Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасынан кейін аудандардан бірінші болып, Мұғалжар судан зардап шеккен отбасыға екі бөлмелі пәтер сыйлады

Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасынан кейін аудандардан бірінші болып, Мұғалжар судан зардап шеккен отбасыға екі бөлмелі пәтер сыйлады

Бірінші топ мүгедегі Ерболат Жәмиевке аудан әкімі мен жергілікті кәсіпкер екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың қатысуымен көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету бойынша қайырымдылық шарасы өтті.

Биыл қалаға көктемгі тасқын судың көп мөлшерде келуіне байланысты әсіресе, саяжай учаскелерінде тұратындар зиян шеккен болатын. Атап айтсақ, 867 үйді су басып, оның 86-сы құлады.  Азаматтардың әртүрлі көмектерінің арқасында 10 отбасы баспаналы болды.  Оның 5-еуі қалалық әкімдік балансынан берілсе, қалғандары демеушілердің көмегімен жаңа үйге қол жеткізді. Бұл орайда, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес,  әр ауданнан шыққан азаматтар болған жағдайға байланысты зардап шеккендерге мүмкіндігінше көмек көрсетіп жатыр. Бүгінгі күні тасқыннан зардап шеккен 65 отбасыға жер учаскесі беріліп, олардың әрқайсысына құрылыс материалдары үшін 1 миллион теңгеге жақын «Қолғанат Ақтөбе» қорынан көмек көрсетіліп отыр. Бұдан бөлек, аталған қор арқылы 362 азаматқа әртүрлі көмектер көрсетілді. Әуе қорғаныс күштерінің әскери құрылымы тарапынан да зардап шеккендерге көмек көрсетілді. Тасқын судан зардап шеккендерге ел аймақтарынан бөлек, көршілес Ресейден «Қолғанат-Ақтөбе» қорының есепшотына қаражат аударылды, — деді І.Испанов.

Қала әкімінің айтуынша, аудандардың ішінде бірінші болып Мұғалжар ауданының әкімдігі тарапынан тасқыннан зардап шеккен отбасыға қолдау көрсетілді. Нақтырақ айтқанда, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен, Мұғалжар ауданы әкімдігінің ықпалымен, ақтөбелік белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Бақытжан Ержановтың қаржылай қолдауының арқасында тасқын кезінде үйі суға кетіп,  комиссияның шешімімен баспанасы тұруға жарамсыз деп танылған бірінші топ мүгедегі Ерболат Жәмиевтің отбасына екі бөлмелі пәтер берілді.

Шарада Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов Жәмиевтер отбасын жаңа баспанасымен құттықтады.

Адамның өмірінде ең бақытты сәттердің бірі — баспаналы болу. Осыдан бір ай бұрын Ақтөбе қаласында болған төтенше жағдайға байланысты Мұғалжар ауданы әкімдігі облыс әкімінің арнайы тапсырмасына сәйкес, шұғыл түрде өңірімізден шыққан белгілі азаматтарды жинап, тасқыннан зардап шеккендерге қол ұшын беру туралы кеңестік. Соның ішінде ең бірінші болып кәсіпкер Бақытжан Ержанов зардап шеккендердің арасында жағдайы өте мүшкіл отбасыға  қолдау танытуға ниет білдірген болатын. Алдағы уақытта да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару үшін Мұғалжар ауданы әкімдігі Ақтөбе қаласы әкімдігімен тығыз байланыста болады. Керек көмекті біздер де беруге дайынбыз.  Мұғалжар — облыстағы үлкен аудандардың бірі. Қазіргі таңда облыстағы   мұнайдың 45 пайызы, ілеспе газдың 77 пайызы  Мұғалжар өңірінде  өндіріледі.  Сондықтан аудан әлеуеті жоғары, резерві бар өңірлердің бірі, — деп Е.Данағұлов Ерболат Жәмиевке екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Ерболат Жәмиевтің отбасы қаладағы «Госветсеть» бау-бақша ұжымындағы шағын баспанада 6 баласымен тұрған. Тасқын кезінде үйі суға кетіп, бұл отбасы №15 мектепке орналастырылады. Ерболаттың зайыбы Жансәуле Сәдірованың айтуынша, олар мектепті 1 апта паналап, кейін жергілікті биліктің көмегімен бір ай пәтер жалдап тұрыпты. Тасқын кезінде бұл отбасының мектеп жасындағы балаларының оқу құралдары түгелдей суға кетіп, киімдері жарамсыз күйде қалған. Үй ішіне кірген судың биіктігі 1,5 метрге жеткен.

Ж.Сәдірова мен оның енесі жаңа баспаналы болуға ықпал еткен жергілікті билікке, кәсіпкерге алғыстарын білдірді.

Біз мемлекеттің арқасында аяққа тұрып, кәсібімізді дөңгелентіп отырмыз. Мемлекет басшысы біздің жұмыс істеуімізге барлық жағдайды жасап қойды. Қазақта: «Бар болсаң, еліңе пайдаң тисін» деген сөз бар. Облысымызда осындай жағдай болып, облыс әкімі мұқтаж жандарға көмектесу туралы бастама көтеріп жатқанда, біз де сырт қалғанды  жөн көрмедік, — дейді кәсіпкер Б.Ержанов.

Қала әкімі Ілияс Испанов зардап шеккендердің отбасына шығын мөлшеріне байланысты көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Бүгінгі күні әлі 340-қа жуық азамат осындай көмекке мұқтаж. Олардың барлығы комиссия шешіміне сәйкес қолдауға ие болады.

Шара барысында «Қолғанат-Ақтөбе» қоғамдық қоры тарапынан тағы үш отбасыға 150 және 200 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*