Басты бет » Басты жаңалықтар » Жеңіс күнгі шеру

Жеңіс күнгі шеру

Ақтөбеліктер Жеңіс күні салтанатты шеруді тамашалады. Бұл күні он мыңға жуық адам «Мәңгілік даңқ» акциясына қатысты.

Ақтөбеде 92 соғыс ардагері бар

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқандарды еске алуға арналған 72-ші салтанатты шеру Ақтөбе қаласы мен облыстың барлық ауданында ұйымдастырылды.

Жеңіс күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров бастаған топ  «Мәңгілік алау» ескерткіші алаңына барды. Бұл жерге соғыс және еңбек ардагерлері мен әскерилер, сондай-ақ қала тұрғындары көптеп жиналды. Олардың әрқайсысы еркіндікті қорғап, ұрпақтарына бейбіт күн сыйлаған Отан қорғаушыларға бас иіп, құрмет көрсетуге келді.

Салтанатты рәсімге жиналғандар соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Содан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ «Мәңгілік алау» және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды ескерткіштерінің басына  гүл шоқтарын қойды. Меймандар «Батырлар аллеясын» аралап көрді.

«Мәңгілік алау» ескерткіші алаңында өткен салтанатты рәсімде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов соғыс және еңбек ардагерлерін, жалпы ақтөбеліктерді Ұлы Жеңістің 72 жылдығымен құттықтады.

Кеңес әскерлерінің екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германияны талқандағанына 72 жол толып отыр. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Облысымызда соғысқа тартылған бірнеше жүз мың адамның жартысына жуығы төрт жылға созылған сұрапыл соғыс даласында қаза болды. Елде жесір аналар мен жетім балалар қалды. Олар аш-жалаңаш, барлығы Отан үшін, Жеңіс үшін  деген ұранмен аянбай еңбек етті.  Жеңіс жылы туған балалардың өзі қазір 72 жасқа толды. Бүгінде бастан өткен қиындықтарды көбіміз ұмытуға айналдық. Бірақ ешуақытта ескірмейтін, ұмытылмайтын, жастарымызға өмірлік үлгі-өнеге болатын нәрсе — осы күнге жеткізген әкелеріміз бен ағаларымыздың Отан алдында берген анттарының беріктігі, жанқиярлық ерліктері. Біздің Ұлы бабаларымыз қай заманда да өзінің жерін, елін сыртқы жаулардан қорғап, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтауды басты мақсат санап, ұрпақтан-ұрпаққа мирас қылып келген.

Соғыстан аман-есен елге оралған ардагерлеріміздің арамыздан сиреуі —   табиғи заңдылық. Бүгінгі күні облыс аумағында 92 соғыс ардагері бар. Олардың ең жасы 90-нан асып отыр.

Ардагерлеріміздің тұрмыс жағдайы мен көңіл күйлерін облыс басшысы Бердібек Машбекұлы жеке бақылауына алып, өз назарында ұстап отыр, — деп ол облыс әкіміне осы қамқорлығы үшін ардагерлер атынан алғыс айтты.

10 мың адам қатысқан шеру

Жеңіс күні жылдағы дәстүр бойынша облыс орталығында «Мәңгілік даңқ»  шеруі өтіп, қолдарына гүл шоқтары мен фашизмге қарсы соғысқан жандардың суреттерін ұстаған 10 мыңнан астам адам Әбілқайыр хан даңғылы бойымен жүріп өтті. Шеруге қатысушыларды облыс әкімдігі ғимараты алаңында «ГАЗ-67» маркалы әскери  көлігіне жайғасқан соғыс ардагерлері бастады. Облыс әкімі әскери көліктерге жайғасқан ардагерлердің әрқайсысын жеке-жеке құттықтап, оларға сәт сапар тіледі.  Жауынгерлерге деген құрмет пен қошемет зор болды. Бұл күні бас даңғылдың бойында әскери көріністер көрсетілді, еліміздің татулығы мен бейбітшілігінің көрінісі — халықтар достастығының бірлігін ұлттық киімдегі әртүрлі ұлт өкілдерінің жол-жөнекей соғыс ардагерлері мен шерушілерге қол бұлғап, оларға деген ерекше ықыластарынан айқын сезілді.

Шерушілермен бірге бас даңғылдың бойымен жүріп өткен  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта ақтөбеліктерді Ұлы Жеңістің 72 жылдығымен құттықтады.

Жеңіс күні  — бұл халқымыздың батырлығы мен ержүректілігінің нышаны болған мереке. Бүгін осыдан 72 жыл бұрын ең сұрапыл, қайғылы, қасіретті, ұзаққа созылған соғысты жеңген күн. Адамзат тарихында бұндай соғыс болған емес.

Ұлы Отан соғысына 120 мыңнан астам ақтөбелік қатысты. Өкінішке қарай, соның жартысы қайтпай қалды. Біздің  45 жерлесіміз ең жоғары награда —  Кеңес Одағының Батыры, Даңқ орденінің толық кавалері атанды. Ендігі біздің міндет — арамызда қатары сиреп қалған соғыс ардагерлеріне басымызды иіп, олардың қалған өмірлерінің жақсы өтуіне барлық мүмкіндікті жасау. 

Біз Отанымыздың тәуелсіздігін қорғаған аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігіне бас иіп, мақтан тұтамыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен барлық ардагерлер баспанамен, шипажайлық сауықтырумен, дәрі-дәрмекпен қамтылған. Бұл біздің олар үшін жасағандарымыздың шамалы бөлігі ғана. Біз Жеңіс сыйлаған жауынгерлердің алдында борыштармыз. 

Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері! Сіздерге ерліктеріңіз үшін алғыс айтамыз! Жеңіс үшін алғыс айтамыз! — деді облыс әкімі соғыс ардагерлеріне айтқан сөзінде.

Белгілі болғандай, Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақтөбе облысынан 122 мың ақтөбелік майданға аттанған. Оның 36192-сі үйлеріне оралған жоқ. Соғыс жылдарында Ақтөбеде атақты 312-ші атқыштар дивизиясы мен 101-ші  жеке атқыштар бригадасы құрылды. 35 ақтөбелік өздерінің теңдесі жоқ ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.

Мереке күні Бердібек Машбекұлы «Мәңгілік даңқ» шеруіне 10 мыңға жуық ақтөбеліктің бір кісідей қатысқанын, мұның өзі еліміздегі бірлік пен ынтымақтың, татулықтың жарасымды көрінісі екенін атап өтті. «Көшеде келе жатқанда кішкентай балалардың қолдарына өздерінің ата-әжелерінің суретін алып, әскери киініп тұрғаны, көңілімізге жылы  сезім ұялатты. Ертеңгі болашағымыз  үшін біз балаларымызды солай тәрбиелеуіміз керек», — деп Бердібек Сапарбаев соңғы кездері «Мәңгілік даңқ»  акциясының әлемнің 50-ден астам мемлекетінде өткізілетінін сөз етті.

Жеңіс күніне арналған мерекелік шара ақтөбелік өнерпаздардың театрландырылған көріністерімен жалғасты. Бұл күні Ақтөбенің әр түкпіріндегі демалыс саябақтарында әскери әуендер шырқалып, жұртшылық назарына соғыс жылдарынан сыр шертетін көріністер қойылды.

Тұңғыш Президент саябағында ардагерлермен бірге тұрғындар да дала асханасының шатырында жауынгер ботқасынан дәм татты.

Бәйге

Жеңіс мерекесіне орай Ақтөбе қаласының орталық бәйге алаңында ат жарысы ұйымдастырылды. Ат спорты ойындары ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бекіткен ережелерге сәйкес жүргізілді. Атап айтқанда, 17 шақырымдық аламан бәйгеге 3 жастан жоғары бәйге аттары қатыстырылды. Тоқ бәйгенің қашықтығы — 12 шақырым. Жеті шақырымдық құнан жарысқа 2 жасар бәйге аттары қосылды. Бұл күні ақтөбеліктер ұшқыр, тай жарыстарын да тамашалады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандарының айтуынша, жарыстың мақсаты — салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұлттық спорт түрлерін насихаттау, облыста ат спорты түрлерін дамытып, ұлттық ойындар мәртебесін арттыру, сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында маусым айында өтетін республикалық ат жарысына бәйге аттарын іріктеу.

Жеңістің 72 жылдығына арналған ат спорты түрлерінің жарысына көрші Қызылорда, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан әкелінген сәйгүліктер де қатысты.

Аламан бәйгеге тігілген автокөлік Лицей атты сәйгүліктің иесіне бұйырды. Жеті жасар ағылшын тұқымды сәйгүліктің иесі — атыраулық Қайырбек Баймұратов. Шабандозы — Рахат Қойшығали. Аламаннан екінші келген сәйгүлік — ақтөбелік кәсіпкер Бекбол Байжарқыновтың жылқысы. Үшінші орынның сыйлығы Батыс Қазақстан облысы атбегісінің қанжығасында кетті.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер мадақтама қағазы мен арнайы  медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аламан бәйгенің сыйлығы «Лада» автокөлігінің кілтін иесіне салтанатты түрде табыстады.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*