Басты бет » Ауыл » Науқан қарқын ала бастады

Науқан қарқын ала бастады

Көктемгі егіс

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиевпен сөйлескен едік.

— Көктемгі егіс науқанына байланысты биылғы меже қандай?

— Жалпы егістің көлемі облыс бойынша 642 мың гектар болады деп отырмыз. Бұл былтырғы жылғыдан 74 мың гектарға көп. Оның ішінде дәнді дақыл егісі 384 мың гектар. Ол да өткен жылғымен салыстырғанда 43 мың гектарға артық. Мал азығы дақылдары, өткен жылғы егілген шөп егісін қосқанда, 206 мың гектар болады. Былтыр 170 мың гектар жерге мал азығындық дақылдар егілген еді. Сондай-ақ майлы дақылдар да биыл 2300 гектарға артық себіледі. Мұнымен бірге, осы жылы суармалы жерлерді 22 мың гектарға жеткізу жоспарланды. Өткен жылы 18 мың гектардан артық болған еді. Биылғы көктемгі егіс науқанындағы ұстанып отырған мақсаттарымыз осындай.

Қазір науқандық жұмыс облыс бойынша жаппай басталды. Ығал жабу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі күнге 262 мың гектар алқаптың ылғалы жабылды. Ырғыз, Шалқар, Байғанин аудандары ғана бізде егіс салмайды. Облыстың қалған аудандары түгел егіншілікпен айналысады. Бұрын егіс екпей келген Ойыл ауданында да соңғы екі жылда бұл сала жақсы өріс ала бастады. Биыл бұл ауданда қырлыққа тары, арпа егілуде. Мұнымен бірге, 150 гектар жерге суармалы тары егісі салынады.

Аудандарда қазір дәнді дақыл, майлы дақыл себу жұмыстары басталды. Сонымен бір мезгілде бірқатар аудандарда картоп, көкөніс  егу, бақша жұмыстары қолға алынуда.

Жанар-жағармай мәселесінде проблема жоқ.

— Бұқаралық ақпарат құралдарында көктемгі науқандық жұмыстар кезінде жанар-жағармайдың қымбаттағаны айтылып жүр…

— Қымбаттау еркін рынокта болды. Ал бізге Ауыл шаруашылығы министрлігі науқандық жұмыстарға қажетті 8800 тонна дизель отынын бөлді. Оның бір литрінің бағасын 113 теңгеден жіберіп отыр. Ол тек қана ауыл шаруашылығы құрылымдарына арналған.

— Шаруашылықтар осы жанар-жағармайды алып жатыр ма?

— Алып жатыр. Бүгінгі күнге 3 мың тоннадай алды. Шаруашылықтар үшін дизель отынынан ешқандай тапшылық жоқ. Жанар-жағармайды шаруашылықтар керегінше ала алады. Рынокта дизель отынының литрі 130-140 теңге болса, біз 113 теңгені тұрақты ұстап отырмыз. Бұл тек қана егіншілікпен шұғылданатын шаруашылықтарға жасалатын жеңілдік. Дизель отыны облысқа келіп тұр, қайталап айтамын, одан ешқандай проблема жоқ.

Агросервис  жүйесі арқылы гербицидтер, тыңайтқыштар алынуда. Мысалы, Әйтеке би ауданы 180 тонна тыңайтқыш алды. Облыс бойынша 475 тонна тыңайтқыш келді. Ақтөбе қаласы, Қарғалы, Алға аудандарының шаруашылықтарына тыңайтқыш барды.

— Көктемгі егіс науқанының  облыста басталғанын білдік. Алайда соның қазіргі барысы туралы нақтырақ айтып өтсеңіз?

— Көктемнің кеш шығуына байланысты науқан енді басталып жатыр. Бүгінгі күнге облыс бойынша 16 мың гектар арпа, 5 мың гектар бидай, 3 мың гектардай майлы дақылдар, 1000 гектардан астам мақсары, 400 гектар зығыр, 3 мың гектар шамасында мал азығындық дақылдар егілді. Бұдан басқа 200 гектар картоп, 150 гектар көкөніс, 110 гектар жерге бақша салынды.

Ауылшаруашылық басқармасы жалпы көктемгі егіс науқанын облыс бойынша 30 мамырға дейін аяқтауды ұсынып отыр. Мұғалжар, Темір, Ойыл, Алға аудандары 25 мамырдан ұзатпау керек.

— Қобда ауданының егіншілері 15-16 мамырға аяқтамақ…

— Қобда ауданында науқан ыждағатты басталды. Қазір 2 мың гектардан артық дәнді дақыл егілді. Барлық егісінің көлемі 29 мың гектардың шамасында. Жұмыла кірісіп, осы қарқынды ұстаса сол шамада аяқтап қалуы әбден мүмкін.

Егістің көлемі Әйтеке би ауданында көп. Олардың бүгінгі күнге еккені 4 мың гектар. Терістіктегі аудан болғандықтан, оларда науқан кештеу басталады. Қарғалы, Хромтау аудандарының да терістік беттері жайлау бастайды. Олар енді-енді кірісіп жатыр. Көктемгі егісті алғашқы кезекте бастаған оңтүстіктегі Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда аудандары.

— Маман ретінде егіншілік саласы үшін жыл қалай болады деп ойлайсыз?

— Жаз қалыпты болады деп үміт күтеміз. Қазіргі жерде бар ылғалдың өзі кемінде орта есеппен 6-7 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Тек технологияны сақтап, егісті уақытында егу керек. Егер бұған қосымша жауын-шашын болса, әлдеқайда жоғары өнім алуға болды. Маусым, шілде айлары шешеді. Әйтеке би, Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандарында қазір ылғал бар.

Біз бір апта бұрын біраз аудандарды аралап шықтық. Сонда байқағанымыз, осы соңғы айтқан аудандарымызда ылғал бар, кей жерде оның мөлшері 1 метрге жетеді. Мысалы, соңғы екі жылдан бері Әйтеке би ауданында егісті жаңа әдіспен, яғни сабағын қалдырып, басындағы дәнін ғана қалқытып шауып алу жүзеге асырылып жүр. Сосын ол жерлер күзде бұрынғыдай аударып өңделмей жыртылған. Міне, осындай алқаптарда ылғал күшті сақталған. Себебі, егістің орылмаған сабағы қар ұстайды, екінші, күзде тіліп өңделген жерге ылғал жақсы сіңген. Осындай әдісті бұл ауданда «Құмқұдық», «Комсомол», «Еңбек даңқы» шаруашылықтары  пайдаланып отыр.

Сұхбаттасқан Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*