Басты бет » Мәселе » Шегіртке деген залал бар…

Шегіртке деген залал бар…

Қауіп қайдан?

Бүгінде ауыл шаруашылығын жан-жақты дамыту мәселесі күн тәртібіне ерекше қойылуда. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, көлемді қаржы бөлінуде. Осындай шаралармен қатар біз саланың ілгерілеуіне кедергі келтіретін жайлардың да алдын алып, оларды болдырмаудың мүмкіндігін қарастыруымыз қажет. Бұл ретте әңгіме қозғалғанда ауыл шаруашылығына зиян келтіретін ерекше қауіпті зиянкестердің бірі — үйірлі шегірткелер, соның ішінде италиян шегірткесі екенін ұмытуға болмайды.

Шегірткелердің биологиялық дамуындағы ерекшелігі — олардың шектен тыс көбеюі мен күрт бәсеңдеп қалуы кезектесіп, он-он екі жыл сайын қайталанып отырады. Нақты мысалға жүгінсек, біздің облысымызда 1999-2000 жылдары шегірткелердің жаппай көбеюі байқалды. Одан кейін бәсеңдей бастады. Ал 2011 жылдан бастап, яғни арада он бір жылдай уақыт өткенде олардың деңгейі қайта көтеріліп, 2014 жылы көбею шегіне жетті. Сол жылдары орын алған қуаңшылық, ыстықтар, жаңбырдың болмауы зиянкестердің көбеюіне жол ашып, олардың көптеп таралуына мүмкіншілік берді. Сонымен қатар, бұл зиянкестердің толық қанаттанып, ұшу мерзімінде олардың көршілес Ресей Федерациясы аумағынан және көрші облыстардан біздің аймаққа бағыт ұстауы орын алды. Осы кезде Қазақстан және Ресей Ауыл шаруашылығы министрліктері басшылығы арасында жоғары деңгейде кездесулер ұйымдастырылып, бұл мәселені бірігіп шешу қолға алынды. Облыста шегірткелерге қарсы мониторингтік тексерулер жүргізіліп, нақты өңдеу жұмыстары атқарылды. Осындай жұмыстар нәтижесінде соңғы екі жылда италиян шегірткелерінің азаюы байқалды, қазіргі уақытта ол өзінің төменгі сатысына түсуде.

Ал азия шегірткесінің жоғарғы сатысына көтерілуі 2009 жылы байқалды. Сол жылы облыста 47 мың гектар көлеміндегі алқапқа өңдеу жұмыстары жүргізілді. Осы кезеңнен бастап азия шегірткесінің таралуы төмендеп, былтыр бар-жоғы білінбеді.

Жалпы бұл зиянкес өңірімізде Ырғыз ауданында мекен тепкен. Бұл аймақта Ырғыз-Торғай ошағы бар екені көпшілікке мәлім, яғни сексен көлі бар және Ырғыз, Өлкейік, Торғай өзендері ағып жатыр. Былтыр су мол болып, қамыстың көптеп өсуіне алғышарттар жасалды, бұл болашақта зиянкестердің молаюына ықпал етуі мүмкін.

Былтыр бізде зиянкестердің ішінде италия шегірткесіне қарсы ауқымды жұмыстар жүргізілді. 3 миллион 766 мың гектар алқапқа мониторинг жүргізілді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін облыстық деңгейде және аудандарда штабтар құрылды.

Алда не атқарылады?

Өткен жылдардың тәжірибесі бізге алдағы кезеңге болжамдар жасауға негіз береді. Мәселен, 2017 жылға облыс бойынша өңдеу көлемінің болжамы 218,7 мың гектар болып анықталды. Оның ішінде жерде өңдеу 171,7 мың, әуеден өңдеу 47 мың гектар болып сараланды.

Солтүстік аудандарда, яғни Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау аудандарында өңдеу болжамы былтырғыға қарағанда біршама төмендеді, керісінше оңтүстік өңірлерде, атап айтқанда Ырғыз, Шалқар, Темір және Ойыл аудандарында болжам көтеріліп тұр.

Былтыр Ырғыз ауданында 23-24 маусым күндері Қостанай, Қарағанды және Қызылорда облыстарымен шекаралас жерлерде италия шегірткесіне тексеру жұмыстары жүргізілген кезде Жайсаңбай ауылдық округіне қарасты ауылшаруашылық жерлеріне зиянкестердің ұшып кіріп, таралуы анықталды. Таралу аумағы ұзындығы жөнінен 35-40, ал еніне қатысты 12-15 шақырым мөлшері деп белгіленді.

Аудан шекарасынан кірген шегірткелердің нобайы құмды жерлерде ыдырап тарады. Нақтылап зерттеген кезде бұл зиянкестердің жолшыбай Жайсаңбай, Тәуіп, Аманкөл ауылдық округтеріне, ал шілде айының басында Ырғыз ауылдық округі аумағындағы жерлерге қоныстануы, шамамен жеті-он күннің аралығында 250-300 шақырымға дейін ұшуы байқалды.

Аудан мамандары зиянкестердің ізін індете отырып, қай жерлерге жұмыртқа салғанын картаға белгілеп, нақтылады. Осыған байланысты Ырғыз ауданы бойынша биылғы жылға өңдеу көлемі бұрынғыдан көбейтіліп жоспарланды. Айта кетуіміз керек, Ырғыз ауданының көлемі 4 151 200 гектарды құрайды және құмды аудан болып есептеледі. Негізінде басқа жерлерге қарағанда, құмдарда топырақтың температурасы жоғары болып, сондай-ақ ылғал мол болғандықтан шөп жақсы шығып, шегірткелердің дамуына қолайлы жағдай жасалады. Олар көбейіп, қанаттанған соң сол құмдардан жан-жаққа ұшып шығады. Шалқар, Темір, Ойыл аудандарында осындай көріністер байқалып жүр.

Шегірткелердің азаюы көптеген факторларға байланысты, соның ішінде біз үшін маңыздысы — өңдеу жұмыстарының тиянақты жүргізілуі.

Шегірткелердің қауіпті таралу аймағы анықталған соң бұл жерлерге агрегаттар дер кезінде келуі тиіс. Мұндайда бірнеше агрегат қатар жұмыс істеуі тиімді, ал бізде көбінесе бір ауданға бір агрегат беріледі де, ол келесі аумаққа барғанша ол жақтағы шегірткелер әл бермей, өршіп кетеді.

Тәжірибеден көрініп жүргеніндей, шегірткелердің таралуы тегіс емес. Ені 5 метрден бастап, 100 метрге дейін жетеді. Ал қазіргі өңдеу жұмыстарына қатысып жүрген техника еніне 300-500 метрге дейін препаратты шашып жібереді. Демек, біз әлі де болса талапқа сай тахникаларды алдыруымыз керек.

Соңғы кездері облыс аумағына қанаттанған шегірткелер ұшып келуі орын алды. Сол ұшқан кезде өңдейтін агрегатты ұшқан зиянкестерге қарсы қойып, өңдеу жұмыстарын жүргізу қолға алынса, осы жөнінде әдістемеге кіргізіп, заңдастырса, бұл да шегірткелердің азаюына ықпал етеді.

Нені ескеру қажет?

Облысымызда зерттеу жұмыстары кезінде техника ене алмайтын, адам аяғы баса алмайтын жерлер кездеседі. Мұндай аумақтарды біз нақты белгілеп отырмыз.

Мәселен, Алға ауданы бойынша ірі сай-салалар: Сарықобда, Талсай, Ақай, Сарықобда, Қарақобда, Қарағансай,

Әйтеке би ауданында: Мамыт, Самырат құмдары, Қостанай облысы шекарасындағы сай-салалар мен Өлкейік өзені маңы.

Байғанин ауданы бойынша құмды жерлер: Баршақұм, Мойындықұмақ, Жаңатаң елді мекендері.

Қарғалы ауданы бойынша: «Ақ Жайық» ЖШС құмды жерлері, Ресей шекарасындағы сай-салалар.

Ойыл ауданы бойынша: Барқын құмы, Тамды су бөгеті жері, Қарасу, Жармаөзек елді мекендері аралығындағы қалың құмақтар.

Темір ауданы бойынша: Жамбыл елді мекеніне қарасты аумақ, Бархан құмдары, Қызыл қала, Кеңқияқ аумағындағы жерлер.

Мұғалжар ауданы бойынша: Көкжиде құмдығы, Саға елді мекені аумағынан батысқа қарай Қожасай елді мекеніне дейінгі құмды жерлер, Құмжарған бойы.

Шалқар ауданы бойынша: Ұлы Борсық, Кіші Борсық, Талдықұм, Маяқұм, Мойынқұм, Қошқарата, Есеншағыл құмдары.

Ырғыз ауданы бойынша: Қостанай, Қарағанды, Қызылорда облыстарымен шекаралас құмдар, бұлар — Айырқызылқұм, Сарыбұлақ құмдары, Көбен құмы, Байқұтқұм, Бандықашқан құмдары, Баршақұм, Есберлі, Жарапан, Қалдыбай, Қасқырлы, Қарадүзген, Сарыапан, Талдықұм құмдары.

Жалпы облыс бойынша 1,3 миллион гектарға жуық қиын аумақтар бар. Сол жерлерде мониторингтік жұмыстарды ұшатын аппарат арқылы жүргізсе, дұрыс болар еді. Тексеру жұмыстарын кең көлемде жүргізу үшін филиалдарға квадрациклдер қажет. Олар шөптің үстімен, сай-сала, құмды аумақтарды тексеру үшін қажет.

Төлеп ЖЕКЕЕВ,

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекеттік инспекция комитетінің республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы мекемесі облыстық филиалының басшысы.  

  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*