Басты бет » Жаңалықтар » Бердібек Сапарбаев пилоттық жобаны жүзеге асыру мерзімін қатаң бақылауды талап етті

Бердібек Сапарбаев пилоттық жобаны жүзеге асыру мерзімін қатаң бақылауды талап етті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен облыс әкімдігінде өткен жиында  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аз қабатты несиелік тұрғын үйлердің құрылысын жүзеге асыруға арналған пилоттық жоба қаралды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары, жобаны жүзеге асыратын мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жиында облыс басшысы құрылыс қарқынының баяу екенін, сондай-ақ кейбір  құрылыстардың жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстарына көп уақыт кеткенін айтты.

Президент пен Үкімет  мақұлдаған пилоттық жобаны жүзеге асыру — біз үшін үлкен абырой. Осы жобаның бірінші кезеңін күзге дейін жүзеге асыруға міндеттеме алдық, ол орындалуы керек. Әрі кеткенде, 20 тамызға дейін үйлер тұрғызылып бітуі керек.  Құрылысты жүргізу барысында олқылықтарға жол берілмеуі қажет, — деді өңір басшысы.

Айта кету керек, аталған  құрылыстарға негізінен  жергілікті кәсіпорындарда өндірілетін материалдар пайдаланылады.

Жиында құрылысшылар облыс әкіміне құрылыс материалдарының ішінде кірпіш пен қиыршық тастың жеткіліксіз екенін жеткізді. Бірақ  Ақтөбеде күніне 551 мың дана кірпіш өндірілетінін, ал бұның  жобаны жүзеге асыруға жұмылдырылған құрылысшылардың сұранысынан әлдеқайда көп екенін айта кеткен ләзім.

Құрылыс материалдарын шығаратын әрбір кәсіпорынның қуатын тағы бір мәрте анықтап, өндірушілер мен құрылысшылардың арасында жеткізу  кестесін  құруымыз керек. Егер сұраныс ұсыныстан төмен болса, онда қамтамасыз ету жұмыстарында ешқандай мәселе болмауы тиіс. Бұл жерде ең бастысы, өндірушілер мен құрылысты жүргізетін мекемелер арасында тығыз байланыс орнатылуы керек, — деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев жиында мемлекеттік мекеме басшыларына әрбір мердігер ұйымның жұмыс кестесін  бекітіп, құрылысты жүргізу мерзімін күн сайын  қатаң бақылап, құрылыс материалдарын үздіксіз жеткізу керектігін, сондай-ақ құрылысшыларға қиыршық тас сияқты қажетті қатты қазбалары бар кен орындарын беру мүмкіндігін  қарастыруды  тапсырды.

Сонымен қатар облыс басшысы үй құрылысы комбинаты өнімінің көлемін арттыру, «Жасыл ел» жасағын пилоттық жобаға жұмылдыру қажет екенін жеткізді.

— Құрылыс материалдарына байланысты мәселелер шешілетін болады. Аталған мәселелер оң шешімін тапқан соң, үйлерді салуда мерзімінен  кешігушілік болған жағдайда екі ауысымда жұмыс істеу  керек. Сондай-ақ,  жаңа үйлердің сәулеті мен қасбетіне назар аударуды ұмытпаңыздар, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жиын соңында Бердібек Сапарбаев жиналғандарды, сондай-ақ аудан басшыларын

көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарына үлес қосуға шақырды.

Айта кету керек, бүгінгі күні облыс әкімінің тапсырмасын Мұғалжар ауданының әкімі мен белсенді кәсіпкері орындап, су тасқыны кезінде баспанасы суға кеткен бір отбасына үй сыйлады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*