Басты бет » Денсаулық » Медбикелерге құрмет көрсетілді

Медбикелерге құрмет көрсетілді

12 мамыр — Халықаралық медбикелер күні. Бұл күн медбике кәсібінің негізін қалаушы ұлыбританиялық медбике Флоренс Найтингейлді еске алу мақсатында бекітілген. Атаулы күнге орай Қазақстан халқы Ассамблеясының  ғимаратында  салтанатты жиын өтті. Шараға облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарында еңбек ететін медбикелер қатысты.

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова медбикелерді кәсіби мерекесімен құттықтап 10 медбикеге облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Алғыс хатын табыс етті.  Ұзақ жылдар медицина саласында еңбек еткен 5 медбикені  облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен және 9 медбикені қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында атқарылған оң істерге тоқталды. Басқарманың Алғыс хатымен 100-ге жуық медбике марапатталды. Қызыл ай қоғамы облыстық филиалының Алғыс хатына 7 медбике ие болды. Сондай-ақ мереке қарсаңында денсаулығында ақауы бар және отбасылық қиындықтарға ұшыраған  төрт медбикеге материалдық көмек берілді.

Қазіргі таңда облыстың медицина ұйымдарында алты мыңнан аса орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде екі мыңға жуығы ауданда жұмыс істейді. Жалпы медбикелер облыстағы медицина қызметкерлерінің 71,4 пайызын құраса, науқастарды сауықтыруға қатысты жұмыстың сексен пайызы медбикелерге жүктеледі. Әсет Қалиев медбикелердің барлығы арнайы оқу орындарында біліктілігін жетілдіретінін айтты. Келер жылы енгізілетін міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық жұмыстарын жүргізуде медбикелердің еңбегі зор.

Облыс әкімінің Алғыс хатын алған теміржол ауруханасының бас медбикесі Ғани Нұқышева қуанышымен бөлісті.

Алғашқы еңбек жолым теміржол ауруханасында басталды. Хирургия бөлімінде жұмыс істедім. Күн-түн демей науқас адамдарды күттім. Өзімнен үлкен дәрігерлер мен медбикелерден  тәжірибе жинақтадым. Соңғы жиырма жылдан бері ауруханада бас медбике болып еңбек етемін. Ұзақ жылғы еңбегім еленіп, облыс әкімінің Алғыс хатына ие болдым. Бұл — еңбек адамы үшін үлкен қуаныш. Жалпы өзім еңбек ететін мекемедегі медбикелердің ауызбіршілігі мол. Барлығымыз бірігіп түрлі іс-шараларды атқарамыз. Жақында Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтасақ, мерекеге орай облыстық аурухананың алдына тал ектік, — деді.

Ал денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатына ие болған Шалқар аудандық ауруханасының медбикесі Венера Қарабасова басшылыққа алғысын жеткізді.

— Ауруханада еңбек еткеніме жеті жылдан асты. Осы уақыт ішінде зор тәжірибе жинақтадым. Жалпы қазір медбикелерге жүктелген міндет өте жоғары. Олар жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, медицинадағы соңғы жаңалықтардан да хабары болуы тиіс. Қазіргі күні ауданда міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге қатысты жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Медбикенің жұмысы оңай емес. Соңғы жылдары біздің еңбекақымыз өсті. Ай сайын қажетті заттарымызды алуға ақша бөлініп тұрады. Осының барлығы біздің жұмысқа деген ынтамызды арттыра түседі, — деді Венера Қарабасова.

Сондай-ақ биыл  «Үздік ауыл медбикесі — 2017» байқауы ұйымдастырылды. Бұған барлық аудандардан медбикелер қатысып, өздерінің шеберліктерін сынға салды. Нәтижесінде Қобда аудандық ауруханасының медбикесі Гүлжанат Байғалиева үздік атанды.

Жалпы мерекеге орай медбикелер түрлі іс-шараларды атқарды. Облыстық аурухананың алдына үйеңкі ағашын ексе, «Шағала» санаториясындағы  балаларға кеңсе тауарлары мен ойыншықтар апарып берді. Облыстың бас медбикесі Ағиба Нажекенованың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі баласы бар 14 отбасыға да қаржылай көмек көрсетілген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*