп қолтығына қол жүгіртті, құймышағын ұстады, құйрығын көтеріп, көтеншегін қарады. Танауының желбіршегін ашып, ішкі кеңсірікке қарай біткен алты тесікті көргенде риза болды. Сосын тісін тексермек болды. Күнге қарсы тұрған қарынсау тайдың аузын ашып, үстіңгі күрек тісінің мөрін қарай бергенде әлдене жарқ ете түсті. Көз қарықтырған сызат, жасын сәуле тұла бойын осып өтті. Денесі тітіреп кетті. Жанарын жұма қойды. Іле буын-буыны босап, қалтырады. Біразға шейін демін ала алмай қалды. Аллаға сыйынып дәтін әзер бекітті. Айран-асыр.«Қайдан пайда болған? Көктен түскен бе? Баяғы Көтібар батырдың атышулы Күреңі шыққан жерден емес пе екен?». Жүрегі тулады.  Жүрісі өзгеріп, аяғын әлтек-тәлтек басып, атын жетектеп қойшыға қарай бет түзеді. Тақалғанда ол қолындағы қауғасын тастап, «Ассалаумаллейкум!» деп екі қолын ала жүгірді.

— Уғалайкумассалам! Қай ауылдың баласысың?

— Сүйінбайдың баласымын. Ана тұрған ауыл біздікі.

— Е-е-е, әкең үйде ме?

— Үйде.

— Мына тай сенікі ме?

— Менікі. Жақында үйреттім.

— Сонда қозы бағуға мініп жүрсің бе, мұны?

— Жоқ. Бақташымыз аздап сырқаттанып қалған соң, әкем орнына мені жұмсаған. Уақытша.

— Әкең үйде болса соға кетейін, — Бақтыберген алабұртқан көңілмен көлігіне қарата бұрылды.

Аяңдап келіп, ақбоз үйге түсті.

«Жолаушылап келе жатырмын, ауыл үстінен өтіп бара жатқан соң соғып, сізге сәлем бере кетейін деп едім» деді. Үй иесі дәулетіне сәулеті сай, атсейістігімен айналаға аты мәлім құдайы қонағының елеп соққанына қуанып, елпеңдеп қалды. Шай қойдырды, онша асықпайтын сыңайын байқаған соң бағылан сойдырып, етін тұтастай тайқазанға тоғытты. Не керек, апысы кіріп, күпісі шықты.  Қонақ шай үстінде ретін тауып, Сүйінбайдан жылқысының жай-күйін сұрады. «Күрең биелеріңнің тұқымы қайдан, айғырын қайдан алып салып едің», деді. Әлденеден секем алған Сүйінбай: «Осы өзіміздің жергілікті жердікі ғой, ұрлық істемедік, барымта жасағанымыз жоқ» — деп қисықтау жауап берді.

Қайтар уақыт келді. Дағдылы әдетпен қонақтың бұйымтайы сұралды.

— Бұйымым бар, — деді қонақ. — Мана құдық басында бір күрең тайды

көріп ем. Осы бастан арнайы бақса, баптаса, ит-құстан аман өссе, көлденең кеселге ұшырамас ажылдардың жылында тәуір ат шығуы мүмкін. Соны қозы бағуға қор қылмай маған бер. Мен орнына жақсы ат берейін.

Тайының мұншалықты бағалы екенін атақты атсейістің аузынан естіп,  жаңа білген Сүйінбай бірден «ләппай, тақсыр» деудің ретін таппады.

— Не ғой, — деді, аз-кем кідіріп, ойын жинақтап. — Тұқымы жақсы екенін біліп, балама арналған бәсіре тай ғой. Атап қойып ем.

— Онда, Сүке, былай қылайық. Балаң біздің жылқыдан қалаған екі атын алсын. Алма-кезек мінсін.

— Ат өзімізде де жетеді. Мәселе атта емес, ержетіп қалған баланың көп

жылқыдан көңіл қойып таңдағаны еді. Қонағым, басқа бір жылқы сұрасаң берейін, мұны сұрама. Баланың көңілі қалар.Тағы бір жақсы торы тай бар, соны ал.

Бақтыберген назарын төмен салып, біраз отырды. Үйде өлі тыныштық орнады. Бәрінің жүзінде «Енді не болар екен?» деген күпті сауал.

— Онда, — деді Бақтыберген баяу сөйлеп. — Онда төрт аяғына төрт құлынды бие берейін!

Үй иесі аңтарылып қалды. Бір тайға төрт құлынды бие деген…бұрын-соңды болмаған оқиға ғой.   Бірақ, енді айтқанынан қайтқысы келмеді.

— Біліп отырмын, бір тайға төрт құлынды биені ешкім бермейді. Сіздің

көңіліңіз бай, қолыңыз ашық. Жабағы жүні түспеген бір тайдан төрт құлынды биенің пайдасы мол екенін кім-кім де біледі, бірақ айттым ғой, баламды ренжіте алмаймын. Оған айтқан сөзімді қайтып ала алмаймын. Ержеткен жігітке жүйрік ат керек, қызығын өзі көрсін.

Бақтыбергеннің жүзі күреңітіп кетті. Жанында жатқан алты өрімді, тобылғы сапты қамшысын екі бүктей ұстап, орнынан қарғып тұрды. Үйдегілердің абдырағаннан үндері шықпай қалды. Төртбақ, қарулы атбегі Сүйінбайды оқты көзімен атып, үстіне төніп келді де, кілт бұрылып шығып жүре берді.

Есін жиған Сүйінбай: «Ей, мына жынды қарабас біреудің бермегенін тартып ала ма?», — деп кіжінді.

— Сен де қызықсың ғой, берем деп тұрған төрт құлынды биені ала салмайсың ба? — деді малға қызыққан бәйбішесі, еріне жақтырмай көз тастап.

Сүйінбай жанашыр жөн сөзге ештеңе дей алмады. Әйеліне алара қарап, сыртқа беттеді. Есебі күні бүгінге дейін құны болмаған күрең тайды қайыра бір дұрыстап көру еді.

Әуелі есік тық-тық қағылып, іле ақырын ашылып, бейтаныс әдемі келіншек  сығалады:

— Мұздыбай бар ма?

— Жарты сағатсыз қолым босамайды! — деді Мұздыбай жақтырмаған дауыспен,теріс қарап  отырған күйі, бұрылып та қарамастан. Есік тарс жабылды.

— Міне, осындай бір оқиға болған біздің Шалқарда, — деді Секең дауыс ырғағын кілт өзгертіп. — Енді жатып ұйықтайық. Демалайық.

Құрманбек шар ете түсті:

— Жатқаны несі! Сағат әлі он болған жоқ қой!

— Секе, сіз ұйықтаймын дегенмен кіріп-шыққан көршілер маза бермейді. Он екісіз ұйқы жоқ, — дедім мен. — Одан да әңгімеңізді аяқтап тастаңыз.

— Аға, не де болса ақырына дейін айтып шығыңыз. — Мұздыбайдың

даусы жалынышты естілді. Сенбай аға икемге келді.

— Беті қайтқан Бақтыберген  Жапарбергендікіне келіп түсті. Жәке, солай да солай болды деп, басынан өткен оқиғаны тегіс баян қылды. «Менің жылқы танитыным рас болса, күрең тайдың тұлпар шығатынына еш күмән жоқ» деп барып тоқтады.

— Апырмай, — деді Жапарберген. —Істеп отырған ісін көрдің бе, бір жаман тайын соншама бұлдап. Оны төрт құлынды биеге бермегенде, не қылмақ!

— Сен еш қапа болма, — деді сосын, ұнжырғасы түсіп кеткен інісіне қарап. — Онымен өзім сөйлесейін. Сәл сабыр сақта. Құдай қаласа, алып беремін.

Араға үш күн салып, жеңіл киініп, қолына дырау қамшы алып, жарау атқа мінген, аймақта балуандығымен, серілігімен атаққа шыққан, еңсегей бойлы Жапарберген Сүйінбайдікіне келіп түсті. Бақтыбергеннің өткендегі кетісінен кіпі алған Сүйінбай тума-туыстарын жақын қондырып, жанында ұстап отыр еді, Жапарбергеннің суыт жүрісін көрген соң олар да ішін тартып, жинала қалды.

— Рақмет! — деді Жапарберген үй иесіне. — Мен ас-суға қарамаймын. — Бұйымтайым болып келіп отырмын. Оның не екенін өздерің біліп отырсыңдар. Бір тайға төрт құлынды бие берген жанды осы уақытқа дейін көргеніміз де жоқ, естігеніміз де жоқ. Бақтыберген қызбалыққа салынып, аузынан шығып қалыпты, сол айтылған хақына бер.

— Қатар отырған ағайын ек, осы уақытқа дейін ища дескен жоқ едік,

сенің мына сөзің артықтау болды-ау, бермеймін деген ақадал малымызды тартып аласың ба? Бұл өзі қалай болды, мен түсінбей отырмын, — деді Сүйінбай ағайындарының бетіне қарап, Базарбай ағасының өткендегі берген ақылы есіне түсіп, ыға сөйлеп.

— Сүйінбай, сен бұл тайды бекер бұлдап отырсың. Ол қашан алты-жетіге

толып, аламан бәйгеге қосқаныңша қай заман. Оған шейін тірі тұрса жақсы. Ит-құс бар деген сияқты.  Екіншіден, «Адамның басы — Алланың добы» деген, тай жетіскенше, қандай күнге тап боласың, оны өзің де білмейсің. Мен өз басым екі құлынды биеге де алмас ем, бірге туған інінің көңілі үшін шарасыздан келіп отырмын. Хош, бәрі жақсы болды екен дейік, өзің де аман, тайың да аман. Алайда, оны Бақтыбергендей бабына келтіріп, бәйгеге қоса алмайсың, қор қыласың. Сен ақылға жеңдір. Ойлан!

— Мынау қиын болды-ау, Жәке. Тайды беріп-ақ жіберер едім, сен ініңнің

көңілін қимасаң, мен туған баламның көңілін қимай отырмын ғой. Оны астындағы атынан аударып тастап, саған қалай алып беремін? Жәке, буынсыз жерге пышақ ұрма.

Басын оқыс көтеріп, еңсесін тіктеп алған Жапарбергеннің түсі қап-қара боп кетті. Жасыл көздері бөрінің көздеріндей көкжалқын от шашып шыға келді. Айнала отырған Сүйінбайдың туыстары кінәлі адамдай жүзіне тура қарай алмады.

Өзін әзер ұстаған Жапарберген дайындап  келген ақырғы сөзін

айтты:

— Әй, Сүйінбай, мен саған біраз нәрсе айтып едім, бәрібір ұқпадың.

Сен ұқпағанмен мына туыстарыңның бәрі бірдей ақылсыз емес шығар. Енді әңгіме былай болсын: тайыңның төрт аяғына төрт боталы нар беремін. Осыған келіс. Бұл менің ақырғы сөзім! Сыртқа шығып келейін, сен оған дейін мына ағайындарыңмен кеңесіп, бір шешіміңді айт, — деп жанарынан жалын шаша қарап, орнынан көтерілді.

Жапарберген шыққан бетте туыстары Сүйінбайға тап берді. «Сен ақылыңды шашпа, тайың неше сыра алтын болса да төрт боталы нарға бер. Ол дұрыс айтып отыр, біз бәрібір  жаратып жарысқа қоса алмаспыз. Тілін бір білсе, Бақтыберген білер, бағын байлама. Сен бермеген күнде де бұл тай саған мал болып сіңбес. Шамасы солай. Одан да Базекеңнің өткендегі ақылын тыңдап, іргелес отырған қарабас ағайыннан шығыспа»  десті. Қисайғанмен іштей толқып отырған Сүйінбай туыстарының қосқан ақылын жерге тастамаған болып келісті. Жапарберген күрең тайды аулына жетектеп  қайтты.

Өз үйіне емес, ағасын тағатсыздана күтіп отырған Бақтыбергендікіне келіп түсті. Басынан өткен оқиғаны тегіс баяндап берді. Бақтыбергеннің қуанышында шек болмады.

— Ал мен өз міндетімді атқардым, — деді Жапарберген. — Ендігі кезек

сенікі, әкемізге болған істі барып айту сенің міндетің.

Бақтыберген мұны естігенде, кәдімгідей абыржып қалды. Әкесі Тікен қатал адам еді. Төрт боталы нарға тай алдым десе, бетінен сүйіп алмасы мәлім. Алайда, болар іс болды. Өзін-өзі бекітіп, қатайып алған Бақтыберген келісімін берді. Әкенің жағдайын білетін Жапарберген үйінде қала алмай, інісін аяп ере жүрді.

Бақтыберген күрең тайдың жайын айтып бергенде Тікен сенер-сенбесін білмеді. «Ей, мына ит не деп отыр?!», — деп Жапарбергенге қарады. Жапарберген «иә, солай» дегендей басын изеді.

— Қане, оны көрейік, — деп әке орнынан тұрғанда, соңынан екі ұлы ере

шықты.

Жабағы жүні түспеген күйсіз жаман тайды аң-таң қалып айналдыра қарап шыққан Тікен Бақтыбергенді жаққа тартып жіберді.

— Ө-и-й, ақымақ! Есің дұрыс па? Жөнсіз мал шашудың да реті, өз қисыны болатын еді. Сенің мынауың есінен алжасқан адамның ісі ғой. Бұл — досқа күлкі, дұшпанға таба болудың ең сорақы түрі. Төрт боталы нарға жабағы жүні жалбыраған бір жаман тай алғанды қай бабаңнан көріп едің?! Қайдан естіп едің? Ақымақ! — Тікен жеп қоярдай Бақтыбергеннің үстіне төне түсті.

— Әке, — деді Жапарберген қаһарлы шалдың назарын өзіне аударып.

— Мен жылқы танысам бұл тай өсе келе төрт нар емес, қырық нарға бергісіз

нағыз тұлпарға айналады. Бақтыбергеннің даңқын шығарады.

— Жоқ! — деді ашудан қалш-қалш еткен Тікен. — «Өлімнен ұят күшті»,

бұл иттің мына ісі бәрімізге жағылған қара күйе. Елге күлкі болдық. Бүгіннен бастап Бақтыбергеннің барлық малы, тышқақ лағына дейін сенің еншіңе көшеді. Мына тай да қазірден бастап сенікі. Ие бол! Дүниенің қадірін білмейтін адамға оны ұстатудың қажеті жоқ! Бұл мына түрімен бәрібір күндердің күнінде жер сипап жұртта қалады. Ақымақ!

Әңгіме осымен тәмам дегендей ашулы әке сырт айналып, үйге кіріп кетті. Әке бұйрығы — заң, күрең тай Жапарбергеннің үйінің белдеуіне байланды.

— Менікі — сенікі, — деді Жапарберген үйіне келген соң еңсесі түсіп кеткен інісін жұбатып. — Керегіңді шетінен жайлап ала бересің. Мал ортақ. Тай да солай. Еш қапа болма.

— Бала, — деді осы жерге келгенде Секең дауыс ырғағын кілт өзгертіп,

Мұздыбайға қарап. — Манағы насыбайдың маған бек ұнап қалғаны.

— Ту-у-у! — деді,  қара санын алақанымен шарт еткізіп бір ұрған

Құрманбек орнынан ұшып тұрып. — Мына Мұздыбай да қызық, қарғадай болып баяғының шалдарына ұқсап насыбай атады. Әңгіменің шырқын бұзып…

Мұздыбай шапшаң қимылдап, алтын жолақты мүйіз шақшаны жарқ еткізіп сурып алып, Сенбай ағаның қолына ұстата салды. Түбіндегі  сылдырмақтары сыңғыр-сыңғыр етті. Алтынның дыбысы өзгеше болатынын мен осы жолы аңғардым.

Алақанындағы көкбұйра насыбайды құмарлана иіскеген Секең: «Күрең шай, ащы насыбай — ер қайрағы, — Бабыңа түсіреді қай-қайдағы», — деп әндетті.

— Міне, — дедім, Сенбай басқа жаққа ауытқып кетер деп қорыққан мен. — Міне, Секең бабына енді түсіп, жаңағы айтып жатқан хикаясының көрігін қыздыратын болды. Бұл Құрманбек, насыбайдың парқын қайдан білсін!

— Ал, сонымен, күрең тайдың ендігі тағдыры не болды? — деді айтқан өтініші  өтерін сезінген алтын шақша иесі Мұздыбай, Секең насыбайды ерін астына жіберіп, дәмін алып, орныққан сәтте.

— Күрең тайдың иесі ресми түрде Жапарберген болғанымен, іс жүзінде

Бақтыбергеннің қолына өтті. Атбегінің бар ықылас-бейілі ауды. Баптап тай жарысқа қосты, қара ерітпеді. Сосын құнан жарысқа қосып көрді — алдын бермеді. Құнанында дөнен бәйгеге салды. Дөненінде ауыл-аймаққа танымал күлікке айналды. Бестісінен бастап қай жерде үлкен жарыс болса, соған іздеп барып қосты, қара үзіп келе берді. Бұдан әрі он екі жыл бойы алдына қылқұйрық түспеді.

Баяғы төрт нар шынында да қырық нардың есебінен асып, босағаға байланды. Елінің абыройын аспандатты. Бара-бара тұлпар шыққан «Жапарбергеннің Күреңі»

Таңғаларлық бір жағдай болды. Бұл жұрт бұған дейін де күліксіз емес-ті. Аққұйрық айтулы жүйрік еді. Сол күрең тайға бірден бауыр басып, қайда барса да соңына еріп жүретінді шығарды. Алдына түспейді, соңында жүреді. Күрең бесті шығып, екеуін жарысқа қатар қосқанда, күрең ортада жүрсе ортада, шетте келе жатса, шетте соңына ереді де отырады. Алдына озбайды. Мұның сырын ұқпаған жұрт «Аққұйрық Күреңнің желеп-жебеп отыратын пірі екен. Күрең аттың мұншама жыл бәйгенің алдын бермеуінің сыры Аққұйрықта көрінеді. Аққұйрық құрыса, Күреңнің де күні бататын көрінеді-міс» деп ертек қылды. Осы бағытта бірнеше теріс әрекеттер де істелді, алайда қажырлы, оның үстіне дәулетті екі жігіт дер кезінде аңдап, қатар ұмтылып тойтарыс беріп отырды.

Дүние бір орнында тұрмайды, осы уақытқа шейін бәйгенің алдын бермеген Күрең ат он жетіге аяқ басты, Аққұйрық  – жиырмада. Әр нәрсенің шегі бар. Жасаған ие жан иесін солай етіп жаратқан. Тікен о дүниелік боп кеткен, еншісі бөлінбеген Жапарберген мен Бақтыберген ақылдаса келіп, сақайған екі тұлпарды ендігі жерде жарысқа салуды қойып, көп жылқыға қосып, еркіндікке жіберген-ді. Бағы таймай, үлкейгенде бірдеңеге ұшырап, кембағал кепке түспей тұрғанда, абыроймен жарыс жолын аяқтағандары дұрыс деген-ді. Бұл шешім ел арасына лезде тарады. Қуанған пенде көп болды. Олар: «Жамалдатқыр, Күрең, нешеме жыл атымыздың бағын байлап еді, ақыр құтылдық» деп қуанды. «Енді қосқанымен Бақтыберген атының Ақтанау мен Таскүреңнен озбасын біліп отыр» деді. «Дүние кезек, келесі бәйгеде кәрі лақса тезек теріп, ең соңында қалары ақиқат-ты» десті.

Ұзамай Бүркітбайдың асына сауын айтылды. Аяқ жетер жердің бәріне, үш жүзге хабар салынды. Хабар Хорезмнен әрі асып, Түрікменге дейін кетті. Тікеннің ұлдары да елеңдесіп, ас жайын кеңескен, не апарып, не қоятынын нобайылаған. Алайда, ат қосу ойларында жоқ болатын-ды. Үш ай қалғанда асты ұйымдастырушы, басқарушы топ келіп, Жапарбергендікіне түсті. Құрметті қонақтарды ауыл боп қарсы алып, қызмет қылды. Қысырдың тайы сойылып, саба-саба қымыз тартылды. Жақын жердегі әнші, күйшілер алдырылды. Қыза-қыза келе әңгіме әуені алдағы ас жайына ауысты. Бұлар қанша үй тігеді, сойысқа неше мал апарады, сырттан келген қанша қонаққа қызмет қылады, күреске түсетін балуаны, домбыра шертетін дәулескер күйшісі, өнері асқан әншісі кім? Мұның сыртында теңге алу, жамбы ату, аударыспақ, тағы қаншама бәсеке бар. Айтпақшы, бәйгеге қосатын аты бар ма? Соңғы мәселеден басқасы оңай шешілді. Ат жоқ. Неге жоқ, екі мың жылқыдан бір жүйрік шықпағаны ма? Ойдағыдай қылқұйрық табылмай тұр. Бәйге Күрең қайда? Қартайған. Әлде де көруге келмес пе екен? Келер-ау, бірақ жалғыз қазақ емес, хорезмдіктері бар, түрікмені бар, тағы қаншама ел ат қосқан айтулы аста жиырмадағы аттың неше сірә тұлпар туса да бұрынғыдай топ жарып бірінші келуі кәдік. Уақыты жеткен соң, ақырын абыроймен аяқтағаны жөн.

— Ас иесі біздің ел, — деді Наурызбай би. — Астың көркі аламан бәйге.

Ердің де, елдің де даңқын шығаратын осы бәйге. Жылқының жасы — отыз бес, қырық. Бала кезімізде жиырма бес жасында бәйгеге қосылып, қырық аттың алды боп келгенді де көрдік… Жапарберген, қысқасы, сен өзіңнен қара мейлің, өзгеден ізде мейлің, қайтсең де бір қылқұйрық тап.

— Бәйге аттары қанша шақырымға айдалады? — деді манадан бері үнсіз

отырған Бақтыберген сөзге араласып.

— Ол жағы әзір шешілмей тұр. Алысқа айдалады.

Тапсырмаларын берген топ аттанып кетті. «Жетпіс бес шақырым, — деді атқа отырып жатып Наурызбай күбір етіп, қолтығынан демеген Бақтыбергенге. — Реті солай».

Бақтыберген түнімен дөңбекшіп ұйқы көрмеді.

Жапарберген мен Бақтыберген ертеңіне бәйгеге қосар ат жайын кеңесті.

— Өзің білесің, бізде жоқ, — деді Жапарберген. — Өзге ауылдардан  да

байқай алмадым. Қалменнің Бурылы болмаса.

— Бурыл — отыз, отыз бес шақырымнан әріге аспайды.

— Қара ормандай Тілеу-Қабақтан бір жөні түзу ат шықпағаны ұят

болды-ау.

— Аға, – деді Бақтыберген. — Өзіміздің Күреңді жаратып көрсек қалай

болады?

— Ау, енді қоспайық деп жүрген өзің емес пе?

— Таң алдында жылқыға барып қайттым. Саркөбең күйге түскен екен.

Жетпіс бес шақырым болса Күреңнің жолы болып қалатын сияқты. Түрікменнің ақалтекесі, Хорезмнің ұзын сирағы әрі кетсе жиырма, жиырма бес шақырымға дейін алдын бермеуі мүмкін. Сосын шабысы күрт төмендейді.  Наурызбай осыны ескеріп отыр. Жетпіс бес — сұмдық қой! Бұған тек таза қазақы тұлпарлар ғана шыдас берсе керек.

— Байқа, — деді Жапарберген. — Жасы келген атың зорығып кетпесін.

«Бәйге Күрең сөйтіп өліпті» деген жаманатқа қалмайық.

— Жаратып көрейін, шамасы сонда белгілі болар, — деді Бақтыберген

ойлана сөйлеп. — Ретке келмесе, қоспай-ақ қоярмыз.

Бақтыберген қасына  он үштен он төртке қараған ұлы Медеубайды  ертіп барып, жылқыдан Күрең мен Аққұйрықты алып келді. Әуелі екі атқа күнбе-күн жем орнына сұлы беріп, су орнына шелектеп жаңа сауылған жас биенің сүтін ішкізді. Көзден таса қылдырмай, жайылатын жеріне, жейтін шөбіне шейін қадағалады. Түбінде көне шөбі бар шилеуіт жерге, ащысы бар сортаңды жерге жібермей, қияқты жерге жайды. Осылайша әбден күйлендіріп, бір ай ішінде жілік майын ағартты. Сосын барып сұлыны азайтып, жаратуға көшті.

Бақтыберген төрт киіз үй дайындатып, бар құрал-жабдығын қапысыз тексеріп, ен далаға, Көкаланың бойына  барып қонды. Жаңа жерге келіп, төрт үйді қатар тіккен соң:

— Жағдай былай, — деді әке балаға. — Екеуін де жаратамыз. Жарауы

келіссе, бәрі ойдағыдай болса, Бүркітбайдың асында аламан бәйгеге қосамыз.

Асқа дейінгі бар уақытымыз екі атпен өтеді. Бірге жатасың, бірге өресің. Уақытымен жем-шөбін бересің, тіршілік-тынысынан көз айырмайсың. Атты да жаратасың, өзің де жарайсың. Басқа ой болмауы керек. Атсейістік — киелі өнер. Жаман іс, жаман қылық, жаман сөз деген мұндай кезде ойға келмеуі қажет. Әуелі ой-санаң, жүрегің тап-таза болсын. Екінші кезекте дене тазалығына мұқият бол, үнемі шайынып-жуынып, дәретіңді алып, кірсіз киіммен жүр. Әйтпесе, жылқы иесі Қамбар ата теріс айналады. Сәл жаңылыс басу құрдымға жібереді. Бар еңбегің еш болады. Күреңге өзің мінесің. Барлық жауапкершілік сенің мойныңда. Ұқтың ба?!

— Ұқтым, — деді, қазіргі ұғымда «бала», ол замандағы түсінік бойынша

«отау иесі» Медеубай. — Тек бір нәрсе ұғынықсыздау. Бұрынғы бәйгелерде Күреңге жеңіл деп үнемі көкемнің жеті-сегіздегі балаларының бірін мінгізетін едің.

— Оның екі түрлі себебі бар, біріншіден, әлі сәби, жүректері аппақ,

екіншіден, бәйге атына жеңіл. Бұл жолғы бәйгенің жөні бөлек, жосығы басқа болып тұр. Аттар жетпіс бес шақырымға айдалады, мұндай қашықтыққа баланың шыдас беруі екіталай, сендей жігіт болмаса. Түсінікті ме? — Бақтыберген ұлына сынай қарап, үзіліс жасады.

— Түсінікті.

— Түсінікті болса іске кірісейік.

Үздіксіз еңбек, тынымсыз арпалыс басталып кетті. Екінші күні Бақтыберген ертеңгісін күн көтерілмей тұрып екі атты ерттеп, тәтті ұйқыдағы Медеубайды оятты. Өзі Аққұйрыққа мініп, Күреңге мұны отырғызды. Төрт-бес  шақырым жерге аяңдап барып қайтты. Кешкісін күннің қызуы қайтқан соң тағы осылай істеді. Күн озған сайын бір жарым, екі шақырымнан қосып, бірте-бірте аяңнан бүлкілге ауысты. Одан желіске көшті. Арам терін алып, қара боғын түсіртті. Екі жетіден кейін, он бес-жиырма шақырымға жеткізді. Ащы терін алды. Төрт-бес күн сайын таң асырды.  Өсітіп, бұлшық еттерін ширатып, сіңірін, денесін қатайта бастады. Жем мен шөбінің мөлшерін жаратудың бір сатысынан  екінші сатысына өткен сайын өзгертіп, өлшеп беріп, ет терін алды. Үшінші жетінің соңында аттардың еті әбден қатты. Енді он-он бес шақырымға жүгірте бастады. Жүгірткен сайын арнайы тіктірген киіз үйге кіргізіп, таңасырып, ертеңіне үстінің кірін бұзаушықпен жудырады. Жүгірістен еті қызып, бусанып келген аттардың алма-кезек терінің дәмін көреді. Дәреті мен құмалағын тексереді. Сыртқы пішініндегі өзгерістерді көңіліне түйеді. Іштерінде, асқазаны мен  ішекте жабысып қалған улы қақтың қалдығы қалмауға тиіс. Ол үшін моншақ терге жеткізу керек. Бақтыберген бұрынғы ата-бабаның жоралғысымен іргедегі Ұлықұмның ішімен ерсілі-қарсылы жорытты. Қоржынға топырақ толтырып салып, салмақ үстемеледі. Әбден шынықтырды. Медеубай тамағы тоқ, дені сау жас жігіт болғанымен әуелгі кезде әкеге әрең-әрең ілесті. Жүдеп, жүзі тотығып, қоңырқай тартты. Жағы қушиып, мұрны сүйектене түсті. Бауыры тартылып, қол-аяғының еттері ширады. Осы екі айда бойы да әжептәуір өсіп, сұңғақтанды. Көп нәрсені үйреніп, естігендерін көңілге түйіп, тіршіліктің басқа саласымен салыстырып, одан қорытынды шығарып,  өзінің тез ержетіп қалғанын сезінді.

Жүйрік жаратудың ортадан ауған шағы. Күреңнің бауыры тартылып, ақжіліктеніп, жүні жылтырап, шабысына шабыс қосып, он бес-жиырма шақырымды қиналмай жүгіріп өтіп, тынысы кеңіген уағында оқыс оқиға болады. Дағдылы тұстан, қамысты көлшікті жиектеп өте бергенде, қамыс арасынан бір қоян атқып шығады. Көсіле шапқан Күрең  әлгі қоянды қағып өткенде, жан тапсырады. Аққұйрық үстіндегі, жарты шақырымдай жерде қалыс, бірақ екі көзі алдындағы Күреңдегі  Бақтыберген ащы айқай салып тоқтатады. Келе Медеубайды қақ жонынан қамшымен тартып-тартып жібереді. «Әй, ит! Түс аттан! Нағылған оңбаған адам едің, сөз ұқпайтын! Мен саған әу баста ескертіп едім ғой! Жүр былай, алдыма түс!» дейді. Жаяу алдына салып айдап, суы мол, айналасын қамыс аралас бұта басқан қорыс ішіндегі иесіз жатқан шегенді құдыққа алып келеді. Тыр жалаңаш шешіндіріп, беліне қыл арқанды байлап, ат үстінде тұрып үш қайтара сүңгітіп-сүңгітіп алғанда Медеубай тісі-тісіне тимей дірдектеп кетеді. Сосын айтады: «Бұдан былай бір келеңсіз іс істесең, мойныңды бұрап жұлып аламын!» дейді. Сонымен әңгіме тамам, қайтадан атқа отырғызады.

Әлі есімде,– деді Сенбай, – осы жерге келгенде негізгі тыңдаушы Нұраддин көкем:

— Қалай-қалай боп кетті? Түсінбедік қой, — дегенде, айтушы Медеубай:

— Иә, әуелде өзім де ұқпағам, ұзамай білдім. Бәленің басы қатыннан ғой. Ол жас жігіт уағым. Дүние көзге қызылды-жасылды шалынып тұр. Ауылда бәдені сұлу жас, жесір келіншек бар еді, кеше түнделетіп ас-су әкелуге барғанымда көзін сүзген соң, бұйдамды үзіп едім. Бірақ мұнымды ешкім көріп-білген жоқ-ты. Оның үстіне Көкалада қалған әкем қайдан білсін», — деді.

— Енді тіпті түсініксіз боп кетті,  — деді Нұраддин көкем.

— Түсінбейтін ештеңесі жоқ, — деді Медеубай. — Ол заманның адамы

мені мен сен емес қой. Екінің бірі — әулие. Әкем әлгі қоянның оқыс оқиғасынан, киелі өнер — ат жаратудың үстінде менің уәдемнен тайқып, әлдебір арам іске ұрынғанымды сезген. Сезген емес, қоян оқиғасына қарап әулиелікпен білген.

— О, тоба, — деді Нұраддин көкем жағасын ұстап.

— Әй, сағат неше болды екен? — деді Сембай аға кеудесін тіктеп, басқа

бір әуезге көшіп. — «Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді», ертең қаншама шаруа күтіп тұр. Хан атамыздың көшесінің тұсаукесері бар, берілетін ас бар, соған, негізгі шаруамызға тың да сергек баруымыз керек. Есінеп-құсынап тұрған елден ұят болады. Мың шақырым жерден шалдығып келдіңдер, демалатын уақыттарың өтіп кетпесін.

— Иә, — деді Аманғали. — Демалсақ, демалайық. Үйдің шайы болмаған

соң ба, әлде мына жердің ауасына үйренбей тұрмын ба, аздап басым зеңіп тұрғаны.

— Сенің басың вечно ауру, — деді оқыстан шар етіп, бізді селк еткізген

Құрманбек. — Әй, көкем-ау, сағат әлі он бір болған жоқ қой.

— Құрекеңдікі дұрыс, — дедім мен қол сағатыма үңіліп, — Үш минут

бар. Он бірге үш минут қалыпты. Әлі құзырымызда бір сағаттан астам уақытымыз запаста тұр. Он екіден таңғы жетіге дейін ұйықтасақ, одан артық не керек?! Секе, Күрең тұлпарды бітіріп тастаңыз. Байқаймын, соңына келіп қалдық.

Сенбай келісті, бірақ қысқартып айтам деді. Көндік. Көнбегенде не шара.

— Содан ас басталар уақыт та тақап келді. Он күн қалғанда барып айтты, аламан бәйгеде аттың жетпіс бес шақырымға айдалатынын. Ат қосқалы отырған қаншама адам іш тартып қалды. Бұл не сұмдық десті. Елудің өзі аз емес қой десті. Кейбіреулер қуанды. Олар атымыздың жері енді толатын болды-ау, осы дұрыс, жетпіс бес шақырым  — бұрыннан бар үрдіс, баяғыда бәленшенің асында, түгеншенің тойында жетпіс бес шақырымнан жіберіліпті деп нақты айғақ келтірді. Біраз ағайын кәрі лақса Аққұйрық пен Күрең күштері жетпей, осы жолы зорығып далада қалатын болды десіп қуанды. Олардың тілегі кім озса ол озсын, тек екеуі шаң қауып қалса болғаны. Ақырында, жеме-жемге келгенде, ат қосам деушілердің саны күрт кеміп, аламанға жетпіс үш ат іріктеліп шықты. Алыстағы ат қосушылар бір жеті, соңы төрт-бес күн қалғанда бәйге өтетін жер «Дауылға» үздік-создық келіп жетті. Қос-қостан үй тігіп, қазан-ошағын құрып, орныға бастады. «Шаңырақты көтер, уықты шаныш, туырлықты жап» деген ер адамдардың гүж-гүж еткен дауыстары ен даланы жаңғырықтырды. Арасында аракідік ас-су әзірлейтін қызметші әйелдердің дыбысы естіледі. Атбегілер бәйге өтетін жердің жағдайымен танысты. Бір-бірінің аттарын көріп, сыр-сыпатын тануға ұмтылды. Бақберген де алыс-жақыннан келген күліктерді көруге асықты. Көргендерінің ішінен үшеуін  ғана айрықша  бағалады. Адайлар атаққа шыққан қос боз байталын алып келіпті. Қазақта: «Байтал шауып бәйге алмас» деген сөз бар, бұлар байтал емес, жеті жасар бие. Елінің абыройы үшін айғыр салмайды, құлындатпайды, үнемі бәйгеге қосады. Әуелде ауыл арасындағы бәйгегеде байтал кездерінде көзге түсіп, үнемі құйрық тістесіп қатар келіп, содан «Қос боз байтал» атанып кеткен. Даңқы жер жарып тұр. Жақын барып, зер салып қарауына мүмкідік бермеді, әйтсе де, жарауы келісті, зар күйінде. Арқалық жақтан қыпшақтар «Көктеңбіл» деген тұлпар алып келіпті. Мұны еркін көріп шықты. Орақ бас, қошқар тұмсық, қарыс құлақ, қызыл көз, бүркіт қабақ, қу жақ, құлын жал, қайқы бел, салқы бауыр, аяғы сіңірлі, қысқа бақай, бұлан сан, бота тірсек хас жүйріктің өзі екен. Күреңге бірпар келсе, осы келер деп түйді. Үлкен қауіп — осы.

Еш жерде жазылмаған, қағазға түспеген заң бар — бәйгеге екі күн қалғанда әр аумақтың адамдары оңаша бас қосып кеңеседі. Қай жақтан қандай күлік келгенін, оның сынын айтады. Ертеңгі аламанның қалай өтерін болжайды. Бұған сол елдің атбегілерінен басқа жасы үлкендері, ат иелері, асқа келген игі жақсылары қатысады. Талқыдан соң Қабақтар жағы адайдың Едіге атты кәрі ғұлама сыншысының не айтарын білуге ынтықты. Көлденең көзден жасырғанымен барша ат қосушылар сол шалға жүйрігін көрсетіп, бір ауыз сын айтуын ынтыға күтеді. Айтқаны қате кетпейді. Едіге Күреңді де қараған. Бойы ортадан жоғары,  кеуделі, дөңгелек жүзді, қой көзді, тарамыс денелі, бойын тік ұстайтын, ақсары адам екен. Әрі-беріден соң баптап жүрген атымен сөйлеседі деп естіген. Ерте келді. Күн бұлыңғыр, ауада дымқыл мол, ызғарлы болатын. Сүйсініп біраз айналдырды. «Елу жылда бір туатын күлік  екен. Ертеден шапса, кешке озған нағыз тұлпар екен, бәйгеге ілігеді. Жануардың өкпесі тесік», — деген-ді, өкпе тұсын сұқ саусағымен нұсқап. Медеубай сонда барып аңдады, аттың өкпе тұсындағы орайдан сыздықтап көзге шалынар-шалынбас бу шығып тұр екен. Үңіліп арнайы қарамаған адамға байқалмайды. Медеубай орайды ашып көрмей-ақ дәл сол жерде тесік бар екенін жан-ділімен сезінді. Әкесі өзінің қателеспегеніне қуанып, едәуір көтеріліп қалды. Қарап-қарап: «Жолбарыс сияқты, созыла орғи секіріп, төрт аяғы жерден бірден көтеріліп, түсерде топ етіп қатар түсіп, бүктетіле көсіліп шабады екен. Сондықтан жүгіргенде басқа жылқының үш аттағанын бұл екі аттайды», — деген-ді. Аққұйрықты көріп, сөзін бөліп-бөліп: «Заманында бәйгенің алдын бермеген өрен жүйрік болған. Бірақ қарашыл ат. Мына Күреңнің жебеушісі екен. Қазір жасы келіп қалыпты. Содан ба, әлі бабына толық түспепті», — деді. Бақтыберген аң-таң қалды. Екеуін бірге жаратты. Қапысыз тексерді. Мінсіз деп ойлап еді. Мына Едіге не деп тұр? Аққұйрық жүгіре алмай қалса, пірінен айырылған Күреңнің күні не болмақ? Түн баласы ұйқы көрмеді.

Бөлек-бөлек кеңес қылар күні қауіп ойлаған қабақтар «сол жақта көбірек ойнап, бәрін бақылап, адамдарын, аттарын түстеп бізге жеткізіп жүрген кішкентай Қарасайды күндіз киізге орап, үйдің іргесіне апарып тастасын, сонда пысық бала жұрт ұйқыға бас қойған кезде келіп, естігенін бізге жеткізер» десті.

Күн бата жиналған қонақтар асықпай шай-суларын ішіп, бағыланның еті ортаға келгенде астағы ең маңызды іс — екі күннен кейінгі аламанның жайын кеңесті. Әуелі әркім өз көрген-білгенін айтты. Соңында қорытынды сөз Едігеге берілді. Сыншы әдеттегісінше көп сөйлемеді. Бұл жолы тіпті қысқа қайырды: «Осы тұрғанда біздің екі көк бәйгеден бірінші келіп тұр», — деді де қойды.

— Ас иесі әлімдерде  екі тұлпар бар  дейді ғой. Бірі — Бәйге Күрең, екіншісі — Аққұйрық, — деді төрдегі жасы үлкен ақсақал. Қарасай бәкісімен тесіп, дайындап қойған саңылаудан қанша үңілсе де түстеп айыра алмады, сірә, бүгін келсе керек.

— Екі көктен оза алмайды. Оза алмайтын себебі, Күрең аттың құйымшағының ұшына қамшы қатты тиіп, қан  қатыпты. Сол арам қан  денесі қызған кезде біртіндеп ериді, жетпіс бес шақырымның төрттен үш бөлігін өтем дегенше-ақ бойына түгел тарап, уы аттың пардасын бірте-бірте баяулатады. Қалай екенін білмеймін, мүмкін, кәрілікке қарай аяқ басқандықтан шығар, Аққұйрықтың ішегіндегі қалтарыста сыртқа шықпай қатқан бір құмалақ қалыпты. Ол да бойы қызғанда еріп, уы бойына тарайды, — деді Едіге.

— Сонда бас бәйгені айқай-шусыз біз иеленеміз ғой, — деді ат иесі жас мырза масаттанып.

— Оны Алла біледі, — деді Едіге баяу сөйлеп. — Бәрі бір Алланың билігінде.

— Жаңа ғана бәйгеден келіп тұр деп едіңіз ғой.

— Иә,  бізден озатын атты көрмей тұрмын. Көлденең бірдеңеге тап болмаса: жалғыз қазыққа ұрынбаса, кесе жатқан тайғақ тасты басып, шашасынан кетпесе, үстіндегі бала алыс қашықтыққа шыдай алмай талықсып ат басына ие бола алмай қалмаса, алдарынан шыққан әлдебір көтермеші бойы балқып келе жатқан жүйрікке кесе соғып мерт қылмаса… Айтса қатер көп қой, шырағым. «Бап шаппайды, бақ шабады» дегенді естуің бар шығар.

— Әй, қарағым-ай, айтпас сөзді айттырдың-ау, «жақсы сөз — жарым ырыс» еді ғой, — деді ақсақалды қария мырзаға қарап, қынжылып.

Мырза өзінің ойланбай қойған сұрағын жуып-шайғысы келіп:

— Ал жаңағы әлімнің Күреңінің құйрығындағы қатқан қан енді өмір бойы қала ма солай? – деп сөзді басқаға аударуға тырысты.

— Иә, соны айтыңызшы. — Аузы жеңіл біреу қосарлана кетті.

— Оны кетіру қиын емес. Жаңа сойған семіз қозының құйрығын

шыжғырып, сонымен екі жас жігіт алма-кезек сыласа сыртқа шығады.

— Аққұйрықтағы қатқан құмалақ ше? — деді мырза.

— Оған таң ата бір көздей шемішкінің майын ішкізсе, кешке дейін

түсіп қалар.

— Тағы қандай күлік бар бізбен бәсекелесердей?

— Арқадан келген Көктеңбіл бар. Нағыз суын екен, бірақ оның жарауы

жетпіс бес шақырымға келмейді. Өткізіп алған. Отыз, қырық шақырымға жібергенде алдын бермес еді. Жүйрікті жарысқа дайындау аса күрделі өнер. Қанша ат болса, сонша бап керек. Бір ат жиырма бес күнде жараса, екіншісіне отыз күн дегендей. Қазақтың бәйге атын жаратуының әдісі бірдей болғанымен, әр аттың қадір-қасиетіне байланысты қалтарыс-бүкпесі, амалы көп. Ертеде баптап жүрген күлігімен сөйлесетін атбегілер  болған…Аға, илләһи аумин, бата қылыңыз, — деді оң жағындағы шалға бұрылып, әңіме осымен тәмам деген сыңай танытып, қос алақанын бірдей жайып.

Бұдан соңғы сөздердің онша маңызы болмайтынын аңдаған Қарасай түн ортасын күтіп жатпады, жұрттан бұрынырақ қимылдап, үйдегілер бата қылып, сыртқа шыққанынша, мысықша басып, ұзай бере естігенін тез жеткізуге асығып ұша жөнелді. Мұнысы жөн болыпты, әлденеден секем алған Едіге сыртқа шыққан бойда үйді айналып, іргені қараған еді.

Қарасайдың хабары жетісімен қарабастар бір пысық жігітті ұйқысынан оятып алып: «Шалқарда бәлен деген татар бар, содан ертең күн арқан бойы көтерілгенше  бір тостаған шемішкінің майын әкел», — деп қос атпен аттандырып жіберді. Енді бір жігіт жалма-жан қозы союға кірісті.

***

Күреңнің кежімін сыпырып, шылбырын шешіп алған Бақтыберген

толқи сөйлеп: «Атыңды қамшылама, тебінбе, еркіне жібер, ауанына қара. Әйтсе де, адайдың қос бозбайталы мен Көктеңбілден көз жазба. Тым алысқа ұзатып алып жүрме. Қалған аттар ә дегенде алдыға шығып кетсе, оларға мән берме,  басын іркіп ұста. Құдай қарасты, жетпіс бес шақырым — біздің Күреңге дөп келіп тұр. Отыз, отыз бес  шақырымнан өткен соң біржолата бабына түсіп, қарақшыға дейін бір қалыпты самғар. Алла көлденең кеселден сақтағай. Жары жолдан ауғанда үлкен сор кездесер, тіке кесіп өтпе, аттың екпіні қайтады. Айнала шап, көп болса бес-алты ат алдыңа шығар. Есесі кейін қайтады. Сақ бол, жан-жағыңа үнемі зер салып отыр. Сайтабандардан аулақ жүр, қалың шөп жасырып жатқан ой-шұқыры көп болады. Өрге тіке салма, қанаты талады. Қиялап шық. Алдыңнан Жапарберген көкең күтіп тұр. Өзің ақ болсаң, ешкімнің зорлық-зомбылығына, қиянатына жол бермес. Күреңді де, өзіңді де әуелі Алла, сосын ата-баба аруаққа тапсырдым. Маңдайың жарылып, аман бар. Ал енді жөнел! — деді ұлына. Кекілі түйілген, құйрығы екі жарылып өріліп, ақ матамен байланған Күрең асығып тұрған Медеубай тізгінді қағып қалғанда, иесіне отты жанарымен еркелей қарап, аяғын шеки басып, көмбеге қарай аяңдай жөнелді. Бәйгеге дайын, өзіне-өзі сенімді, мерейі жоғары.

Жетпіс үш ат көмбеге қатар түзеп тұра қалды. Кейбірінің құйрығы  шарт түйілген, енді біреулерінің құйрық-жалы екіден жетіге дейін бөліп  өрілген. Су жаңа қызыл матаның кішкене  жыртындысын қоса өріп, сәнделгендері де бар. Төбелеріне үкі таққандары да кездеседі. Көз тимесін дегені. Бәрі бірдей тыныш тұрған жоқ, бірі тыпыршып жер тарпыса, орнында тұра алмай айналып кеткендері де болды. Басын ақ орамалмен шарт буған жеті-сегіз жасар баланың астындағы торы төбел ат шабандозға әл бермей, ойнақшып үш мәрте алға шығып, тәртіп бұзған соң, төреші барлық аттың соңына жалғыз қойды.

Бірі аласа, бірі биік, бірінің тұрқы қысқа, екіншісі ұзын бел. Өңкиген биік, сирақтары ұзын, қаз мойынды үш ат — Бесқаладан келген қонақтардыкі. Сондағы қазақтар жаратқан. Сыры белгісіз. Сеңсеңнен тіккен қоқырайған дөңгелек бөрік киген, қалың қабақты, орақ мұрынды, қарасұр өңді, сегіз-тоғыздағы қатар тұрған екі баланың астындағы  екі ақалтеке — түрікмендердікі.

Иық түйістіре  тұрған Аққұйрық пен Күреңнің де түр-келбетіне өзгеріс енген. Мойындарын көтеріп, құлақтарын қайшылап, жан-жақтарына елеңдей қарайды. Көздері шырадай жанады. Алдағы аламан бәйгені тағатсыздана күтуде. Күреңнің түр-тұлғасында, көз жанарында тәкаппарлық, мерей мен мәртебе бар. Бақтыберген: «Жасаған ие, тұлпар жаратқан екі атыңды оң жолыңа бастағайсың, Қамбар ата  өзің желеп-жебегейсің», — деп күбірледі.

«Лап!» деген белгі берілген бойда жер-дүние ат тұяғының дүбірі астында қалды. Бауырынан жараған өңшең жүйрік алға ұмтылғанымен, шабандоз балалар аттарының басын іркіп ұстауға тырысты. Жетпіс бес шақырым оңайлықпен алдырмас қашықтық екенін ат иелері бәрінің құлағына құйып тастаған. Қалың топтан суырылып екі ақалтеке алға шықты. Соңын ала манағы торы төбел ат көсіле шауып барады. Бұлардан кейінгі үлкен топтың алдында Көктеңбіл. Одан соң екі боз байтал. Медеубай Күреңнің басын оңға бұрып, шетке шығып кетемін дегенше топылған аттың біразы алдына түсті. Аққұйрық әдеттегідей Күреңмен құйрық тістесіп соңында.  Үш айдан бері үстіндегі иесінің бар сырын тақымынан, жүген қағысынан танып, қанық болған Күрең ұзамай бір қалыпты шабысқа көшті. Алдыңғы топтың  шетінде, орта тұста. Кейінгілер бірнеше топқа бөлініп, онша асықпай, баяу көшкен бұлтай жөңкіле қозғалуда.

Жиырма бес шақырымның шамасында түйдек-түйдек келе жатқан бәйге аттары тарқатыла бастады. Бұрынғыша екі ақалтеке алда. Көктеңбіл арақашықтықты шыжымдап қысқартып жақындай түскен. Екі байтал алдындағы Көктеңбілмен арақашықтықты берік ұстануда. Өңкиген хорезмдік құла, оған ілесе екі жирен барады. Торы төбел тоғызыншы орынға ауысқан. Бұлардан соң Медеубай мен Сейдахмет. Соңдарында іркес-тіркес алты ат келеді. Иесінің не тілегенін тізгін ұстасынан сезінген Күрең әуелгі шабысынан айнымай еш қиналыссыз баяу самғайды. Жел айдаған қаңбақтай жеп-жеңіл. Медеубайға атының аяғы жерге бірде тиіп, бірде тимей келе жатқандай сезілді. Еңкейе беріп мойнын сипаған, тер шыға бастаған екен.  Қалыптасып қалған дағдысымен дәмін көрді. Су татиды. Тұзы жоқ. Медеубай атын осы қалпынан айырмауға тырысты, себебі Күрең бұл шабысын сезініп келе жатқан жоқ-ты. Көңілі жаңа орныққан Медеубай денесін босаңсытып, ер үстіне еркін жайғасты.

Қырық бес шақырымнан соң бәрі де өзгеріп сала берді. Ақалтекелер болдырып, жарыс жолынан шықты. Торы төбел омақаса жығылғанда, үстіндегі бала анадай жерге ұшып кетті. Атып тұрып, атына ұмтылғанына қарап Медеубай оның сау екенін білді. Бесқаладан келген құла сүмірейіп, төрт тағандап тұрып қалды.

Суырылып алға екі боз байтал шықты. Одан кейін Көктеңбіл. Алайда, аяқалысы манағыдай емес. Барын салып борбайлап келеді. Екі боз созыла сілтеп, қапелімде ұзай берді. Медеубай Көктеңбілдің тұсынан қапталдаса шауып өте бергенде, анау атын бұрып, құйысқан қағыстырды. Ұзамай Күреңнің жүрісіне өзгеріс енгенін сезіп, артына бұрылған. Сөйткенше болмай атына қамшы басып, еміне ұмтылған Сейдахмет Күреңмен құйрық тістесіп келе жатқан Көктеңбілдің үстіндегі өзі құралыптас баланы қақ басқа қамшымен тартып жіберді. Баж ете қалған бала екі қолымен бетін басып, ердің басын құшты. Қолындағы шылбыр сусып жерге түсіп кетті. Сонда барып аңдады, қалай үлгергенін қайдам, шылбырды құйысқаннан өткізіп алып, атын сүйретпеге салып келеді екен. Бұрыла беріп тағы бір тартқан дұрыс еді, екіншілей сабақ болатын, оған уақыт қайда, Медеубай тізгінін қағып қалды. Күрең бұрынғы қалпына түсті.

Ұзамай ені бір шақырым шамасындағы кесе жатқан сорға жетті. Жер жағдайын жіті білетін Медеубай аттың басын солға бұрды. Үзеңгі қағысып, бірінен бірі алма-кезек озып келе жатқан екі боз тура салды. Беті құрғақ, асты ылғал сорға шашасына дейін батып, ақ балшықты сегіз тұяқ жентектей лақтырып бара жатты. Айналып өткенде екі боз бұдан жарты шақырымдай ұзап кеткен еді. Алда әлі он шақырымдай бар. Күреңді қинамады, шабысын өзгертпеді. Арақашықтық құрық бойы, арқан бойына там-тұмдап қайтадан қысқара берді.

Бір уақыттар болғанда алдан аттылы, жаяулы қарақұрым адамдардың бейнесі көрінді. Арақашықтық үш шақырымның шамасы. Бір қалыппен самғап келе жатқан Күрең манағыдай емес, барлығып қалған екі бозбен бұл кезде құйрық тістескен еді. Ентелеп үстеріне келіп қалған мұны көріп, екі шабандоз  күліктеріне оңды-солды қамшы басты. Алдыңғысы  құйрығын көтеріп алып, омыраулай шапты. Медеубай  бұдан әрі шыдай алмай, тізгінді босатып, тебініп жіберді. Ердің алдыңғы қасынан асып, аттың жалын құша етпеттей жатып, ат үстінен ұшып кетердей алдыға қарай еміне ұмтылып, қалайша қамшы салғанын да аңдамай қалды. Лезде қапталдаса берді де,  келер сәт суырылып  алдыға шықты. «Ай, жануарым-ай!» – деп сүйсінген Медеубайдың көзінен  жас ыршып кетті. Ұзай бере артына қайырылып қарағанда, Аққұйрықтың екі боздан көп кейін қалып қойғанын аңдады. Онымен әлдебір баран қапталдасып келеді. Қайдан шыққаны, қашан қосылғаны белгісіз. Не болғанда да мана көмбеден көрмеген аты.

Бәйге Күрең әдетінше қара үзіп қарақшыға жалғыз келді. Тақымы, аяқтары ұйып, аттан түсе алмай жатқан Медеубайды Жапарберген тік көтеріп алды.

Соңғы үш шақырым Кіші Жүзде атаққа шыққан сәйгүліктердің тағдырын шешті. Екінші келуге тиісті боз байтал бір шақырым қалғанда жалғыз қазыққа ұрынып, майып болды. Үшінші келуге тиістісі екінші бәйгеге ілінді. Қарақшыға үшінші болып жеткен баранға бәйге берілмеді. Дауы төбелеспен аяқталды. Бұл орын Ақтанауға бұйырды. Төртіншіге Таскүрең шықты. Аяғы кеткен Аққұйрық бесінші орынға қанағаттанды.

Наурызбай би: «Бас бәйге — жүз жылқы, екінші бәйге — жетпіс бес жылқы, үшінші — елу жылқы» — деп хабарлап жатты. Күреңді қарсы алып, мойнынан құшып, шексіз мерей мен қуаныштан көңілі алабұртқан Жапарбергеннің онымен шаруасы болған жоқ, бәйгеден келген күлігін жетекке алып қыдырта бастады. Біраздан соң барып аңдады, Күрең тұлпардың жүрісіне өзгеріс еніпті…

— Мұздыбай-жан, алтын шақшаңды бері тасташы, — деді Секең,

осымен әпсана тамам деген сыңай танытып.

— Секе, Күрең тұлпардың бұдан соңғы тағдырын айтпадың ғой, — деді

әлденеден хабары бар Аманғали.

— И-и-и-й, бұрынғыдан қалған сөз бар-ды, «Дүниенің басы — сайран,

аяғы — ойран» деген. Бұл жалған кімге опа берген. Ат түгілі, күні кеше, көз алдымызда, совет тұсындағы бұланталайда қатарынан озған талай жүйрік атып-асылып, итжекенге айдалып, асыл сүйектері ит пен құсқа жем болып, шашылып далада қалды емес пе?..

ЖҰМА-НАЗАР АСАНҰЛЫ.

 

,

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*