Басты бет » Мәселе » Биыл Шалқар көліне 50 мың шабақ жіберіледі

Биыл Шалқар көліне 50 мың шабақ жіберіледі

Бірақ көл табанын тазалау мәселесі әлі сол күйі қалып отыр…

 Осыдан бір ғасыр бұрын халық игілігі үшін бөгелген Шалқар көлінің қазіргі жағдайы мүшкіл. Көл таязданып, табаны батпаққа айналған су айдыны үлкен проблемаға айналып отыр. Соңғы жылдары айналасына қамыс өсіп, балық қоры азайып кеткен.  Көлдің экологиялық жағдайы бірнеше рет республика деңгейінде  көтерілгенімен проблема әлі сол күйінде. Көлдің ахуалына бейжай қарамаған жергілікті кәсіпкерлер іске кірісіпті.

СУДЫ ҮНЕМДЕУ КЕРЕК

Шалқар көлі — жасанды су айдыны.  ХХ ғасырдың басында Шалқар қаласын қуаңшылықтан сақтау және теміржол магистралын пайдалану үшін бөгет арқылы тұйықталған. Көл — әлі күнге дейін халықтың тіршілік көзі. Былтырдан бастап көлді  жергілікті кәсіпкер Ғанибек Сұлтанов он жылға жалға алыпты. Бір жылдың ішінде кәсіпкер біраз шаруаны тындырған.

— Соңғы жылдары көлге айтарлықтай мол су келген жоқ. Егер көл толса, шлюздегі 34 шандорды ашып, суды ағызуға болады. Жалпы көлдің айналасында екі жайылым су бар, яғни екі көлшіктің аумағы — 300 гектар. Оған 7 миллион текше метр су сияды. Ал Шалқар көлінің  көлемі 1000 гектардан асады. Қазір көлдің сыйымдылығы — 24 миллион текше метр. Ілгеріде бұдан бірнеше есе көп болды.

Қазір көлге қатысты екі проблема бар. Бірінші мәселе — көлдің оңтүстік жағына бөгет салу. Бұл шаруа  қазір жартылай шешіліп тұр. Көктемде су тасыған кезде су көне Шалқар көліне дейінгі, яғни екі жайылым көлшікке ағады. Сумен бірге балық та кетеді. Сондықтан су мен балық басқа жаққа кетпей, көлге келу үшін былтыр бөгет салдық. Мемлекеттің ешқандай көмегінсіз жергілікті кәсіпкерлер, оның ішінде теміржол мекемелерінде істейтін азаматтар бар, барлығымыз бірігіп,  бөгетті тұрғыздық. Өткен жылы соның арқасында 130 мың шабақты құтқарып қалдық. Яғни бөгетке кеткен шабақты аулап, қайтадан Шалқар көліне жібердік. Болашақта  бөгет салынған аймақта балық шаруашылығын дамытуға болады. Жалпы көлдің оңтүстік бөлігі біршама қалыпқа келді. Ал енді екінші мәселе — көлдің солтүстік бөлігі. Бұл жағына да бөгет салынуы керек. Жазғытұры балық ағысқа қарай жүзеді. Су тасыған кезде жүз шақырымға дейін, яғни Бершүгірге дейінгі аумаққа кетіп қалады да, көл бос қалады. Ал оның көлде қалған шабағы өскенше тағы екі-үш жыл керек. Сондықтан балыққа тосқауыл қою керек, — деді Ғанибек Сұлтанов.

Кәсіпкер көлді сақтап қалу үшін қыруар шаруа атқарылу керектігін айтады. Әсіресе тұрғындар суды үнемдей білуі тиіс. Қазір Шалқар көлінен бау-бақша өнімдерін егетін  8 шаруашылық су алып отыр. Биыл тағы екі шаруа қожалығы ашылмақ. Бұдан басқа бақша өнімдерін егетін жеке адамдар бар. Су алатын үш құбыр жұмыс істеп тұр. Қала ішіндегі кейбір мекемелер көл суын  техникалық мақсатқа пайдаланады.

Көл суын пайдалану  керек. Барлығы халық игілігі үшін жасалған нәрсе. Бірақ ысырап болмауы керек. Судың да сұрауы бар. Оңды-солды пайдаланудың соңы жақсы болмайды. Соңғы жылдары көл суы тіпті азайып кетті. Қазір Қауылжырдан аздап су келіп жатыр. Бірақ Сулыкөл жақтағы сайдан келетін су далаға ағуда.  Бұрын сол маңдағы құбыр жабылып,  су көлге құйылатын. Өткен аптада арнайы барып қарадым, құбырды біреулер ашып кеткен. 1 миллион 200 текше метр су далаға ағып кетті. Осындай келеңсіздіктердің барлығы көл суының азаюына әкеліп отыр. Биыл көл толған жоқ. Қазір бөгеттегі өлшеуіш құрал 1 метр 80 сантиметр су деңгейін көрсетіп тұр. Көл көрсеткіш 2 метр 20 сантиметр болғанда толады, — дейді кәсіпкер.

БАЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ КӨБЕЙТЕМІЗ?

Көл суы азайған соң бұндағы балықтың да қоры  кеміген. Осыдан екі жыл бұрын Мұғалжар тауынан судың аз келуіне байланысты балық қырылды. Көл таязданып, түбінде шалам пайда болды. Қышқыл газ көбейіп, соңы балықтың өлуіне әкелді. Ұзындығы 1,5 метр, салмағы 27 келі  болатын дөңмаңдай балығы түгелдей қырылып қалды. Ғанибек Сұлтанов егер көлдегі балықтың қорын осы бастан көбейтуді қолға алмаса, алдағы екі-үш жылдықта тіпті жойылып кетуі мүмкін екенін айтады.

— Қазір көлде балықтың төрт түрі бар. Олар — сазан, табан, алабұға, ақ қайран. Осылардың ішінде 72 пайызы табан балығы болса, халық жиі тұтынатын сазан балығы 5-ақ пайыз болып отыр. Қазіргі менің мақсатым — балықтың қорын молайту, оны нарыққа шығару, ауланған балықтың орнын толтырып отыру. Егер көлде балық мол болса, халық оны өзге жақтан тасымайды.  Әрбір үйдің дастарқанында балық тұрады.  Мен осы мақсатта жұмыс істегім келеді. Жоспарларым да бар. Қарғалы ауданына қарасты «Ардағым» шаруа қожалығынан және Арал ауданы Қамбаш көлінен 50 мың тұқы балығынның шабағын  аламын. Жақын күндері балықтың бір бөлігі келеді. Бір шабақтың бағасы — 50 теңге. Ал 50 мың шабақ алу үшін 2,5 миллион теңге керек. Зейнеткер болсам да осы қаржыны табуға бел будым. Ал балық шаруашылығына субсидия қарастырылмаған, — дейді кәсіпкер.

50 мың шабақты көлге жібергеннен кейін екі жылға дейін оны аулауға мораторий жарияланады.  Халық  балықтың өзге түрін көлдің басқа бөлігінен аулайды.

— Осылайша алдағы үш жылдықта балықтың бұрынғы  қорын қалпына келтіруге болады. Ол үшін солтүстік жағына тағы бөгет салып, балықты әрі қарай жібермеу керек. Сол кезде көлде балық тулап жатады. Жалпы балық аулауда халықтың сана-сезімі, мәдениеті  жоғары болуы керек. Тұрғындар көлден балық алуды емес, оған беруді де ойлауы керек. Яғни, ауланған балықтың орны толып отыруы тиіс. Сонда ғана тепе-теңдік сақталады. Әр тұрғын қоршаған ортаға зиянын тигізбей жүруді үйренсе екен. Менің басты мақсатым — осы, халықтың көлге деген жанашырлығын ояту.  Азаматтар көлдің айналасын ластамасын,  балықты жолдама арқылы ауласын дегім келеді. Осыған тұрғындарды үйретіп жүрмін, — дейді кәсіпкер.

Қазір балықтардың уылдырық шашатын мезгілі болғандықтан маусым айына дейін көлден  балық аулауға тыйым салынған.

КӨЛ ТАБАНЫ БАТПАҚҚА АЙНАЛЫП БАРА ЖАТЫР

Ілгеріде Шалқар көлінің сыйымдылығы 50 миллион текше метрге дейін жетіпті. Қазір бұл бірнеше есеге кеміген. Көл таязданып, батпақ пен балдыр көбейген. Көл пайда болғаннан бастап, бірде-бір рет тазарту жұмыстары жүрмепті. Мамандардың айтуынша, жасанды су айдыны елу жылда бір рет тазартылуы тиіс. Адамның көмегі болмаса табанындағы батпақты тазартуға көлдің өз күші жетпейді. Ал дәрменсіз күйге түскен көлге көмектесуге жергілікті билік қауқарсыз.  Себебі бұл үшін қыруар қаржы керек.  Осыдан 5-6 жыл бұрын  мәселе бірнеше рет жауапты министрліктердің назарына ұсынылғанмен проблема шешілмеді. Шалқар қаласының әкімі Сұлтан Жұмановтың айтуынша, қазір бұл шаруамен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасы айналысып жатыр. 2009 жылғы мәлімет бойынша, көлдегі батпақ пен балдырдың көлемі 600 гектар жерді алып жатыр. 24 гектар жерге қамыс өскен. Сол кезде көлді тазарту жұмыстары 1 миллиард 500 мың теңгеге бағаланған. Көлді үш кезең бойынша тазарту жобасы жасалған. Алайда бұл жоба жүзеге аспады. Содан бері көлдегі батпақ пен балдырдың көлемі бірнеше есеге өскені анық.

Соңғы 10-15 жылда көл тіпті таязданып кетті. Көлдің ортасына дейін кешіп баруға болады. Былтыр су мол келіп, шлюздің 18 шандорын аштық. Сол кезде ағын сумен келген батпақтың иісі сұмдық болды. Айналаны түгел алып кетті. Егер жыл сайын су мол келіп, шлюз ашылатын болса, табанындағы батпақ та шайқалып шығар еді.  Ал көлді тазартуға жергілікті жердің күші келмейді.  Егер көлді тазартпаса, оны тіршілік көзі ретінде тұтынып отырған халықтың да жағдайы қиындайтыны рас, — деді Шалқар қаласының әкімі.

Ал кәсіпкер Ғанибек Сұлтанов қаржы болса, көлді тазарту қиын еместігін айтады. Бұл үшін қазір техниканың түрі көп, жалға алуға болады.

— Көлдің табаны таязданғасын, судың да сапасы өзгереді. Түбі сорланып, батпаққа айналады. Жыл сайын көлдің табанына 20-50 миллиметрге дейін лай жиналып жатыр. Лай кетсе, су мөлдір болады. Айналасына қамыс та өспейді. Ал осының барлығын тазарту үшін тек қаржы керек. Қазір қамысты шабуға рұқсат берді. Тұрғындар шауып, әртүрлі мақсатқа пайдаланып жатыр, — дейді кәсіпкер.  

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

10 пікір

  1. Ия, Шалқар көлінің жағдайы келелі мəселе. Көлдің маңыздылығы тек қана жергілікті тұрғындарға ғана емес, мемлекеттік денгейде мəн берілуі тиіс. Мақаладағы Шалқар көліне тиісті проблемалар өте өзектілі жəне көп жылдар бойы шешімсіз қалуда. Əлі де кеш емес, сондықтан көпшілік болып тиімді шаралар қабылдау керек. Тиісті мемлекеттік органдардың назарын аудару қажет. Еліміздің су ресурстарын қорғауымыз керек. Мемлекеттік органдардың дұрыс шешім қабылдап, тез арада шараларды жүзеге асыратынына сенеміз, бірəқ өзімізде бос отырмайық, ағайын!

  2. Успехов Вам в этом благородном деле по возрождению и сохранению озера Шалкар. Местное руководство должно поощерять такого рода деятельность, и всячески поддерживать!

  3. Оте жауапты жумыс! Барекелды осы кол жанарып жайнап турса нур устыне нур болар еды! Коптен бери кол шаруасы караусыз калган еды. Куаныштымыз.

  4. Это хорошо что есть такие люди, которым не безразлична проблемы озера! Надо поддерживать таких людей. Ведь на самом деле озеро уже давно в ужасном состоянии. Оно обмельчало и в нем столько мусора. Поэтому считаю что местные власти не должны оставаться в стороне и оказать всяческую поддержку в этом деле. Успехов!

  5. Большая проблема озера шалкар требует серьезных решений.

  6. Возрождение озера это очень благое дело, ведь на протяжении стольких лет служит источником хлеба, местом отдыха для жителей нашего города. Конечно, хотелось бы, чтобы и жители города принимали участие… Удачи вам, думаю у вас все получится!

  7. Әрине, өте орынды қозгалган жумыс!! Шалқар көлі жергілікті жұрттың мақтанышы және тіршілік көзі! Көл табаны тазарса, балық шаруашылығын дамытуға болар еді. Шалқардың қазіргі жағдайын бугін дұрыстамасақ, ертең кеш болуы әбден мумкін!!

  8. Табигат анамызды коргау,аялау ар азаматымыздын миндети,ал осындай иги иске басын бурап ат салысып отырган агамызга тилейтиним алга койган максатыныз жузеге ассын!!!

  9. Иа осындай icтер табигатты коркейтуге , байытуга улкен роль аткарады! Осылай жалгаса берсе колдеремиз бай бола туседи. Осындай истер Казакстаннын табигатын коркейтеди!!

  10. Алтай Жиенбаевич Шарбаков

    Дорогие земляки, радостно, когда читаешь о благородном деле предпринимателй и жителей нашего города по восстановлеғию экосистемы озера, зарыбления и других мероприятиях. Один Г.Султанов и его команда мало что сделает, поэтому, горожане, особенно райакимат должны принять непосредственное участие в развитии и обустройства нашего озера, дальнейшего укрепления благосостояния экосистемы ради наших детей и потомства.Все мы, ваши земляки, далеко живущие от родной земли болеем за наш Шалкар! Д.м.н., проф. Академик МАНЭБ, академик Академии Валеологи Алтай Шарбаков

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*