Басты бет » Білім » Ақтөбелік мектеп түлектеріне облыс әкімінің гранттары беріледі

Ақтөбелік мектеп түлектеріне облыс әкімінің гранттары беріледі

Біздің облыстың атқарушы билігі талантты, дарынды жастарды қолдау мақсатында кешенді шараларды жүзеге асырмақ. Оның ішінде гранттық қолдау көрсету де бар. 2018 жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеуде тиісті ұпайды жинай алмай,  мемлекеттік грантқа ілікпеген республикалық, халықаралық олимпиадалардың, жарыстардың жүлдегелеріне облыс әкімінің гранттары берілетін болады. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жыл бойы жұмыс істейтін «Әсем»  лагерінде демалып жатқан оқушылармен кездесуде айтты.

Жиында алдымен сөз алған өңір басшысы Елбасының білім саласына әр кез айрықша қолдау көрсететінін тілге  тиек етті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жас ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін ерекше назар аударады. Елімізде балалардың, жастардың жан-жақты білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Сіздердің басты мақсаттарыңыз  — мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өздеріңнің қабілеттеріңді одан әрі дамыту, сапалы білім алу, — деді облыс басшысы.

Айта кету керек, жыл бойы жұмыс істейтін лагерь ашу облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен былтыр қазан айынан бастап жүзеге асырыла бастаған болатын. Басты мақсат — талантты оқушыларға қолдау көрсету, білім берумен бірге олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, спортпен шұғылдануларына мүмкіндік жасау.

Былтыр бұл жоба «Ақбөбек-Восток» лагерінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік  аясында жүзеге асырылды. Ал биыл бұл игі іс «Әсем» лагерінде жалғасып жатыр.  Оқушылар 14 ауысымда  12 күннен демалатын болады. Әр ауысымға 115 баладан қабылданады. Жыл соңына дейін мұнда 3220 бала тынығады.

Лагерьде балалар тек қана демалмайды, сондай-ақ, олардың жан-жақты дамуларына, сабақ оқуларына қолайлы жағдай жасалған.

Балалармен кездесу барысында облыс басшысы жақын уақытта ақтөбелік дарынды оқушылардың Орынбордағы «Күн әлемі» білім беру-сауықтыру лагерінде де демалатынын айтты. Бұл туралы Ақтөбе облысының күндері  Орынбор облысында өткенде екі өңірдің басшылары Бердібек Сапарбаев пен Юрий Берг келісім жасаған болатын. Жыл бойы жұмыс істейтін орталықта жыл сайын 11-18 жастағы екі мыңға жуық бала тынығады. Жалпы мұнда бір мезгілде 140 баланың демалуына мүмкіндік жасалған. Нақтырақ айтқанда лагерьде балаларды сауықтыру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіледі. Сабақ оқиды. Қосымша білім алады. Лагерьдің базасында тұрғын жайлармен бірге ем қабылдайтын ғимараттар бар. Шағын тұрғын үйлер де орналасқан. Орталықта балалардың спортпен шұғылданулары үшін барлық жағдай жасалған: футбол, баскетбол алаңдары, жүгіру жолы, бассейн, т.б. бар. Сонымен қатар оқушылар мұнда ат спортымен де айналыса алады.

Жиында «Сымбат» мектебінің құрылтайшысы Рабиға Тасыбаева облыс әкіміне аталған мектеп пен жыл бойы жұмыс істейтін «Әсем» лагерінің тыныс-тірлігімен таныстырды. Білім ордасының жанынан 100 орындық интернат еңсе тіктейтін болады.  Бұл да, яғни  облыстағы таңдаулы мектептердің бірінің жанынан интернат ашу — облыс басшысының бастамасымен қолға алынған игі іс. Мұндағы мақсат — шалғай ауылдарда тұратын дарынды оқушыларды тарту, оларға қолдау көрсету.

Облыс басшысымен кездесуде оқушылар өңір әкіміне жыл бойы жұмыс істейтін лагерь ашуға ұйытқы болғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Ырғыз ауданынан келдім. Сондағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте білім аламын. Үздік оқушымын. Сонымен қатар қоғамдық шараларға да белсене қатысамын. Жетістіктерім де аз емес. Облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегерімін.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа оқушылардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған жыл бойы жұмыс істейтін лагерь ашуға ықпал еткені үшін алғыс айтқым келеді, — деп «Әсем» лагерінің демалушысы Томирис Төлеген лагерден алған әсерін өлеңмен жеткізді.

«Әсем» атты лагерде демаламыз,

Зерттейміз, аралаймыз даланы аңыз.

3 отряд бәрі де дарындылар,

Қиын кезде бір шешім таба аламыз.

 

Орыспыз, қазақпыз деп бөлінбейміз,

Әр күні дайындыққа ерінбейміз.

Әр күні көңіліміз шат-шадыман,

Құдды бір таусылмайтын теңіз дейміз.

 

Таныстық жаңа құрбы, жаңа доспен,

Сынаспаймыз ешқашан қара күшпен.

Себебі біз қазақтың кең пейілді,

Ұл мен қызы қала мен далада өскен.

Жиында оқушылар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*