Басты бет » Денсаулық » Екпеден бас тартпаңыз!

Екпеден бас тартпаңыз!

Елімізде туберкулез, күл, сіреспе, көкжөтел, сал, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, «В», «А»  гепатиттері және «b» типтегі мофильді инфекцияға қарсы  балаларға екпе жүргізіледі. Екпенің аса ауыр инфекциялық аурулардың алдын алуға тиімділігі зор. Мәселен, 1978 жылы екпенің көмегімен жер шарында бүтіндей ауылдар мен қалаларды жойып жіберген, ал тірі қалғандарының денесі мен бетін адам көргісіз жағдайға әкелген  шешек ауруы жойылды. 2002 жылы әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да сал ауруы жойылды.

Қазақстанда балаларды алдын ала егу дүниеге келгеннен кәмелетке толғанға дейін жасалады. Балаларға жоспарлы алдын ала егулер ҚР екпелердің Ұлттық күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Барлық міндетті алдын ала екпелер тегін, бюджеттік қаржы есебінен жасалынады. Екпе үшін отандық та, шетелден өндірілетін дәрілік заттар да қолданылады.

Соңғы уақыттарда екпе көптеген ата-аналарды толғандырып отыр. БАҚ пен интернетте екпенің зияны туралы ақпаратты жиі кездестіруге болады. Кейбір аналар өзінің заңды құқығын қолданып екпеден бас тартады.

Әрине, тиісті өкілдер заң бойынша егілмеген баланы бала бақшаға немесе мектепке қабылдаудан бас тарта алмайды. Дегенмен, егер бала ауырып қалған жағдайда оның салдары өте қайғылы болатынын ата-ана білуі керек. Егер ата-ана баланы инфекциялық аурулардан қорғағысы келсе, екпеден бас тартпағаны жөн.

 Индира ОФИЕВА,

Ақтөбедегі №5 қалалық емхананың жалпы тәжірбиелік дәрігері.

                                                                                                       

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*