Басты бет » Жаңалықтар » Мейрамбек — күміс, Нұрислам қола медаль алды

Мейрамбек — күміс, Нұрислам қола медаль алды

Азия чемпионаты

10-14 мамыр күндері Үндістанның Нью-Дели қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтті.

Грек-рим және еркін күрестен ұлттық құрамалар сапында ақтөбелік балуандар да осы байрақты бәсекеге аттанған еді. Атап айтқанда, Азия чемпионатында грек-рим күресінен 59 кг салмақ дәрежесі бойынша Мейрамбек Айнағұлов пен еркін күрестен 57 кг салмақ дәрежесі бойынша Нұрислам Санаев өнер көрсетті. Және екеуі де сәтті өнер көрсетіп, Мейрамбек — күміс, Нұрислам қола жүлдеге ие болды.

Мейрамбек Айнағұлов финалға дейін жарқын жеңістермен жеткенімен, өкінішке қарай, финалда жапон балуаны К.Фумитеден 2:1 есебімен жеңілді. Ал Нұрислам Санаев қола медаль үшін болған белдесуде Ұ.Жолдашбековті 7:2 есебімен ұтты.

13 мамыр күні Мейрамбек Айнағұловты ақтөбеліктер әуежайда салтанатты түрде күтіп алды. Бұған дейін Мейрамбек жастар және әскерилер арасында әлем чемпионы атанған еді. Азия чемпионатының күміс жүлдесі — Мейрамбектің ересектер арасындағы жарыстардағы әзірге ең ірі жеңісі. Нұрислам да бұған дейін қазақстандық жанкүйерлерді тек әлем чемпионаттарындағы бесінші орынмен ғана қуантқан еді. Бұл қола — оның байрақты бәсекелердегі алғашқы жүлдесі.

Балуандарымыз болашақта өз жанкүйерлерін бұдан да үлкен табыстармен қуантады деп үміттенеміз.

Өз тілшіміз.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*