Басты бет » Құқық » Шекарада шыңдалған…

Шекарада шыңдалған…

Қоғамдық тәртіпті сақтау саласында қызмет ету үшін жігерлі де жалын жүрек жігіттер қажет. Сондай талап үдесінен шығып жүрген Ермек Бекқазиев бүгінде мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 2-полиция батальонының командирі.

Ол өзінің әкесі Дәулеттің кезінде балаларына арнап айтқан «Адал болыңдар, өтірік айтпаңдар, кісіге қиянат жасамаңдар, ешкімнің ала жібін аттамаңдар. Жігерлі, қажырлы, сабырлы болыңдар. Сонда ғана бақыт сендерге басын иеді» деген сөзін үнемі еске алып жүреді.

Ермек Дәулетұлы бастапқыда Ақтөбе құрылыс техникумын бітіріп, содан кейін Қазақ қатынас жолдары университетінен кеден ісі, «Қайнар» университетінен заңгерлік мамандығы бойынша жоғары білім алып шыққан.

Ол қазіргі қызметіне үлкен дайындықтан өтіп, өмір сынында шыңдалып келді. Мектеп бітірген соң әскери борышын Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында өтеген. Әскери шекара қызметінде жүріп, тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысады. Биылғы жылдың ақпанында «Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыстар ардагері» медаліне ие болуы — оның ерлігінің де бағасы болуы керек.

Әскерден кейінгі еңбек жолын күзет қызметі басқармасында қатардағы жауынгер ретінде бастаған ол бүгінде толық бір батальонды басқарады.

Ермек Дәулетұлы қызметтен тыс уақыттарда жеке құрамды спортпен шұғылдануға шақырып, игі істердің бастамашысы болып жүреді. Ол — қызметкерлерін жаттықтыра жүріп, өзі де шеберлігін шыңдаған, салауатты өмір салтын насихаттаушы командир.

Полиция майоры Ермек Бекқазиев — өз қызметіне берілген, адамдардың өтініш-мұқтажына әрдайым сергек қарайтын, қоғамдық тәртіптің сақталуына белсене атсалысып жүрген офицер.

Ата салтымызды, ұлттық дәстүрімізді жақсы білетін оның ұлтжандылығы мен патриоттығы кейінгі буын жастарға үлгі. Қобда ауданының Қоғалы ауылында бес баланың ортаншысы болып дүниеге келген оның үлкенді сыйлап, кішіні қамқорлап жүретін қасиеті, сірә, өнегелі отбасында қалыптасса керек.

Біз кез келген қазақ жігіті «мен осындай болсам» деп еліктейтін, армандайтын, өнеге тұтар азамат Ермек Дәулетұлы сынды болар деп ойлаймыз.

 Тимур БАЙЖУАНОВ,

полиция аға лейтенанты.

Ақтөбе қаласы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*