Басты бет » Жастар » Далалық оқу-жаттығу жиыны басталды

Далалық оқу-жаттығу жиыны басталды

Әскери дайындық

Ақтөбе қаласындағы «Достық» әскери-спорттық сауықтыру лагерінде оқушылар арасында далалық оқу-жаттығу жиынының ашылуы өтті. Шараның алғашқы төрт күнінде бұл жиынға 651, ал 15-18 мамыр аралығында 591 оқушы қатысады.

Қала мектептерінің 10-сынып оқушылары алғашқы әскери дайындық пәнінің бағдарламасына сәйкес, азаматтық қорғаныс және тактикалық даярлықты меңгеруі тиіс. Екі ауысымдық оқу-далалық жиынына барлығы 1242 бозбала қатысқалы отыр. Ал медициналық даярлық сабақтарына 1622 қыз бала, денсаулығына байланысты оқу-далалық жиынынан босатылған 140 ер бала қатыстырылады. Медициналық сабақтар мектептерде ұйымдастырылмақ.

Оқу-жаттығу жиыны кезінде әскери-спорттық сауықтыру лагерінің  уақытша басшы құрамы жасақталды. Сондай-ақ әскери жетекшілер құрамынан батальон, рота, взвод командирлері тағайындалды.

Ақтөбе қалалық білім бөлімі және қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен оқушыларды болашақта әскер қатарына даярлау мақсатында оқу-жаттығу жиыны басталды. Бұл — жыл сайын еліміздің барлық аймақтарында өткізілетін дәстүрлі шара. Оқушылар саптық дайындық, атыс түрлері, басқа да алғашқы әскери дайындық пәнінің тарауларын тәжірибе жүзінде меңгереді, — дейді қалалық білім бөлімінің алғашқы әскери дайындық пәнінің әдіскері Серік Сраж.

Шараның ашылуы кезінде Сазды орта мектеп оқушыларының үрлемелі аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, №56, №33 мектептердің оқушылары қоян-қолтық ұрыс жекпе-жегінен көріністер ұсынды.

Оқушыларды атыс қаруымен және атыс патрондарымен 30238-әскери бөлімі қамтамасыз етеді. Ал автоматты атыс жүргізу 6655-әскери бөлімінің атыс полигонында жүргізіледі.  Ақтөбе қаласының жергілікті полиция қызметкерлеріне құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттері жүктелді. Сондай-ақ қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен әскери-қолданбалы спорт түрлерінен бірқатар жарыстар өткізілетін болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*