Басты бет » Әлеумет » Зауыт тасқыннан зардап шеккен жұмысшыларына 7 миллион теңге бөлді

Зауыт тасқыннан зардап шеккен жұмысшыларына 7 миллион теңге бөлді

«Қазхром ТҰК» АҚ филиалы — Ақтөбе ферроқорытпа зауыты су тасқынынан зардап шеккен 40 жұмысшысына қаржылай көмек көрсетті. Кәсіпорын әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымы және «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымы  7 миллион 581 мың теңге көлемінде ақшалай көмек берді. Сондай-ақ қиыршық тас, құм сияқты құрылыс материалдарын тегін жеткізіп берді.

Табиғаттың тосын мінезі зауыттықтарды да айналып өткен жоқ. Зауытта жұмыс істейтін 40 азаматтың отбасы су тасқынынан зардап шекті. Олардың ішінде 7

адамның үйі тұруға жарамсыз болып қалды. Кәсіпорын басшысы Мұрат Мұқашев жұмысшылармен кездесіп, жағдайларын көзімен көрді.

Апат айтып келмейді. Сіздердің бастарыңызға түскен қиындықты

бәріміз бірігіп көтереміз.  Металлургтер сіздерді қиындықта қалдырмайды. Жөндеуді қажет ететін үйлерге қажетті құм, балласт, қиыршық тас сияқты құрылыс материалдарын жеткізіп береміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, кеткен шығынның орны толар, тек отбастарыңыз аман, дендеріңіз сау болсын. Сіздерді  әрдайым қолдап, көмек көрсететін  әріптестеріңіз  бар екендігін естен шығармаңыздар.  Қандай жағдай болмасын біз сіздермен біргеміз, — деді зауыт директоры зардап шеккендермен кездескен кезде. Осы кездесуден кейін зауытта арнайы комиссия құрылып, қызу жұмыс жүрді. Кәсіподақ белсенділері зардап шеккендердің үйлеріне барып мән-жайды  саралап,  кімге қандай көмек керектігін тексеріп, қираған үйлерді суретке түсірді. Ал зауыт әкімшілігі, кәсіподақ ұйымы, «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымы  қаражат көздерін қарастырды. Әріптестерінің басына түскен қайғыны бөлісуге цех, бөлімше, тіпті Дөң тау-кен байыту комбинатының ұжымы да бей-жай қарамады. Әркім өздерінің шамасына қарай қаражат жинап, көмектесті. Хромтаулық кеншілер 1 миллион теңге көлемінде қаржы жинаса, «Нұр Отан» партиясы —  200 мың, кәсіподақ ұйымы — 1 миллион 149 мың, зауыттықтар —  1 миллион 232 мың, ал 4 миллион теңгеден астам қаржыны зауыт әкімшілігі бөлді.  Сонымен қатар жұмыскерлердің өтініші бойынша 400 тонна қиыршық тас, 150 тонна құм тегін жеткізіліп берілді. Әр цех және бөлімше өздерінің әріптестеріне ақшалай көмек көрсетіп, қираған үйлер мен ауласын ретке келтіру үшін асар ұйымдастырды.

Басымызға қиын күн туғанда қолдау көрсеткендері үшін зауыт әкімшілігіне және әріптестеріме алғысым шексіз. «Көп түкірсе — көл» деген қағида босқа айтылмаған ғой. Үйіміз суға кетіп, көңіліміз құлазыған кезде жанымыздан табылып, ақшалай және құрылысқа қажетті қиыршық тас, құм сияқты материалдарын тегін беріп көңілімізді бір марқайтып тастады.  Өз жұмыскерлерін басты байлығы деп санайтын осындай компанияда еңбек етіп жүргенімді мақтан етемін, — деді металлургиялық құрал-жабдықтарды жөндеу цехының слесарь-жөндеушісі Мұратбек  Қырқымбаев ағынан жарылып.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*