Басты бет » Басты жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: Мамырда егін егу жұмыстары аяқталуы тиіс…

Бердібек САПАРБАЕВ: Мамырда егін егу жұмыстары аяқталуы тиіс…

Дүйсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Қарғалы ауданына барды. Облыс басшысы көктемгі егін егу жұмыстарымен танысып, шаруашылық басшыларымен кездесті.

Элиталық бірінші және екінші сұрыпты бидай егілуі керек…

Облыс әкімі жұмыс сапарын Қарғалы ауданының Желтау селолық округінің орталығы — Петропавловка ауылындағы «Интер Агро» ЖШС-ның көктемгі егін егу жұмыстарымен танысудан бастады. Серіктестіктің техникаларын қарап, тұқымдарының сапасын көрді.

  • Біздің шаруашылық өз жұмысын 2014 жылы бастады. Бүгінге дейін жинаған қаржымыз бен алған несиенің арқасында қазір серіктестікте 44 техникамыз бар. Олардың көбі — шетелден шығарылған техникалар. Қазір шаруашылықта 25 адам жұмыс жасайды. Олардың орташа жасы — 35. Бүгінгі күні серіктестік меншігінде 7 мың гектар жер бар. Биыл 5,5 мың гектарға тұқым себуді жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, 4800 гектарға бидай, 200 гектарға арпа, 440 гектарға күнбағыс, 100 гектарға бұршақты дақылдар егеміз, — деді «Интер Агро» ЖШС директоры Берік Оянғалиев.

Оның айтуынша, бүгінгі күні елімізде ноқат, түрік бұршағын егу қолға алынған. Себебі бұл дақыл түрінің бағасы бидайдан әлдеқайда қымбат. Мәселен, бидайдың бір тоннасы шамамен 50-65 мың теңге болса, ноқаттың бір тоннасы 250 мың теңге тұрады.

  • Өткен жылы 15 миллион теңгеге гербицид алдық. Ал биыл тыңайтқыштар алуға ниеттеніп отырмыз. Сондай-ақ алдағы уақытта егін алқабының 50 пайызына ноқат, зығыр, күнбағыс сияқты майлы дақылдарды егу жоспарда бар. Өткен жылы зығырдан гектарына 8-9 центнер өнім алдық. Былтырдан қалған тұқымдарымыз да бар, — деді Берік Оянғалиев.

Бұдан кейін облыс басшысы аудандағы серіктестіктер мен шаруашылық басшыларымен кездесу өткізді.

Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Ерлан Блиев өткен жылы ауданда 115,8 мың гектарға егіс егілсе, биылғы жылы егіс көлемі 129,6 мың гектарға жеткенін, сондай-ақ

биыл мемлекет меншігіне қайтарылған 12 мың гектарға жуық жер иелікке беріліп жатқанын, ауданда егін егу жұмыстарының 15 пайызы атқарылғанын жеткізді.

Оның айтуынша, 2015 жылы ауданда 1765 гектар суармалы жер игерілсе, өткен жылы 2205 гектар жер игерілген. Ал биыл Шәмші Қалдаяқов пен Петропавл ауылдарындағы 19 шаруашылықта 4245 гектар суармалы жер пайдалануға енгізіледі.

Облыс бойынша бүгінгі күні суармалы жер бойынша үлес салмағы көп аудан — Қарғалы ауданы. Қазір ауданда суармалы жердің 33 пайызы ғана пайдаланылады. Қарғалыда тоғандар мен көлдер бар, сондықтан оларды тиімді пайдалану қажет. Суармалы жерлерді әлі де болса зерттеп, өзімізге жоспар жасауымыз керек, — деді облыс әкімі.

Кездесуде облыс басшысы аудандағы шаруашылық құрылымдарының басшыларын жеке-жеке тұрғызып, олардан егін егу жұмыстарын жүргізу жайы мен тұқымдарының сапасы туралы сұрады.

Жиында «Жосалы Агро» ЖШС-ның өкілі шаруашылық бүгінге дейін егін егу жұмыстарының 50 пайызын аяқтағанын, сондай-ақ серіктестік үшінші сұрыпты тұқым еккенін жеткізді.

Бердібек Сапарбаев ауданда тек элиталық бірінші және екінші сұрыпты бидай егілуі тиіс екенін айтып, аудан басшылығына ескерту жасады.

Астық облыс әкіміне емес, алдымен өздеріңе керек. Неге өтірік есеп бересіңдер? Бұл қалай болғаны? Қарғалыда тек бірінші, екінші сұрыпты тұқым себілуі керек. Егер осындай кемшіліктер болып жатса, бастарыңмен жауап бересіңдер! Ал көктемгі егін егу жұмыстарын мамырдың аяғына дейін аяқтауымыз керек, — деді.

Басқосуда облыс басшысы Қарғалы ауданында мал, егін шаруашылығын дамыту керектігін, осы мақсатта шаруашылықтар қарқынды жұмыс жасап, оларға аудан басшылығы қолдау көрсету керектігін жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімі алдағы уақытта ауданда майлы дақылдар мен құлпынай, таңқурай өсіруді қолға алып, суармалы жерлерді толықтай игеру керектігін айтты.

Қарғалы ауданы облыс орталығына жақын орналасқан. Сондықтан аудан Ақтөбені азық-түлікпен қамтамасыз етуі керек. Ол үшін дәстүрлі емес шаруашылық түрлерін дамытып, мал санын көбейту керек, кооперативтердің жұмысын жандандыру керек. Кооператив жыл бойы үздіксіз жұмыс жасауы керек, сондай-ақ көпсалалы болуы керек. Олар ет, сүт комбинаттарымен келісімшартқа отырып, өз өнімдерін тиімді өткізуі қажет, — деді Б.Сапарбаев.

Өңір басшысы жиын соңында Қазақстан мен Еуропа қайта құру және даму банкі биыл 180 миллион доллар несиелік келісімшартқа қол қойғанын, аталған қаржы Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарындағы суармалы жерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында жұмсалатынын, сондай-ақ осы бағыттағы жұмыстардың дені Қарғалы ауданында жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев серіктестіктер мен шаруашылық басшыларына «Туған жерге тағзым» акциясына өз үлестерін қосуды, сондай-ақ тасқыннан зардап шеккендерге демеушілік етіп, қолдау көрсетулерін тапсырды.

Шәмші ауылында жаңа клуб бой көтереді

Аймақ басшысы Шәмші Қалдаяқов ауылындағы салынып жатқан мәдениет үйінің  құрылысымен танысты. Клубтың іші-сыртын қарап, жобасымен танысқан облыс әкімі мәдениет үйінің құрылысын жүргізіп жатқан мердігер ұйым — «Ал-Строй» ЖШС басшысы мен аудан басшылығына жаңадан бой көтеріп жатқан нысанның сыртқы келбетін заманауи талапқа сай салу керектігін айтып, жауапты тұлғаларға ескерту жасады.

Айта кету керек, 150 орынға арналған ауыл клубының құрылысына бюджеттен 41 млн теңге бөлінген. Мұнда акт залынан бөлек кітапхана, үйірмелер жұмыс істейді. Клубтың құрылысы шілде айында аяқталуы тиіс.

Бұдан кейін облыс әкімі ауылдағы дәрігерлік амбулаторияны аралап, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Басқосуда облыс басшысы дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігеріне жаңа «Жедел жәрдем» көлігінің кілтін табыстап, ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдады.

Ауылдағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марс Шынтасов өңір басшысына ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, бірқатар мәселелерді шешіп беруін сұрады.

Ақсақалдың айтуынша, ауылдағы орта мектеп үш жылдан бері толық күрделі жөндеуден өтпеген, ауылдағы жолдың жайы да мәз емес. Сондай-ақ ауылда әкімдік ғимараты жоқ. Тұрғындар құжат алу үшін Желтау селолық округінің орталығы Петропавловка ауылына баруға мәжбүр.

  • Қойған сауалдарыңыз дұрыс, бұл мәселелерді алдағы уақытта зерттеп, қараймыз. Алайда «бәрін жасап беремін» деп уәде бере алмаймын. Сіздер барлығын мемлекеттен сұрай бермей, өздеріңіз де тірлік жасауларыңыз керек. Үйлеріңізді әктеп, сырлап, көшелеріңізді тазалап, ауылдың көркеюі үшін жұмыс жасаңыздар. Ал ақсақалдарға айтарым, ауылдағы жастарға үлгі көрсетіп, әсіресе, дін жолында жүрген жастарға ақыл-кеңестеріңізді айтып, оларға дұрыс бағыт сілтеңіздер. Сондай-ақ ауылдағы дәрігерлермен бірлесіп, екпе алмай жүрген балалардың ата-аналарымен сөйлесіп, бірге жұмыс жасаңыздар, — деді.

Мектептерде балаларға тегін бал беретін боламыз…

Бердібек Сапарбаев Велиховка, Қосестек ауылдарына барып, егін егу жұмыстарының барысымен танысты. «Велиховка», «ҚосестекАгро» серіктестіктерінің басшыларымен тілдесіп, олардың сауалдары мен ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ облыс әкімі ауданның өндірістік ауылшаруашылық кооперативтерінің өкілдерімен кездесті.

Облыс басшысына кооператив жетекшілері өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды, бірқатар мәселелерін айтып жеткізді.

Ауданда сүт өндіретін «Қосестек» және «Мақсат» өндірістік ауылшаруашылық кооперативтері жетекшілерінің айтуынша, «Айс», «Молочные истории» компаниялары көп жағдайда сүт бағасы мен сапасын негізсіз төмендетеді. Сондықтан кооперативтер шығынға ұшырайды.

Сіздер компания басшылығына өз өнімдеріңіздің талапқа сай екенін дәлелдейтін құжатты көрсетіңіздер. Сондай-ақ арнайы зертханашы алып, өнімнің таза, сапалы екенін дәлелдеңіз. Егер оған да көнбесе, бізге шағымданыңыздар. Біз барлық мәселені шешіп береміз, — деді облыс басшысы.

Кездесуде «Мақсат» өндірістік ауылшаруашылық кооперативінің өкілі өз өнімдерін Ресейге жеткізуге арнайы сертификат алу үшін қиындықтар бар екенін жеткізді. Облыс басшысы оған ең алдымен өз өнімдерін жергілікті жерде сату керектігін айтты.

Ал қарғалылық омарташы Александр Сенатский облыс басшысына биыл ара өсіру жұмысы өткен жылмен салыстырғанда аса көңіл көншітпейтінін, қазір кооперативте небары 350-ден астам ара ұясы бар екенін жеткізді.

Бердібек Сапарбаев омарташыға өз өнімдерін облыс орталығындағы коммуналдық базарларға қойып, сату керектігін, алдағы уақытта облыс халқы өзге елдерден әкелген емес, өзімізден өндірілетін балды пайдалану қажет екенін айтты.

  • Егер балдың көлемі жеткілікті болса, алдағы уақытта мектептерде аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, бастауыш сыныптың оқушыларына тегін бал беретін боламыз. Сондықтан бүгіннен бастап біздің омарташылар бірлесе, қарқынды жұмыс жасауы керек, — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев омарташы Александр Сенатскийдің биыл облыс орталығында омарташылардың халықаралық форумын өткізу туралы ұсынысын қолдамайтынын, ең алдымен, бұл бағыттағы жұмыстарды облыс аумағында жүргізу керектігін баса айтты.

Бұдан кейін өңір басшысы Қосестек ауылында салынып жатқан саябақтың құрылысымен танысты. Ауыл жастары мен тұрғындарымен бірге ағаш екті.

Аумағы 0,72 гектар болатын саябақта алдағы уақытта балалар алаңы жасақталып, тұрғындардың демалуы үшін арнайы күркелер қойылады.

Қосестек ауылдық округінің әкімі Гүлжан Досмағамбетованың айтуынша, саябақ маңына қылқанжапырақты ағаштар, шыршалар, әртүрлі гүлдер егіледі. Сондай-ақ биыл ауылда жаңа клуб ғимараты пайдалануға беріледі.

Жұмыс сапарының соңында облыс басшысы Қарғалы су қоймасы жағалауына салынатын жазғы демалыс-сауықтыру лагерінің жобасымен танысты. Орталықтың макетін көрген облыс әкімі әзірге құрылысты бастаудың қажеті жоқ екенін, сондай-ақ лагерьдің жобасын жасауда Орынбор облысындағы балаларға арналған демалыс орталығынан үлгі алу керектігін жеткізді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Қарғалы ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*