Басты бет » Денсаулық » Астана мен Алматыдан дәрігерлер келді

Астана мен Алматыдан дәрігерлер келді

Ақтөбеге Астана мен Алматы қалаларынан  түрлі бағыт бойынша дәрігерлер келіп, науқастарға көмек көрсетіп жатыр.

Облыстық балалар ауруханасына Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығынан бір топ маман келді. Дәрігерлер үш күн бойы науқас балаларды қарап, ота жасады, кеңес берді. Аталған орталықтың педиатрия бағыты бойынша директорының  орынбасары, медицина ғылымының кандидаты Гүлнар Әбділова денсаулығында күрделі ақауы бар төрт баланы қарады. Балаларды  жан-жақты тексерген соң, Алматыда емдеуге шешім шығарды. Науқас балаларға аталған ғылыми орталыққа жолдама берілді. Ал кардиохирург Дәулет Мұсағалиев жүрек ақауына шалдыққан екі балаға эндовоскулярлы әдіспен ота жасады. Ғылыми орталықтың жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлбану Бердиярова  педиатрия және онкогемотология бағытындағы өзекті мәселелер бойынша дәрігерлерге семинар өткізді.

— Алматыдан келген бұл дәрігерлер — біздің облыстың үйлестірушілері, яғни біздің өңірге жауапты  мамандар. Дәрігерлер жыл сайын келіп, осындай көмек көрсетіп тұрады. Қандай да бір мәселелер болса оның шешу жолдарын қарастырады. Бұл жолы да дәрігерлердің көп көмегі тиді. Күрделі науқасқа шалдыққан балалар Алматыға барып емделетін болды, — деді аурухананың бас дәрігері Нұрлан Қожин.

Ал қала сыртындағы  облыстық ауруханаға Астана қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы «University mediсal сentеr»  нормативтік қоры  филиалының әйелдер ауруы бөлімінің акушер-гинеколог дәрігері Балкенже Иманқұлова келді. Дәрігер үш күн бойы елуге жуық әйелге кеңес берді. Сондай-ақ бір науқасқа лапароскопиялық әдіспен ота жасады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*