Басты бет » Жаңалықтар » Шыңғыс — Ақтөбе барысы

Шыңғыс — Ақтөбе барысы

Турнир

 Өткен аптада Ақтөбедегі олимпиада резервтерін даярлайтын облыстық мектепте дәстүрлі «Ақтөбе барысы» турнирі өтті.

Бұл — қазақ күресінен ҚР Президенті жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің ІІІ кезеңі. Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов қатысты. Құттықтау сөзінде ол балуандарға ақ жол тіледі:

— «Қазақстан барысы» турнирі елімізде алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келеді. Бүгінгі жарыстың жеңімпаздары облысымыздың намысын қорғайтын болады, — деп атап өтті Асқар Биахметов.

Облыстық турнирде қалалық және аудандық жарыстардың жеңімпаздары болып табылатын 23 балуан өнер көрсетті. «Қазақстан барысына» түйе балуандар жіберілетіні белгілі. Облыстық турнирге жолдама алған балуандардың ішінде салмағы ең жеңілі — 90 кг, ал ауыры 128 кг болды.

Балуандардың бәрі де бұл жарысқа жақсы әзірлікпен келгендерін көрсетті, белдесулер өте тартысты өтті. Дегенмен, Ақтөбе қаласы атынан қатысқан Шыңғыс Шоқпытов пен Нұрбек Досмағамбетов ақтық белдесуге дейін жетті. Финал барысында олар тең дәрежеде өнер көрсетіп, соңғы сәттерде ғана Шыңғыс ұтымды әдіс қолданып, қарсыласынан басым түсті.

Турнир қорытындысында барлық жүлдегерлерге медальдармен қоса, ақшалай сыйлықтар табысталды. Ал Шыңғыс пен Нұрбек алдағы шілдеде өтетін республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде Ақтөбе өңірінің намысын қорғайды.

А.САРЫБАЙ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*